Сәрсенбі күні, 9 шілдеде, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ХКК Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің Жазғы мектебі аясында әріптесі – Сербияның «Тәуелсіздік» кәсіподақтар конфедерациясының президенті Седанка Андричпен кездесу өткізді.
Тараптар еңбекшілердің құқықтарын қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, кәсіподақ кадрларын даярлауда тәжірибе алмасу, жастар жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ өңіраралық және халықаралық әріптестікті нығайту мүмкіндіктерін талқылады.
Сатыбалды Дәулеталин Еуропа елдерімен ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтіп, аймақтағы жетекші кәсіподақ бірлестіктерінің бірімен диалогтың ерекше символдық мәні бар екенін баса айтты.
«Сіздермен Қазақстан астанасында жүздескенімізге өте қуаныштымыз. Бұл — тек бастамасы ғана деп ойлаймын. Алдағы уақытта маңызды мәселелерді бірге талқылайтын мүмкіндіктеріміз көп болмақ. Еуропалық кәсіподақтармен, соның ішінде кәсіподақтық дәстүрі мықты Сербиямен әріптестікті нығайту біз үшін аса маңызды», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин сондай-ақ Седанка Андричтің Сербиядағы ірі кәсіподақ бірлестігін басқарған алғашқы әйел екенін атап өтіп, Қазақстан кәсіподақтарында да әйелдер көшбасшылығын кеңейтуге үміт артатынын жеткізді.
Ол Қазақстан мен Сербияны еңбек құқықтарын қорғау жолындағы тарихи ұқсастықтар байланыстыратынын тілге тиек етті.
«Қазақстан мен Сербияда кәсіподақ қызметінің табысты әрі мол тәжірибесі бар. Біз тәжірибемізбен бөлісуге, делегациялармен алмасуды ұйымдастыруға, әсіресе кәсіподақ мамандарының біліктілігін арттыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Мысалы, сіздерде бізге ұқсас құрылым бар, біз оны келешегі зор модель ретінде зерттеуді көздейміз. Сол секілді біздің де тәжірибеміз сіздер үшін пайдалы бағдар бола алады», – деді Федерация төрағасы.
Өз кезегінде Седанка Андрич Сатыбалды Дәулеталинге қонақжайлылығы мен сапарды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
«Ең алдымен, шақыруыңыз бен жылы қабылдауыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. Бұл біз үшін халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің мүмкіндігі. Келесі жылы қарашада Белградта өтетін Конгресте сіз біздің құрметті қонағымыз боласыз деп үміттенеміз», – деді сербиялық кәсіподақ жетекшісі.
Сербияның «Тәуелсіздік» конфедерациясының президенті Седанка Андрич серб тараптың барлық деңгейде белсенді әріптестікке әзір екенін айтты.
«Сербия шағын мемлекет болғанымен, біз өзіміздің мықты рухымызбен және тәуелсіздігімізбен мақтанамыз. Біздің ұйымдар арасында жемісті серіктестік орнайтынына сенімдімін. Бізді әлеуметтік әділеттілікке деген ұмтылыс пен адам еңбегіне деген шынайы құрмет біріктіреді», – деді Седанка Андрич.
Кездесудің басты тақырыптарының бірі жастар саласын дамыту мәселесі болды. ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстанда жастарды кәсіподақ қозғалыстарына тартуға бағытталған бірнеше табысты жобаның жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Қазір Қазақстандағы кәсіподақ ұйымдарында шамамен 500 000 жастар жұмыс істейді. Біз барлық өңірді қамтитын «Келешек» Жастар кеңесін құрдық. «30 Еңбек елшісі» жобасы жастардың көшбасшылық әлеуетін ашуға, топта жұмыс істеуді үйренуге және кәсіподақ қозғалысының құндылықтарын насихаттауға көмектеседі. Осы орайда біз сіздердің жастар құрылымдарыңызбен тәжірибе алмасуға дайынбыз», — деді Сатыбалды Даулеталин.
Тараптар салалық ынтымақтастыққа, әсіресе спорт саласындағы ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлді. Келіссөздер барысында спорттық кәсіподақтар арасындағы өзара іс-қимылдың болашағы талқыланды. Мәселен, Сербияда футболшылар кәсіподағы жұмыс істейді.
Кездесу соңында тараптар екіжақты негізде және ҚРKФ мен «Тәуелсіздік» конфедерациясы мүше Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы аясында ынтымақтастықты жалғастыру қажеттігіне сенімділік білдірді.
«Бұл кездесу – тек алғашқы қадам. Ол нақты бірлескен жобаларға бастау береді деп сенемін. Седанка Андрич және оның командасына конструктивті диалог пен ашық көзқарастары үшін алғысымды білдіремін», – деп қорытындылады Сатыбалды Дәулеталин.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы