БЕАК Жазғы мектебі: Астанада Еуропа және Азияның кәсіподақ көшбасшылары дүниежүзілік кәсіподақтық күн тәртібін талқылау үшін жиналды

Сәрсенбі, 9 шілде күні Астанада Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесі (ХКК БЕАК) ұйымдастырған Жазғы мектеп өз жұмысын бастады. Биылғы форумның тақырыбы – «Ұжымдық келіссөздер және жұмыс орнындағы демократия». Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясының қолдауымен ұйымдастырылған бұл шара Орталық Азияда алғаш рет өтіп отыр. Ауқымды форум Еуропа мен Азияның 50-ден астам елінен кәсіподақ көшбасшыларын, халықаралық сарапшыларды және ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдерін бір алаңға жинады.

Бұл шара Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін айрықша мәнге ие. Ол әлемдегі әлеуметтік және экономикалық өзгерістер жағдайында кәсіподақтардың рөлінің артуын, халықаралық ынтымақтастықтың нығаюын және жұмыс орындарындағы демократиялық үдерістердің дамуын айқын көрсетеді.

Жазғы мектептің ашылуында ХКК БЕАК президенті Игорь Зубку ұжымдық келіссөздер мен жұмысшылардың демократиялық қатысуы еңбек қатынастарын дамыту үшін өте маңызды екенін атап өтті.

«Ұйымдастырушыларға, әсіресе Қазақстан Кәсіподақтар федерациясына және Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясына, сондай-ақ қатысушыларға алғысымды білдіремін. Қазіргі жаһандық келіссөздердің белсенді кезеңінде жұмысшылардың саяси құқықтарын қорғау – біздің басты басымдығымызға айналды. Ұжымдық  келіссөздер – жұмыс орнындағы демократияның негізі және әмбебап құралы. Біз маңызды сынақтармен бетпе-бет келдік, бірақ оларды еңсеруге толық дайынбыз. Қазақстан мен Орталық Азия халықаралық кәсіподақтар қозғалысында шешуші рөл атқарады, ал бұл Жазғы мектеп – барлығымыз үшін үлкен қадам», – деді ол.

Өз сөзінде, ХЕҰ / ACTRAV -ның Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас өңірдегі кәсіподақтар қозғалысының даму динамикасы мен бүгінгі оқиғаның маңызын кеңінен түсіндірді.

«Бүгінгі Жазғы мектеп – Қазақстанның соңғы 15 жылда, ХКК-ның алғашқы миссиясынан бастап, жүріп өткен үлкен жолы мен атқарған ауқымды жұмыстарының символы. Бүгінгі таңда Қазақстан еңбек демократиясы мен әлеуметтік диалогты орнықтыруда жаңа сапалық деңгейге көтеріліп отыр. Ал Орталық Азия тұтас бір өңір ретінде ынтымақ пен ілгерілеудің шамшырағына айналуда. Мен үшін бұл кездесу – көп жылдық еңбек пен бірлескен жұмыстың заңды жемісі. Біз Қазақстан Кәсіподақтар федерациясын қолдауға және жұмысшылардың құқықтарын қорғауға бағытталған білімімізбен бөлісуге дайынбыз», – деді ол.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, ХКК БЕАК вице-президенті Сатыбалды Дәулеталин Астанада бастау алған Жазғы мектептің ашылуында сөз сөйлеп, бұл ауқымды халықаралық шараның еліміз үшін маңызыдылығын атап өтті.

«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы атынан баршаңызды Еуразияның жүрегі – Астанада қарсы алуға қуаныштымын. Бұл қала – дәстүр мен заманауи өзгерістер тоғысқан мекен. Біз алғаш рет осындай деңгейдегі халықаралық шараны өткізіп отырмыз, бұл – еліміздің кәсіподақ қозғалысының елеулі өзгерістерден өткенінің айғағы. Қазақстан ауыр да ерекше жолдан өтті: 90-жылдардағы қиын кезеңдерден бастап, бүгінгі цифрлық экономика мен жасыл энергияға бет алған жаңа дәуірге қадам басты. Осы жолда біздің басты байлығымыз – еңбек адамы. Оның құқықтары мен қадір-қасиеті – барша жұмыстың негізі болуы тиіс», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Сатыбалды Дәулеталин елімізде қалыптасқан ұжымдық келіссөздер жүйесін атап өтіп, бұл еңбек саласындағы сенім мен тұрақтылықтың көрсеткіші екенін жеткізді.

«Бүгінде Қазақстанда тиімді ұжымдық келіссөздер жүйесі бар. Ұлттық деңгейде Бас келісім жұмыс істейді. 22 салалық және 20 өңірлік келісім жасалған. Сонымен қатар 16 мыңнан астам ұжымдық шарт бар, олар кәсіподақтары бар ұйымдардың 97 пайызын қамтиды. Бұл – посткеңестік кеңістіктегі бірегей жетістік», – деді кәсіподақ жетекшісі.ъ

Ол сондай-ақ кәсіподақ қозғалысының алдағы даму бағыттарын да атап өтті. Оның ішінде лайықты жалақыны қамтамасыз ету, кәсіподақтардың цифрлық жаңғыруы, жаңа буын көшбасшыларын даярлау, еңбек қауіпсіздігі мен денсаулықты сақтау мәдениетін арттыру, әсіресе психологиялық саулық пен кәсіби қауіптің алдын алу секілді маңызды бағыттар бар.

Сөзінің соңында Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтарды күшейту – бұл сыртқы қысымға жауап емес, мемлекеттің тұрақты дамуы үшін қажет стратегиялық қадам екенін баса айтты.

«Бұл Жазғы мектеп – жаңа идеялар мен сенімді серіктестіктерге жол ашатын алаң болсын. Еңбек адамының үні анық естіліп, әділет – арман емес, ақиқатқа айналсын», – деді ол түйін сөзінде.

ХКК БЕАК Бас хатшысы Эстер Линч Астанадағы Жазғы мектептің маңыздылығын ерекше атап өтіп, Қазақстан кәсіподақтарына жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара үшін алғысын білдірді.

«Қазақстандық әріптестерімізге шараны жоғары деңгейде өткізгені үшін алғыс айтамын. Кәсіподақтар – еңбек жағдайларын жақсартып, адамдарға лайықты өмір сүруге мүмкіндік беретін жұмыс орындарын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Жазғы мектеп аясында біз ұжымдық келіссөздердің жұмысшылардың құқығын қорғауда және тұрақты еңбек қатынастарын құрудағы рөлін талқылаймыз. Бүгінде кәсіподақтар түрлі қиындықтарға тап болуда: еңбек құқығына қысым, ресурстардың азаюы, ереуіл құқығының шектелуі. Бірақ біз бұл сын-қатерлерге бірге қарсы тұрып, ең үздік тәжірибелермен бөлісуіміз қажет», – деді Эстер Линч.

«Ұжымдық келіссөздер және жұмыс орнындағы демократия» атты сессияда қатысушылар кәсіподақтардың еңбеккерлер құқығын қорғаудағы маңызын талқылап, ұжымдық келіссөз жүргізудегі елдер тәжірибесімен бөлісті.

Еуропалық кәсіподақтар институтының аға ғылыми қызметкері Торстен Мюллер ұжымдық келіссөздердің маңызын жан-жақты ашып көрсетті.

Еуропалық кәсіподақтар институтының аға ғылыми қызметкері Торстен Мюллер «Кәсіподақтардың өкілеттігі, ұжымдық келіссөздер және жұмысшылардың басқаруға қатысуының басқа да жолдары» тақырыбында баяндама жасап, кәсіподақтар, жұмыс берушілер мен мемлекет арасындағы әріптестіктің маңыздылығын атап көрсетті.

«Ұжымдық келіссөз – бұл тек еңбек құқығын қорғау құралы ғана емес, әділетті еңбек шарттарын қалыптастыратын, сонымен қатар бизнес үшін тұрақты даму тетігі болатын маңызды механизм. Жұмысшылардың басқару процесіне қатысуы – компания тиімділігі мен әлеуметтік жауапкершілікті арттырудың қуатты жолы. Бұл үдеріс мемлекеттік қолдаумен ғана өз нәтижесін береді», – деді ол.

Торстен Мюллер сонымен қатар өндірістік демократияны дамытудың кешенді тәсілі қажет екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда Қазақстан кәсіподақтары жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар заманында еңбеккерлердің құқығын қорғау бағытында нақты шаралар қабылдауда. Мұндай жағдайда жұмыс берушімен тиімді қарым-қатынас орнату – басты алғышарт. Өйткені жұмыс беруші – келіссөз жүргізіп, өзара тиімді шешімдерге келетін әріптес», – деді ол.

Қазақстандағы әлеуметтік әріптестік пен ұжымдық келіссөздер тәжірибесімен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева бөлісті.

Ол ұжымдық келіссөздердің елімізде еңбеккерлердің мүддесін қорғауда белсенді әрі нақты құралға айналғанын атап өтті.

«Республикалық және өңірлік үшжақты комиссиялар алаңында еңбекақыны төлеу, жалақыны индекстеу, еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша сындарлы диалог жүргізілуде. Бұл қабылданатын шешімдердің сапасын арттырып, тараптар арасындағы сенімді нығайтады. Мысалы, «Еңбек консультациялары» акциясы – жұмыс берушілер мен еңбек ұжымдары арасындағы ашық пікір алмасуға, кәсіпорындардың қаржылық жағдайын талқылауға және еңбек дауларының алдын алуға сеп болып отыр. Біз өндірістік демократияның ұйымдардың тұрақты дамуының ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын байқап отырмыз», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.

Сондай-ақ, Гүлнар Жұмагелдиева Кәсіподақтар федерациясының Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуі және заң жобаларын әзірлеуге белсенді қатысуы жайлы да айтып өтті.

«Кәсіподақтар федерациясы еңбек заңнамасын жетілдіру жөнінде өз ұсыныстарын енгізді. Оның ішінде жалақыны міндетті түрде индекстеу, ең төменгі жалақыны көтеру және қызметкерлерді әлеуметтік қорғау шараларын күшейту бар. Біз Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларын бекітуге және Қазақстанда халықаралық еңбек стандарттарының сақталуын қамтамасыз етуге күш салудамыз», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары.

Форум барысында Бельгияның Жалпы христиан кәсіподақтар конфедерациясының халықаралық бөлім жетекшісі Карин Деброй Бельгиядағы әлеуметтік диалог пен ұжымдық келіссөздер тәжірибесімен бөлісті.

«Бельгияда кәсіподақтардың қамту деңгейі шамамен 50–60 пайызды құрайды, бұл Солтүстік Еуропа елдеріне тән көрсеткіш. Елдегі жалақыны индекстеу жүйесі – әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі тіректерінің бірі. Яғни, баға өсіміне қарай жалақы автоматты түрде өсіп отырады. Бұл халықтың нақты табысын сақтап, әлеуметтік теңгерімсіздіктерді болдырмауға ықпал етеді» – деп атап өтті Карин Деброй.

Ресейдегі ұжымдық келісімдер жағдайы туралы Ресей Еңбек конфедерациясының Бас хатшысы Борис Кравченко баяндады. Ол кәсіподақ қозғалысы мен ұжымдық келіссөздерге жаһандық және ішкі факторлардың әсеріне назар аударды.

«Жағдайды қиындатып тұрған бір жайт – жұмыс берушілер еңбек қатынастарын азаматтық-құқықтық келісімдермен алмастыруға тырысуда. Бүгінде шамамен 12 миллион ресейлік өзін-өзі жұмыспен қамтыған деген мәртебеге ие және іс жүзінде еңбек қатынастарынан тыс қалуда. Бұл платформалық экономиканың кеңеюімен байланысты, ал мұндай жағдайда кәсіподақтар тарапынан реттеу мүмкіндігі шектеулі», – деді ол.

Әлеуметтік әділеттілік мәселесіне ерекше тоқталған Грузия Кәсіподақтар конфедерациясының президенті Ираклий Петриашвили халықаралық тәжірибедегі қосарлы стандарттар мен әлеуметтік кепілдіктердің жоқтығын сынға алды.

«Грузиядағы саясатта әлеуметтік диалог мәдениеті туралы ештеңе айтылмайды. Бізде ең төменгі жалақы жоқ, жұмыссыздық бойынша толыққанды жәрдемақы жүйесі де жоқ. Бұл мәселелерді халықаралық деңгейде ешкім көтермейді, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін стандарттарды ешкім талап етпейді», – деп мәлімдеді Ираклий Петриашвили.

Грузиялық кәсіподақ көшбасшысы әлеуметтік әділетсіздік пен еңбек кепілдігінің болмауы түптің-түбінде күрделі әлеуметтік және саяси дағдарыстарға алып келуі мүмкін екенін айтты.

Италияның Еңбек одағының (UIL) халықаралық бөлімнің директоры Микеле Берти мектеп қатысушыларына Италиядағы әлеуметтік диалог пен ұжымдық шарттар саласындағы қазіргі жағдайды таныстырды.

«Италияда орын алған түйткілді мәселелерге назар аударғым келеді. Алғашқысы – ұжымдық келісімдермен қамтылмаған қызметкерлер санының күрт өсуі. Бұл соңғы онжылдықтардағы еңбек реформаларының нәтижесі. Заңнамаға енгізілген ерекше және жекелеген келісімшарттар көптеген еңбеккерлерді ұжымдық еңбек қатынастары жүйесінен тыс қалдырды», – деді Микеле Берти.

Оның айтуынша, мұндай саясаттың салдары ретінде жалақы деңгейі айтарлықтай төмендеп, еңбек жағдайлары нашарлаған. Әсіресе кәсіподақтары әлсіз немесе мүлде жоқ салаларда бұл құбылыс айқын байқалады. Кейбір жағдайларда сағаттық жалақы небәрі 5 еуроға дейін түсіп кеткен.

Албаниядағы еңбек құқықтары мен кәсіподақтардың қазіргі ахуалы туралы Албания Кәсіподақтар конфедерациясының вице-президенті Аниса Субаши жан-жақты мәлімет берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда елде жұмыс істейтін азаматтардың шамамен 25 пайызы ғана ұжымдық келісімдермен қамтылған. Бұл – өте төмен көрсеткіш.

«Албания — еңбекке жарамды халқы 900 мың адамнан тұратын шағын ел. Екі ірі кәсіподақ конфедерациясы жұмыс істейтін халықтың тек 5 пайызын ғана қамтиды. Бұл – әлеуметтік диалогтың тұрақты әрі тиімді дамуы үшін жеткіліксіз. Он жылдан астам уақыт бойы конфедерация өкілдік пен ұжымдық келіссөздерге қатысты арнайы заң қабылдауды талап етіп келеді. Мұндай заңның жоқтығы әсіресе жекеменшік секторда тиімді келіссөздер жүргізуге кедергі келтіруде. Елде үшжақты әлеуметтік диалогқа қатысатын Еңбек кеңесі бар. Алайда қарастырылып отырған мәселелердің ауқымы көңіл қуантарлықтай кең емес, керісінше, тым төмен деңгейде», – дейді ол.

«Ұжымдық келіссөздерді қолдау тетіктері» атты екінші сессия аясында Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) заң бөлімі маманы Зузанна Мускат-Горска еңбек құқықтарын қорғаудағы ХЕҰ-ның №98 Конвенциясы мен басқа да халықаралық құжаттардың рөліне тоқталды.

Ол ұсынған маңызды талдамалық құралдардың бірі — ХКК дайындаған 2025 жылға арналған «Еңбек құқықтарының бұзылуы индексі». Зузанна Мускат-Горска қазіргі деректерге сүйене отырып, әлем елдерінің 80 пайызында ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығына шектеу қойылатынын айтты.

«Жұмысшылардың құқықтары берік сақталады деп саналатын Еуропаның өзінде жағдай нашарлап барады. 2010-жылдары құқық бұзушылықтардың орташа көрсеткіші 1,84 болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,78-ге дейін өскен. Бұл – алаңдатарлық жағдай», – деп атап өтті ол.

Спикер Халықаралық еңбек ұйымының №98 «Ұйымдасу және ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығы туралы» конвенциясына тоқталып, бұл құжат халықаралық деңгейде негізгі келісім болып саналса да, көптеген елдер оны тек ресми түрде қабылдап, шын мәнінде орындамайтынын айтты.

UNI Global Union ұйымының бөлім жетекшісі әрі жобалар директоры Гиедре Лелите Жаһандық шеңберлік келісімдер (ЖШК) туралы және олардың еңбеккерлер құқығын алға жылжытудағы маңызы жайлы баяндама жасады. Ол бұл келісімдердің жаһандық сипатына қарамастан, олардың іске асуы тікелей әр елдегі кәсіподақтардың белсенділігі мен ықпалына байланысты екенін атап өтті.

«Бұл келісімдер миллионнан астам жұмыскерді қамтиды. Онда кемсітушілікке жол бермеу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, климат пен цифрландыру мәселелері секілді маңызды тақырыптар қамтылған. Сонымен қатар, келісімдердің орындалуына кепілдік беру үшін арнайы арбитраж тетігін де құрдық», – деп түсіндірді UNI Global Union өкілі.

Гиедре Лелите трансұлттық компаниялар аясында құрылған кәсіподақтық желілердің маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Бұл желілер әртүрлі елдердегі кәсіподақтардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына, әрекеттерін үйлестіруіне және өзара қолдау көрсетуіне жол ашады. Жаһандық келісім – бұл жергілікті мәселелерге арналған жаһандық шешім. Алайда мықты жергілікті кәсіподақтарсыз жүйелі өзгерістерге қол жеткізу мүмкін емес», – деді ол.

Жаһандық шеңберлік келісімдер тақырыбын Жаһандық салалық кәсіподақ ұйымы IndustriALL-дың Бас хатшысының орынбасары Кемаль Озкан жалғастырды. Ол өндіріс процестерінің жаһандануы кәсіподақтардан мүлдем жаңа тәсілді талап ететінін айтты.

«Біз мұнда талқылап отырған мәселелер тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін өзекті. Тұрмысқа қажетті ең төменгі күнкөріс деңгейі, әділетті жалақыны қалыптастыру тетіктері, тиімді ұжымдық келіссөздер мен ХЕҰ-ның №131 Конвенциясын қолдану — мұның бәрі ұлттық та, халықаралық та деңгейде кешенді шешімді қажет етеді», – деді Кемаль Озкан.

Ол кәсіподақтар қауымдастығын еңбеккерлердің құқықтарын қорғау тетіктерін өзгерту ісіне белсенді араласып, ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.

Еуропа кәсіподақтары конфедерациясының (ЕКК) аға кеңесшісі Елена Краста халықаралық сауда келісімдері туралы ақпаратпен бөлісті.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Еуропалық Одақ халықаралық сауда келіссөздерін белсенді жүргізіп келеді. Бұл оның жаһандық аренадағы ықпалын арттырғанымен, сонымен қатар еңбек құқықтарын қорғау жауапкершілігін де күшейтіп отыр.

Елена Краста бұрынғы келісімдердің көбі тек нарықты ашу мен инвестицияны қорғауға бағытталғанын, ал еңбеккерлердің құқықтары, еңбек қауіпсіздігі және кәсіподақтардың келіссөздерге қатысуы секілді маңызды мәселелер ескерілмей келгенін атап өтті.

Ол Еуропа кәсіподақтары конфедерациясының (ЕКК) серіктес ұйымдармен бірге еңбек нормалары бұзылған жағдайда кәсіподақтардың шағым беру құқығын қамтамасыз ететін, еңбек құқықтарын сақтау мен әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын нақты бақылауға мүмкіндік беретін заңды тетіктерді әзірлеп, іске қосу қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, сауда жеңілдіктерін беру еңбек құқықтарының сақталуымен тікелей байланысты болуы керек екенін де ерекше айтты.

Пікірталас барысында Бүкілпольшалық кәсіподақтар альянсының президенті Петр Островский кәсіподақтардың әлеуметтік келіссөздерге жүйелі түрде қатысуының тиімділігіне тоқталып, ең төменгі жалақыны реттеу және шынайы әлеуметтік диалог орнату бойынша мемлекеттердің өз міндеттемелерін орындауы маңызды екенін атап өтті.

«Әртүрлі елдерде ұжымдық келіссөздер тетіктерінің іске асуына кедергі келтіретін әкімшілік және саяси тосқауылдар әлі де бар. Мемлекеттік құрылымдар өз жауапкершілігінен жалтарып жатқанда, жағдай бақылаудан шығып бара жатқандай әсер қалдырады», – деді Петр Островский.

Ол дағдарыс кезеңдерінде – пандемия, экономикалық тұрақсыздық сияқты жағдайларда кәсіподақтардың әлеуметтік саясатқа ықпал ету тетіктеріне қол жеткізуі айтарлықтай қиындай түсетінін еске салды.

Жазғы мектеп өз жұмысын 10 шілдеде жалғастырады. Келесі күннің бағдарламасында Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Люк Триангл мен ХЕҰ ACTRAV Бюросының директоры Мария Хелена Андренің баяндамалары күтілуде.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы