ҚРКФ Бас кеңесі: Сатыбалды Дәулеталин – Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы төрағалығына жалғыз кандидат

4 шілде, жұма күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің төрағалығымен бейнеконференция форматында ҚРКФ Бас кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында алдағы XXVII Съезге дайындықтың ұйымдастырушылық мәселелері қаралып, келесі бес жылға арналған даму бағыты таныстырылды.

Отырыс аясында 2020–2025 жылдар аралығындағы Қазақстан Республикасы  Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің есебі мен 2025–2030 жылдарға арналған қызмет стратегиясының жобалары мақұлданды.

Құжаттарды таныстырған ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев бұған дейінгі съезде қабылданған «Бірлікте – әділет пен дамуға» атты 2020–2025 жылдарға арналған Стратегия толық іске асқанын атап өтті.

«Еңбек қауіпсіздігі, еңбекақы, заңнамалық бастамалар мен оқыту салаларында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Кәсіподақтарға деген қоғамдық сенім артып, цифрлық арналар мен өзекті тақырыптарды – лайықты еңбек, қауіпсіз еңбек жағдайлары, гендерлік және жастар саясатын дамыту арқылы қолдау тапты. Жаңа мүшелерді тарту мен бастауыш ұйымдарды құрудың арқасында соңғы бес жылда Федерация мүшелерінің саны артты», – деді ол.

Жаңа Стратегия – «Өзгерістер дәуіріндегі әділетті еңбек: қорғау, даму, инновациялар» жобасына тоқтала отырып, Мұхтар Тінікеев бұл құжат кәсіподақтардың 2025–2030 жылдар аралығындағы қызметінің көрінісі, құндылықтары, мақсаттары мен міндеттерін айқындайтынын атап өтті.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы төрағалығына ұсынылатын кандидатураны қарау болды.

Сатыбалды Дәулеталиннің кандидатурасын Федерация құрамындағы тоғыз мүшелік ұйымның уәкілетті органдары ұсынды. Олардың қатарында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету ұйымдары қызметкерлерінің салалық кәсіподағы, Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат салалары қызметкерлерінің салалық кәсіподағы және басқалары бар.

Белгіленген мерзім ішінде Төраға лауазымына басқа кандидаттар ұсынылған жоқ.

Бас кеңес мүшелері Сатыбалды Дәулеталиннің кәсіподақ қозғалысын ілгерілету жолындағы сіңірген еңбегін жоғары бағалап, оны төрағалыққа жалғыз кандидат ретінде ұсыну бастамасын бірауыздан қолдады.

ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев өз сөзінде кәсіподақ қозғалысындағы бірлік пен көшбасшыны жауапкершілікпен таңдаудың маңызын атап өтті.

«Сатыбалды Телағысұлы Дәулеталиннің кандидатурасы – кәсіподақ қозғалысын одан әрі нығайту мен дамытуға деген ортақ ұмтылысымыздың айқын көрінісі. Оның тәжірибесі мен кәсібилігі Федерацияның стратегиялық бағытын жалғастырып, еңбек адамының мүддесі үшін тұрақты жұмыс істеуге толық сенім береді», – деді Мұхтар Тінікеев.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин алдағы Съезде Стратегияны жүзеге асырудың қорытындылары шығарылып, жаңа міндеттер белгіленетінін айтты.

«Біздің атқарған жұмысымыз ашық әрі әділетті – ұялатын ештеңеміз жоқ. Бас кеңестің есебі – әрбір бастауыш кәсіподақ ұйымынан бастап, бүкіл мүшелік құрылымдардың ортақ еңбегінің көрінісі. Алда келе жатқан Съезд – бірлігіміз бен ынтымағымызды жаңа белеске жеткізетін тарихи кезең. Осы маңызды сәт қарсаңында баршаңызды толық жауапкершілікпен, ішкі сеніммен және ортақ миссиямыздың мәнін терең ұғына отырып қатысуға шақырамын. Біз әділет үшін ғана емес, әрбір еңбек адамының лайықты өмірі мен кәсіподақ қозғалысының болашағы үшін алға жылжуымыз керек. Тек күшіміз бен тәжірибемізді біріктірсек қана жаңа биіктерге қол жеткіземіз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ Аппаратының басшысы Нұрлыбек Жұмаш Бас кеңес мүшелеріне XXVII Съездің дайындық барысы мен жұмыс тәртібі жөнінде мәлімет берді.

«Мандаттық, есеп комиссиялары мен хатшылықтың, сондай-ақ Бас кеңес пен Тексеру комиссиясының құрамы Жарғы талаптарына сай және аумақтық, салалық теңгерімді ескере отырып әзірленді. Бұл қабылданатын шешімдердің объективтілігі мен заңдылығын қамтамасыз етеді», – деді ол.

Бас кеңес Съездің жұмыс тәртібі мен Күн тәртібін, Съезд қарары жобасын және кәсіподақ қозғалысының ішкі тетіктерін жетілдіру мен ҚРКФ Жарғысына енгізілетін өзгерістерге қатысты бірқатар мәселелерді мақұлдады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы