ҚРКФ Төрағасы Ақтөбе облысының кәсіподақ белсенділерімен Стратегияны жүзеге асыру қорытындыларын талқылады

Ақтөбе облысының Кәсіподақтар орталығында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өңірдің кәсіподақ белсенділерімен кездесу өткізді.

Кездесуді ашқан Ақтөбе облысының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарының дамуы және кәсіподақ қозғалысының қызметі туралы баяндады.

«Бүгінде Ақтөбе облысының кәсіподақтары қызметкерлердің өзекті мәселелерін шешуге белсенді атсалысуда. Біз мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілермен ашық диалог құрып, еңбек нарығында әділеттілік пен тұрақты кепілдіктерге бірлесе қол жеткізуді көздейміз», – деді ол.

Сатыбалды Дәулеталин соңғы бес жылда еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік диалогты дамыту және лайықты еңбек жағдайларын қалыптастыру бағытында Федерация мен оған мүше ұйымдардың қол жеткізген негізгі жетістіктеріне тоқталды.

«Бүгінде кәсіподақтар – жұмысшылардың құқықтарын кәсіби деңгейде қорғайтын жалғыз қоғамдық ұйым. Бұл – негізінде ынтымақ пен әділетке негізделген институт. Біз еңбек адамының құқықтарын ұжымдық шарттар арқылы, заңнамалық бастамалар, үшжақты комиссиялардағы сараптамалық жұмыс және мыңдаған еңбек ұжымдарымен күнделікті бірлескен іс-қимыл арқылы қорғаймыз. Әрбір кәсіподақ бастамасы – әлеуметтік әділеттілікке жасалған қадам», – деп атап өтті ол.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы әріптестерінің назарын еліміздегі кәсіподақ қозғалысы үшін алда тұрған маңызды оқиғаларға – ХКК БЕАК Жазғы мектебі мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII Съезіне аударды.

«Астанада өтетін БЕАК Жазғы мектебі – Еуропа мен Орталық Азия елдерінде лайықты еңбек қағидаттарын нығайтып, кеңейтуге арналған маңызды алаңға айналады. Бұл іс-шара тәжірибе алмасуға, негізгі сын-қатерлерді талқылауға және кәсіподақ қозғалысын дамытуға көмектесетін нақты ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай деңгейдегі шара Орталық Азия аймағында алғаш рет өтпек», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Съезд жайында айта келе, ҚРКФ басшысы бұл басты кәсіподақ форумы аясында «Бірлікте – әділет пен дамуға!» атты 2020–2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының қызмет стратегиясының жүзеге асырылу қорытындылары шығарылып, жаңа міндеттер айқындалатынын айтты

«Бірлікте – әділет пен дамуға» атты 2020–2025 жылдарға арналған ҚР Кәсіподақтар федерациясының қызмет стратегиясы толық жүзеге асты. Біз жалақы төлеу, еңбек қауіпсіздігі, заңнамалық реттеу және цифрландыру салаларында жүйелі өзгерістерге қол жеткіздік. Енді келесі кезеңнің күн тәртібін жаңа стратегиялық құжат аясында қалыптастырып жатырмыз. Бұл – «Өзгерістер дәуіріндегі әділетті еңбек: қорғау, даму, инновациялар» атты жаңа Стратегия – болашаққа бағытталған құжат. Алайда іргесі – өткеннің сәтті тәжірибесі мен жетістіктерімен бекем қаланған», – деді ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ Төрағасы 2020–2025 жылдарға арналған Стратегия аясында еңбеккерлердің табысын арттыру бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылғанын еске салды.

«Соңғы үш жылда Қазақстанда ең төменгі жалақы екі есеге – 42 500 теңгеден 85 000 теңгеге дейін ұлғайды. Бұл – Кәсіподақтар федерациясының бастамасы болатын, оны Үкімет қолдап, 2024 жылғы 1 наурыздан бастап Ең төменгі жалақыны есептеудің ресми әдістемесін енгізді. Бұдан бөлек, кәсіподақтар бюджеттік сала қызметкерлері – дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік қызметкерлер жалақысын жыл сайын 25% көлемінде арттыруға қол жеткізді. Сондай-ақ, орман шаруашылығы қызметкерлеріне ерекше еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы шілде айынан бастап лауазымдық жалақысының 100%-ын құрап отыр. Мұның бәрі – Кәсіподақтар федерациясы мен оған мүше ұйымдардың мақсатты әрі жүйелі жұмысының нәтижесі», – деп тілге тиек етті ол.

Кездесу барысында ҚРКФ Төрағасы жалақыны индекстеу мәселесінің өзектілігін атап өтіп, бұл норманы Еңбек кодексінде нақты бекіту қажеттігіне назар аударды.

«30 мыңнан астам ұжымдық шартты талдай келе, жалақыны индекстеу нормасы олардың небәрі 10%-ында ғана қамтылғанын байқадық. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Біз Еңбек кодексінде инфляция деңгейін ескере отырып, жалақыны жыл сайын индекстеуді міндетті норма ретінде бекітуді ұсынамыз. Бұл ретте есептеудің түсінікті және бірыңғай тәртібін енгізіп, оны Үкімет деңгейінде бекіту қажет. Біз бүгінде 300 мың теңгеге жетпейтін табыс алатын азаматтар туралы сөз қозғап отырмыз. Олар үшін жалақыны индекстеу – артықшылық емес, күнделікті тұтыну қажеттіліктерін қамтамасыз етудің жалғыз жолы», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Федерация басшысы еңбек қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударды.

«Еңбек қауіпсіздігі – кәсіподақтардың басты қызмет бағыттарының бірі. Федерация 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеуге тікелей қатысты. Бұл құжат еңбекті қорғауды өтемақылық моделден тәуекелге бағдарланған басқару жүйесіне көшіруді көздейді. Біз Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар орталығын қайта қалпына келтіре алдық. Ендігі мақсат – кәсіпорындарда өндірістік медицинаның инфрақұрылымын қайта жаңғырту. Осы ретте біз бірнеше мәрте мәселе көтеріп, нәтижесінде Мемлекеттік еңбек инспекциясын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағына өткізуге қол жеткіздік. Енді инспекторлар санын арттыру қажет. Қазір бір мемлекеттік еңбек инспекторына 24 мың жұмысшыдан келеді. Ал халықаралық стандарт бойынша бұл көрсеткіш – 10 мың адамға 1 инспектор. Біз осы стандартқа сай инспекторлар санын көбейтуді және техникалық инспекторлардың әлеуетін кеңінен пайдаланып, олардың мәртебесі мен ынталандыру жүйесін күшейтуді ұсынамыз», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастауыш кәсіподақ ұйымдарында бүгінде еліміз бойынша 16 600 техникалық еңбек инспекторы жұмыс істейді және 11 500 өндірістік кеңес қызмет етеді. Бұл кеңестердің басым бөлігі кәсіподақтардың бастамасымен құрылған.

Соңғы бес жылда өндірістік жарақаттар көрсеткіші біршама төмендегенімен, еңбек қауіпсіздігі саласындағы жалпы жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр. ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, елімізде жыл сайын шамамен 200 адам өндірісте қаза тауып, тағы мыңнан астамы түрлі деңгейдегі жарақат алады.

«Өнеркәсіптік өңірлер әлі де жоғары қауіп-қатер аймағында қалып отыр. Біздің мониторинг көрсеткендей, өлімге әкеп соққан жағдайлардың 70%-ында жұмыс берушінің кінәсі дәлелденген. Ал барлық жазатайым оқиғалардың 69%-ы кәсіподақ ұйымдары жоқ кәсіпорындарда орын алады.Бұл – еңбек қауіпсіздігін бақылау және алдын алу жүйесінің деңгейі әлі де жеткіліксіз екенін айқын көрсетеді. Кәсіподақтар федерациясы еңбек қауіпсіздігі нормаларын бұзғаны үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтуді, соның ішінде инспекциялық қадағалау механизмдерін нығайтуды табанды түрде ұсынып келеді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Осыған байланысты Федерация техникалық инспекторлардың мәртебесін арттыру, қоғамдық бақылаудың ауқымын кеңейту және барлық деңгейде қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру бастамаларын ілгерілетуді жалғастыруда.

Сонымен қатар, ҚРКФ Төрағасы кәсіподақ қауымдастығы қызметінде цифрландыруды дамыту маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте кәсіподақ мүшелерінің бірыңғай дерекқорын құру көзделуде. Бұдан бөлек, жұмыскерлер, жұмыс берушілер мен мемлекет арасындағы тиімді әріптестіктің құқықтық негізі ретінде әлеуметтік әріптестік туралы дербес заң әзірлеу бастамасы ұсынылды.

Кездесу соңында Сатыбалды Дәулеталин Ақтөбе облысының кәсіподақ белсенділеріне жүйелі жұмыстары, жанашырлықтары мен кәсіподақ ұстанымдарына адалдығы үшін алғыс айтты.

«Сіздерге өңірлердегі белсенді еңбектеріңіз үшін, кәсіподақ қозғалысының нағыз тірегіне айналғандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Алда бізді ауқымды міндеттер мен ортақ жауапкершілік күтіп тұр. Сондықтан алға қойған мақсаттарымызды жүйелі түрде жүзеге асыруды жалғастыруымыз қажет. Тек бірлік пен еңбек ұжымдарымен жүйелі кері байланыс орнату арқылы ғана біз нақты нәтижелерге қол жеткізе аламыз», – деп қорытындылады сөзін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы