ҚРКФ бастамасымен жүріп жатқан «Бізге қандай кәсіподақ керек?» акциясы аясында Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығының мәжіліс залында кәсіподақ жастарымен кездесу өткізілді. Кездесудің мақсаты- жастар арасында жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, жас кәсіпқойлар қауымдастығын қалыптастыру, сондай-ақ кәсіпорындар мен ұйымдарда жастар кеңестерін дамыту, жұмысшы жастар арасында белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру болып табылады.
Кездесуге Қызылорда облыстық аумақтық бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев және «Келешек» Жастар кеңесінің мүшелері қатысты.
Ашық диалог форматында өткен жиында қатысушылар кәсіподақтың қазіргі хал-ахуалына көз жүгіртіп, болашағына қатысты ой-толғаулар жүргізді.
Шара барысында «Келешек» Жастар кеңесінің мүшелері келесі ой-пікірлерімен бөлісті:
– «Бізге сенімді және күшті кәсіподақ керек.»- деді «Jas Orda» Жастар кеңесінің төрағасы Дінмұхаммед Жұмабек.
– «Кәсіподақ біз үшін бірлік пен әлеуметтік әділеттіліктің негізін қалаушы күші. Еңбекші жастардың үні кәсіподақ арқылы естіледі.»-деді «Жас Қанат» жастар кеңесінің мүшесі Бекзат Махмудова.
– «Жастар бәсекеге қабілетті болуы үшін өмір дағдысында өте білімді болу қажет екендігін айта отырып, кәсіподақ жақсы адамдармен бірге жүру мүмкіндігін беретіндігін бастауыш кәсіподақ төрайымы Айжан Әлиева жеткізді.
Жоғарыда айтылған ой-пікірлерді қорытындылай келе, жастардың кәсіподаққа келуі, кәсіподаққа мүше болуының тиімді тұстарын жеткізе отыра, Жастар әлеуетін көтеретін платформа беретін кәсіподақ керек екендігін Қызылорда Облыстық ұйымының Жастар кеңесінің мүшесі Гүлнұр Бақытова атап өтті.
Диалог алаңында басқа да «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері өз ой-пікірлерімен бөлісті. Шара барысында айтылған барлық ұсыныстар мен пікірлерді түйіндей келе, еңбекшілердің жағдайын жақсарту мақсатындағы кәсіподақтардың қызметтерінің қағидасына сәйкес ұстанатын ұстанымдар мен жүргізілетін жұмыстар жөнінде қарар қабылданды.