“Съезд делегаты”: Гүлзия Шарипова-Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының делегаты

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII Съезінің делегаты – ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары білікті маман, отамалы дақылдардың бас агрономы Гүлзия Арманқызы Шарипова 2020 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы дақылдарын сорттық сынау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы» мекемесінде еңбек етіп келеді.

Кәсіподақ қозғалысына 2020 жылдан бастап белсенді араласып, бүгінде Салалық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподақ жастар ұйымының төрайымы қызметін атқаруда. Өз жұмысында жоғары жауапкершілік пен кәсібилікті көрсете білген Гүлзия Арманқызы кәсіподақ қозғалысын дамытуға елеулі үлес қосып келеді.

«Менің мамандығым – ерекше.Агрономия – бұл биология, химия, экология және жер туралы түрлі ғылымдарды қамтитын кешенді сала.Ол ауыл шаруашылығындағы маңызды құбылыстарды терең зерттеуді талап етеді. Ауыл шаруашылығы мамандары жан-жақты білімге ие болуы тиіс», — дейді ол.

Гүлзия Шарипова өз ісіне адал, білімге құштар, үнемі ізденіс үстіндегі маман ретінде ерекшеленеді.Университетте оқып жүрген кезінде оның ғылыми мақаласы халықаралық деңгейде үздік шығарма ретінде танылып, үлкен жетістікке жеткен болатын.Ол — Ауыл шаруашылығының ғылымдарының магистрі  дәрежесіне ие және ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын бағалау бойынша сарапшы-талдаушы ретінде танылған.

2022 жылы ол Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған “Өзгерісті өзіңнен баста!” республикалық жастар форумына қатысып, жастардың әлеуетін арттыру және әлеуметтік-еңбек мәселелерін шешуге бағытталған курсты табысты аяқтады.

2024 жылы Гүлзия Шарипова «Еңбек эволюциясы: Климат, Құзыреттілік, Код» тақырыбында өткен халықаралық жұмысшы мамандықтары жастар форумына делегат ретінде қатысып, PR, SMM және жобалық менеджмент негіздері бойынша тренинг-семинарда біліктілігін арттырды.

Адал еңбегі мен кәсіби жетістіктері лайықты бағаланып, 2023 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, ал 2024 жылы «Еңбек даңқы» III дәрежелі төсбелгісімен марапатталды.

Гүлзия Арманқызы Шарипова — ауыл шаруашылығы саласындағы жас көшбасшылардың бірі, білімімен және белсенді азаматтық ұстанымымен жастарға үлгі бола білетін кәсіби маман.