2025 жылғы 24 маусым күні Астанадағы «SALBEN ASTANA» ЖШС және “Алкон+” ЖШС кәсіпорындарында жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселелері бойынша түсіндіру шаралары өтті.
Кездесуге Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының заңгері Азамат Менсейітов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің өкілі Рустам Жандосов, Сарыарқа аудандық прокуратурасының өкілі Будур Ахметова қатысып, жұмыс берушілер мен жұмысшыларға еңбек заңнамасы нормаларының негізгі талаптарын жан-жақты түсіндірді.
Сондай-ақ еңбек шарттарын заңға сай рәсімдеу, жалақыны уақтылы төлеу, еңбек қауіпсіздігін сақтау сынды маңызды мәселелер бойынша кеңес берді.
Іс-шара соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, нақты жағдайларға байланысты практикалық кеңестер ұсынылды.Түсіндіру жұмыстары өндірістік ұжымдарда еңбек қатынастарын құқықтық тұрғыда сауатты ұйымдастыруға және еңбек дауларының алдын алуға ықпал етуге бағытталған.
Астана қаласы бойынша осындай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да басқа өндірістік кәсіпорындарда тұрақты түрде өткізілетін болады.