Халық мүддесі үшін еткен еңбек мәртебелі

Кез келген қоғамда мемлекеттік қызметшілердің атқаратын рөлі – ерекше. Мемлекеттік қызмет – барлық басқару жүйесіндегі жетекші рөл атқаратын мемлекеттің ең маңызды тетіктерінің бірі. Турасынан айтқанда мемлекеттік қызметші – биліктің биік бейнесін танытып, іскерлік қабілетін көрсететін тұлға, мемлекеттік саясатты алға жылжытатын қозғаушы күш болып табылады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметші – елдің бірлігіне, тұрақтылығына, татулығына дем беретін, халықтың қамын ойлайтын әділдігімен, қайырымдылығы қатар жүретін тұлға. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет.  Елімізде 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні 2014 жылдан бастап аталып өтеді. Мерекеге орай Қызылорда облысы көлемінде салтанатты шаралар өтті. Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласында өткен мерекелік салтанатты шараларда «Қызмет» салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалының «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін»  төсбелгісімен Жетікөл ауылдық округінің әкімі Өмірбек Тоқпамбетов, Шиелі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің  сектор меңгерушісі Айнаш Сейтжапбарова, Бірлік ауылдық округінің әкімі Өміртай Өтеп-Әлі, Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің әкімі Абай Рыстығұл, Аламесек ауылдық округінің әкімі Дәулеткерей Тәжібаев, Арал ауданы әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас инспекторы Ардақ Ерекеева, Қарауылтөбе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ләззат Тұрғанбаева марапатталды.

Марапатталушылардың мемлекеттік қызметте 20 жылдан бастап 32 жылға дейін еңбек өтілі бар, адал еңбек етіп, халық сенімінен шығып жүрген мемлекеттік қызметшілер, кәсіподақ мүшелері. Олардың Жаңа Қазақстанды құруды мұрат еткен жасампаз халқымыздың жарқын болашағы жолында атқарып жатқан жұмыстары мен еліміздің өркендеуі мен ел игілігі жолындағы жауапты қызметтері толағай табысты болғай.