ҚРКФ Төрағасы ХКК БЕАК Жазғы мектебінің қатысушыларымен кездесті

2025 жылғы 8 шілдеде, сейсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің (ХКК БЕАК) Жазғы мектебінің қатысушыларымен кездесті. ҚРКФ-ның орталық кеңсесіне арнайы келген қонақтар құрамында Еуропа елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтарының жетекшілері мен өкілдері болды. Делегацияға БЕАК Атқарушы хатшысы Антон Леппик жетекшілік етті.

Шетелдік әріптестерін қарсы алған ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бұл күндері Астанада Еуропа мен Орталық Азияның 50-ден астам елінен келген кәсіподақ көшбасшыларын біріктіретін ауқымды шара өтетінін атап өтті.

«ХКК БЕАК Жазғы мектебі Орталық Азия аймағында алғаш рет – Қазақстанда өтуде. Алдағы бірнеше күн бойы Астана халықаралық кәсіподақтар қауымдастығының орталығына айналады. Күн тәртібінде баршамыз үшін еңбек нарығындағы жаңа сын-қатерлерге қарсы тұрудан бастап, жұмыс орындарындағы демократияны дамытуға дейін маңызды мәселелер бар. Бұл – пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге таптырмас мүмкіндік. Жазғы мектеп – еңбеккерлердің игілігі жолында жаңа бірлескен шешімдердің бастауы болатынына сенімдімін. Еуразия жүрегі – Қазақстан астанасында еуропалық әріптестерімізді қарсы алғаныма қуаныштымын! Бүгінде Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы құрамында 24 салалық, 18 аумақтық кәсіподақ бірлестігі бар. Олар 16 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарын біріктіреді. Жалпы саны – 1,6 миллионнан астам кәсіподақ мүшесі бар», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин өз сөзінде Қазақстан туралы қысқаша тоқталып, 2025 жылдың елімізде Мемлекет басшысы жариялағандай Жұмысшы мамандықтар жылы ретінде атап өтілетінін айтты. Оның айтуынша, осы жылы әлеуметтік әріптестер жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға күш біріктіруде.

«Жазғы мектептің дәл осы жылы – Жұмысшы мамандықтар жылында өтуі – үлкен мәнге ие. Мемлекеттік деңгейде жұмысшы еңбегі мен абыройын көтеру – бұл қоғамның үнін билік естіп отырғанының дәлелі. Кәсіподақтар – бұл саясаттың негізгі қозғаушы күші. Бұл елдің шынайы қазынасы – мұнай мен уран емес, күнделікті маңдай терімен ел игілігіне үлес қосып жүрген Еңбек адамы. Біз Еңбек тек күнкөріс көзі ғана емес, әр адамның қадір-қасиеті болуына күш саламыз», – деді Қазақстан кәсіподағының көшбасшысы.

Халықаралық ынтымақтастыққа тоқталған Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы әлемдік кәсіподақ қозғалысының ажырамас бөлігі екенін ерекше атап өтті.

«Бүгінде қазақстандық еңбеккерлердің дауысы халықаралық аренада естіліп жүр. Сіздердің жаһандық ынтымақтастық пен бірлікті қолдағандарыңыз үшін әрқайсыңызға алғысымды білдіремін. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы – Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының мүшесі. Бұл ұйымға қайта мүшелікке өту процесінде біз сіздердің қолдауларыңызды анық сезіндік», – деді ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.

Кездесу барысында ХКК БЕАК Жазғы мектебінің қатысушылары өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, Қазақстанға келген алғашқы күннен алған әсерлерімен бөлісті.

Мәселен, Еуропа кәсіподақтар конфедерациясының аға кеңесшісі Елена Краста цифрлық технологиялар дәуірінде қызметкерлерді қорғауға бағытталған шаралар жайында сұрады.

Оған жауап ретінде ҚРКФ Төрағасы еліміздің Парламентінде қазіргі таңда «Жасанды интеллект туралы» жаңа заң жобасы қаралып жатқанын, оны әзірлеушілерінің қатарында кәсіподақ тарапынан депутат бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, Федерация жасанды интеллект дәуірінде қызметкерлердің құқықтарын қорғауға арналған арнайы Стандарт әзірледі. Бұл құжат Орталық Азия елдерінің кәсіподақ кеңесінде талқыланып, қабылданатын болады.

Өз кезегінде, Польша кәсіподақтары альянсының төрағасы Петр Островский ҚРКФ төрағасына көрсеткен қонақжайлылық үшін алғысын білдіріп, алдағы күндер мазмұнды диалог пен жемісті ынтымақтастыққа толы боларына сенім білдірді.

«Біз кәсіподақтар қауымдастығы алдында тұрған өзекті мәселелерді әріптестерімізбен бірге талқылаудың пайдалы әрі жемісті болатынына сенімдіміз. Қазақстанға келген алғашқы сәттен бастап әріптестермен жүздесудегі жылы шырай біздің асыл үміттерімізді ақтады», – деді ол.

Кездесу аясында Жазғы мектеп қатысушылары Федерацияның open space кеңістігімен – жастарға арналған коворкинг орталық, оқу залы, заң клиникасы мен ҚРКФ мұражайымен танысты.

Айта кетейік, 9-10 шілде күндері Астанада ХКК БЕАК Жазғы мектебі алғаш рет Орталық Азия аймағында өтпек. Бұл шара Еуропа кәсіподақтары конфедерациясы мен ҚР Кәсіподақтар федерациясының бірлесуімен ұйымдастырылуда.

Жазғы мектеп әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды диалог алаңына айналады. Күн тәртібінде – ұжымдық келіссөздер жүргізу мәдениеті, еңбеккерлердің құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктері, жұмыс орындарындағы демократияның орны, жасанды интеллекттің еңбек қатынастарына ықпалы мен жасыл экономикаға әділетті көшу жолдары тұр.

Сарапшылардың пікірінше, БЕАК Жазғы мектебінің Қазақстанда өтуі – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының халықаралық кәсіподақ қозғалысын ілгерілетуге қосқан елеулі үлесінің мойындалуы.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы