«Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында кәсіподақ белсенділері Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдау мақсатында жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеру, білімі мен біліктіліктерін арттыру үшін 1-ші күні Ақтөбе ферроқорытпа зауыты Механикалық жөндеу цехында дәнекерлеушілер, 2-ші күні Автокөлік цехында «КамАЗ» және жүк тиейтін көлік жүргізушілер, 3-ші күні Электр цехында электромонтерлер арасында «Өз мамандығының үздігі» байқаулары өткізілді. Байқауда зауытта еңбек етіп жүрген 8 дәнекерлеушілер, 8 КамАЗ, 8 жүк тиейтін көлік жүргізушілер, 8 жоғарғы вольтпен жұмыс істейтін электромонтерлер өздерінің кәсіби біліктіліктері бойынша өзара сынға түсті.
Қатысушылар бірінші теориялық сұрақтарға жауап беріп білімдерін шыңдаса, екінші турда өздеріне берілген тапсырмаларды практика жүзінде шеберліктерімен ұштастыра білді.
Байқау барысында дәнекерлеуші, электромонтер және көлік жүргізушілер сынды маман өкілдері өздерінің күнделікті атқарып жүрген қызметтерін теориялық және тәжірибелік жағынан көрсетуге мүмкіндік алды. Зауыттың жетекші мамандарынан құралған әділқазылар алқасы үздіктерді анықтау барысында техника қауіпсіздігін ескере отырып олардың кәсіби машығы, берілген тапсырмаларды сапалы әрі жылдам орындау сияқты мәселелерге назар аударды.
Кәсіподақ ұйымының бастамасымен бастау алған іс- шара барысында төрағаның орынбасары Жиенай Тілешев барлық қатысушыларға өндірістегі адал еңбектеріне алғыс білдіре отырып сәттілік тіледі. Байқауға білімі мен өндірістен жинаған іс-тәжірибелерін әріптестерімен бөлісуге келген дәнекерлеушілер теориялық сұрақтарға 15 минуттың ішінде жауап беріп, практика жүзінде екі пластинканы теп-тегіс біріктіріп дәнекерлеп өз шеберліктерін көрсете білді.
Үздік дәнекерлеуші аталымы бойынша:
1-орынды Механикалық жөндеу цехының дәнекерлеушісі – Арман Сыздыкбеков;
2-орынды Металлургиялық құрал-жабдықтарды жөндеу цехынан – Вадим Скуковский;
3-орынды Автокөлік цехының дәнекерлеушісі – Марат Суатов иеленді.
– «Өз мамандығының үздігі» байқауы біздің компания көлемінде жиі ұйымдастырып отырамыз. Сайысты ұйымдастырудағы басты мақсатымыз жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеру, құрмет көрсету, білімі мен біліктілігін арттыру, кәсіби шеберліктерін шыңдау және өзара іс-тәжірибелерін бір-бірімен бөлісу болып табылады. Бұл байқау – жай ғана жарыс емес, ол компанияның өз жұмыскерлеріне деген құрметін және олардың кәсіби деңгейін паш ету, жас мамандарға үлгі ету деп білемін. Әрине, жарыс болған соң бірі жеңіп, бірі жеңіліс табатыны мәлім. Жарыс барысында цех ұжымдары сайысты жоғарғы деңгейде ұйымдастырған, қатысушы жұмыскерлердің ынта-жігері, өз кәсібіне деген сүйіспеншілігі, құлшынысы, жауапкершілігі маған қатты ұнады. Бүгін міне үздіктердің қатары жаңа есімдермен толығып, көңілімізге қуаныш ұялатты. Өндірісте қиындығы мен қызы қатар жүретін жұмыскерлерге әрдайым қауіпсіз әрі табысты еңбек тілеймін, – дейді бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Жиенай Тілешев.