2019 жылдың 27 желтоқсанында Мемлекет басшысы қол қойған «Педагог мәртебесі туралы» Заң – ұстаздар қауымы көптен күткен маңызды құжат болды. Бұл заң алғаш рет мұғалімдердің құқықтары мен мәртебесін, әлеуметтік жағдайын заңды түрде бекітіп, олардың қоғамдағы рөлін арттырды.
Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымдары, соның ішінде Атырау облыстық ұйымы да осы Заңның орындалуын жіті бақылауда ұстап келеді. Кәсіподақ бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарып, нақты нәтижелерге қол жеткізді.
Алайда заңның 4-бабындағы 5-тармаққа сәйкес, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және магистр дәрежесі бар педагогтерге қосымша ақы төлеу қарастырылғанымен, бұл талап Атырау өңірінде толық орындалмай келген. Кәсіподақ бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, барлық мүмкіндікті пайдаланғанымен, нәтиже болмаған соң, сотқа жүгінуге мәжбүр болды.
2025 жылдың 27 наурызында Атырау қалалық соты кәсіподақтың талабын қанағаттандырды. Сот шешімі бойынша, №4 Ю.А. Гагарин атындағы мектеп магистр дәрежесі бар мұғалім Махамбет Дөнентаевқа 789 576 теңге көлемінде берешек еңбекақысын төлеуге және алдағы уақытта заңда көрсетілген қосымша ақыны тұрақты түрде беріп отыруға міндеттелді.
Алайда сот шешімі шыққанына үш ай өтсе де, мектеп директоры Г.Ахметкалиева шешімді орындауға асығар емес. Осыған байланысты кәсіподақ ұйымы Атырау облысы Әділет департаментіне мәжбүрлеп орындату туралы өтініш жіберіп, атқару өндірісі басталды.
Айта кетейік, ҚР Азаматтық процестік кодексінің 21-бабына сәйкес, соттың заңды шешімдері барлық мемлекеттік мекемелер мен азаматтар үшін міндетті және Қазақстанның бүкіл аумағында орындалуға тиіс.