ҚРКФ төрағасы мен ХКК Бас хатшысы кәсіподақтың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады

9 шілде, сәрсенбі күні Астанадағы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының орталық кеңсесінде ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) Бас хатшысы Люк Трианглмен кездесті. Люк Триангл Қазақстанға ХКК БЕАК Жазғы мектебіне қатысу үшін келген. Сондай-ақ ол – Кәсіподақтар федерациясының XXVII Съезінің құрметті қонағы болмақ.

Сатыбалды Дәулеталин әлемдік кәсіподақ қозғалысы көшбасшысының Қазақстанға келуі — тарихи мәнге ие екенін атап өтті.

«Қазақстанға, Кәсіподақтар федерациясына қош келдіңіз! Әлемдік кәсіподақ қозғалысы көшбасшысының Съезге және БЕАК Жазғы мектебіне қатысуы – біз үшін зор құрмет әрі үлкен жауапкершілік. Алдағы күндері Астанада барлығымыз үшін өзекті мәселелер көтеріледі. Еңбек нарығындағы қазіргі қиындықтардан бастап, жұмыс орындарында демократияны нығайтуға дейінгі тақырыптар талқыланады. Қызу пікір алмасулар болады, ал Жазғы мектеп өзі еңбек адамдарының игілігі үшін ортақ бастамаларға жол ашатын жаңа кезеңнің бастамасы болмақ», – деді ҚРКФ төрағасы.

Өз кезегінде ХКК Бас хатшысы Люк Триангл бұл Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы басшысының Қазақстанға алғашқы ресми сапары екенін тілге тиек етті.

«Қазақстанда, Кәсіподақтар федерациясында болу – мен үшін үлкен мәртебе. Қызметіме байланысты баратын елдерді таңдауда талғампаз болуға тура келеді. Қазіргі таңда менің назарым екі аймаққа ауған: біріншісі – Парсы шығанағы елдері, себебі онда жұмысшылар үшін қауіп төндіретін көптеген сын-қатерлер бар; екіншісі – тұрақты қоғам құруда қолдауды қажет ететін Орталық Азия елдері. Ал Қазақстан – Орталық Азия өңіріндегі ең маңызды ел. Біз Қазақстанның егемендігін нығайту жолындағы және демократиялық құндылықтарды, оның ішінде кәсіподақ қозғалысы еркіндігін дамытудағы ұмтылысын толық қолдаймыз», – деді ХКК Бас хатшысы.

Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Орталық Азия аймағындағы айрықша рөліне тоқталды.

«Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы – елдегі ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең ірі кәсіподақ ұйымы. Сіздер аймақта үлгі болып, бастамашыл ұстаным танытып отырсыздар. Мен Федерацияның демократиялық құндылықтарды ілгерілету жолындағы бастамаларын қолдауға дайынмын. Федерацияға, әрі жеке өзіңізге, Сатыбалды, сенімім зор. Сіз – әріптестеріңізге үлгісіз. Сол ұстанымыңызды сақтап, алға қарай дами беріңіз», – деді Люк Триангл.

Кездесу барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік серіктестікті дамыту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лайықты еңбекақы мен қызметкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық кәсіподақ орталығының басым бағыттарын айтты.

«Тәуелсіздіктің 35 жылында біз кейбір елдерге ғасыр бойы қажет болған жолды еңсердік. Жаппай жұмыссыздық пен экономикалық дағдарысты бастан өткеріп, шынайы демократиялық құндылықтардың орнығуына дейін жеттік. Әлеуметтік-еңбек саласында кәсіподақтардың дауысы естіліп, елеулі өзгерістер басталды: олар енді басқару құралы емес, қызметкерлер мүддесін қорғайтын сенімді әріптес. Ұжымдық шарттар саны 40 %-ға өсті. 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілді. Ең төменгі жалақыны есептеудің әдістемесі қабылданды. Біз әділ еңбек қатынастарын құруға күш салып келеміз және олар қазіргі сынақтарға төтеп беруі тиіс. Мысалы, бұл бағытта біз — жасанды интеллект дәуірінде еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін стандарт енгізуді ұсынып отырмыз. Оны келесі отырыста, Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінде қарастырамыз», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) Бас хатшысы Люк Триангл Жасанды интеллект дәуірінде еңбеккерлердің құқықтарын қорғау стандартының ХКК аясында қаралуын қолдайтынын жеткізді.

Сондай-ақ ХКК Бас хатшысы Люк Триангл ҚРКФ-ның орталық кеңсесіндегі open space нысандармен танысты. Олардың қатарында жастарға арналған коворкинг орталығы, оқу залы, Заң клиникасы және ҚРКФ мұражайы бар.

 Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы (ХКК) — 200 миллионнан астам мүшесі бар, әлемнің 169 елдері және аумақтарынан 330 ұлттық кәсіподақ орталығын біріктіретін ең ірі жаһандық ұйым. Ұйым еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін халықаралық деңгейде қорғайды. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы осы жаһандық ұйымның толыққанды мүшесі, ал оның төрағасы ХКК Бас кеңесінің құрамына кіреді.

Еске сала кетейік, 9–10 шілде күндері Астанада алғаш рет Орталық Азия өңірінде ХКК БЕАК Жазғы мектебі өтуде. Бұл шара Еуропа кәсіподақтары конфедерациясы мен ҚР Кәсіподақтар федерациясының бірлесуімен ұйымдастырылуда.

Ал 11 шілде күні ҚРКФ-ның 27-Съезі өтеді. Онда соңғы бес жылдағы жұмыс қорытындыланып, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы сайланып, 2030 жылға дейінгі жаңа даму Стратегиясы қабылданады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы