“Съезд делегаты”: Жандос Шайдулла – Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының делегаты

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII Съезінің делегаты – Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облысы бойынша қоғамдық бірлестігінің төрағасы, салалық кәсіподақтың белсенді мүшесі Жандос Шайдулла 1978 жылы 15 қазанда Түркістан қаласында дүниеге келген.

1995–2000 жылдары аралығында М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, кейін Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін тәмамдап, заңгер және инженер-технолог мамандықтары бойынша жоғары білім алды. Сонымен қатар бухгалтерлік есеп, бақылау және шаруашылық қызметті талдау саласында да біліктілікке ие.

Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласында Оңтүстік-Шығыс көлік полиция басқармасында инспектор болып бастап, кейін Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл облыстарында экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес саласында аға инспектор болып жұмыс істеді. Бұдан кейінгі кезеңде жекеменшік секторда басшылық қызметтерді атқарып, құқықтық және экономикалық қауіпсіздік бағытында ауқымды жұмыстар жүргізді.

2020 жылдан бастап қазіргі күнге дейін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымын басқарып келеді. Осы мерзім ішінде өңірдегі білім саласы қызметкерлерінің құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау жолында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Оның бастамасымен әлеуметтік әріптестік аясында ұжымдық шарттар жетілдіріліп, сала қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсарту бағытында нақты шаралар қабылданды.

Қоғамдық қызметте де белсенді:2016 жылдан бастап Шымкент қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, 2021 жылдан бастап Түркістан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің Қамқоршылық кеңесіне мүше.

Оның кәсіподақ жүйесіндегі еңбегі Бауыржан Момышұлының «Батыр Шапағаты» медалі, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасы, Түркістан облыстық мәслихаты мен облыс әкімінің Құрмет грамоталары және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алғыс хатымен бағаланған.