Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы мен Бүкілпольшалық кәсіподақтар альянсы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

Астанада Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) мен Бүкілпольшалық кәсіподақтар альянсы (OPZZ) арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл құжат екі ел арасындағы кәсіподақтық байланыстарды нығайтып, халықаралық деңгейдегі серіктестікті жаңа белеске шығарады.

Құжатқа ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен OPZZ төрағасы Пётр Островский қол қойды.

Меморандумның мақсаты – еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, халықаралық кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және лайықты еңбек, әділдік пен әлеуметтік диалог құндылықтарын бірлесіп ілгерілету үшін екі елдің кәсіподақ орталықтарының күшін біріктіру.

Қол қою рәсімінде Сатыбалды Дәулеталин қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайдағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, кәсіподақтардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінгі еңбек нарығы кәсіподақтарды мемлекет пен бизнеске әріптес болуға итермелейді, бірақ бұл олардың тәуелсіздігі мен қағидаттарға беріктігіне нұқсан келтірмеуі керек.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Қазақстан мен Польшаның арасындағы тәжірибе алмасу екі ел кәсіподақтары үшін де тың идеялармен, жаңа әдіс-тәсілдермен және әлеуметтік бастамалармен  алмасуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

«Бүкілпольшалық кәсіподақтар альянсы – бұл шынайы ынтымақтың, терең білім мен нақты әрекеттің үлгісі. Варшавада өткен семинарда әріптестеріміз поляк кәсіподақтарының жұмысымен зор қызығушылықпен танысты. Бүгін қол қойылған құжат – еңбек адамының құқығы шекараға тәуелді болмауы тиіс деген ортақ ұмтылысымыздың көрінісі. Қазір кәсіподақтар бір тілде – еңбекке құрмет, әлеуметтік жауапкершілік пен әріптестік тілінде сөйлеп отыр», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Өз кезегінде, Бүкілпольшалық кәсіподақтар альянсының төрағасы Пётр Островский қазақстандық әріптестеріне бастама көтергені және халықаралық кәсіподақ диалогын нығайтуға деген ерік-жігері үшін ризашылығын білдірді.

«Біз ҚР Кәсіподақтар федерациясының жұмысына зор құрметпен қараймыз. Ұйымның елдегі еңбек қатынастарын жаңғыртуға белсене атсалысып отырғанын байқап отырмыз. Бүгін қол қойылған меморандум – тек екі елдің кәсіподақтары арасындағы байланыс емес, сонымен қатар халықтарымыз арасындағы стратегиялық әріптестіктің де бастауы болады деп сенеміз», – деді OPZZ төрағасы Пётр Островский.

Қол қойылған меморандум тараптардың білім беру саласында тәжірибе алмасуға, халықаралық еңбек стандарттары мен Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) негізгі конвенцияларын ілгерілетуге, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясында ортақ бастамаларды үйлестіруге дайын екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, құжат кәсіподақтық білім беруді цифрлық форматқа көшіру, еңбек қауіпсіздігі мен экология мәселелері бойынша ынтымақтастықты күшейту және еңбек реформаларын талқылайтын сараптамалық алаңдар құру сияқты жаңа серіктестік бағыттарын дамытуға ұмтылысын да айқындайды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы