Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы мен Ренго Конфедерациясы ынтымақтастықты нығайтуда

10 шілде, бейсенбі күні Астанада Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Барлыкеуропалық аймақтық кеңесі ұйымдастырған Жазғы мектеп аясында маңызды кездесу өтті.  Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен Жапонияның РЕНГО кәсіподақтар конфедерациясының (JTUCRengō) Атқарушы хатшысы Рио Саито екіжақты келіссөз жүргізді.

Жапонияның РЕНГО кәсіподақтар конфедерациясының құрамында шамамен 7 миллион мүше бар. Ұйымның қызмет аясы – өнеркәсіп, көлік, білім беру және ақпараттық технологиялар салаларын қамтиды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен РЕНГО арасындағы әріптестік – тек іскерлік байланыс қана емес, достыққа, өзара сенім мен құрметке негізделген әріптестік. Бұл байланыс жылдар бойы қалыптасып, бірлескен білім беру жобалары мен әлеуметтік диалог саласындағы үздік тәжірибе алмасу арқылы нығайып келеді.

Кездесу барысында Сатыбалды Дәулеталин жапон әріптесін ыстық ықыласпен қарсы алып, екі елдің кәсіподақ орталықтарының арасындағы қатынасты «берік достық» деп сипаттады.

«Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы мен РЕНГО арасындағы ынтымақтастық – бұл шынайы достардың қарым-қатынасы. Біз 2019 жылдан бері бірқатар ортақ жобаларды жүзеге асырдық. Бүгінгі кездесу Қазақстан мен Жапония кәсіподақтарының ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтереді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Өз кезегінде Жапонияның РЕНГО кәсіподақтар конфедерациясының Атқарушы хатшысы Рио Саито жылы қабылдау үшін алғыс айтып, Жапония кәсіподақтар конфедерациясының президенті Томоко Йошиноның сәлемін жеткізді.

Жапон делегациясының басшысы КРКФ-ның кәсіподақ мүшелігін кеңейту жолындағы табысты қадамдарын айрықша атап өтті.

«2019 жылы Алматыда өткен халықаралық семинарды бірге өткізген  кезде ҚРКФ-ның құрамында 1,5 миллион мүше бар еді. Қазір бұл көрсеткіш 2 миллионға жуықтады. Мұндай өсім – үлкен еңбек пен сенімнің нәтижесі. Осы тәжірибеңізбен бөліссеңіз екен», – деді Рио Саито Қазақстан кәсіподақтары көшбасшысына.

Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ жүзеге асырып жатқан бірқатар жобалармен таныстырды. Оның ішінде – шағын және орта бизнестегі жұмысшылар мен платформалық еңбекке тартылған азаматтарға құқықтық көмек көрсету, кәсіподақ ұйымы жоқ мекемелерде «Құқықтық оқыту» өткізу сынды бастамалар бар.

«Алайда ең маңыздысы – біздің нақты істеріміз. Адамдар біздің атқарған жұмыстарымызды көріп, кәсіподаққа өз еріктерімен қосыла бастады. Мысалы, пандемия кезінде біз мыңдаған адамға дәрі-дәрмек, азық-түлік, қаржылай көмек жеткіздік. Маскалар мен медициналық жабдықтарды тараттық. Жалпы құны 500 миллион теңгеден астам көмек көрсетілді. Сондай-ақ аурудан кейін оңалтуды қажет еткен азаматтарды шипажайларға жіберіп, денсаулығын қалпына келтіруге жағдай жасадық», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ-ның «30 Еңбек елшісі» жастар жобасы туралы да айтып өтті.

«Біздің ұстанымымыз: жастар – бұл болашақ қана емес, қазіргі уақыттың қозғаушы күші. Біз елдің түкпір-түкпіріндегі белсенді жастардың бастамаларын қолдаймыз, оларды оқытып, қолдау көрсетеміз. Бүгінде олар өз өңірлерінде кәсіподақтың әділеттілік қағидаттарын жастар ортасына жеткізуде. Қазіргі кезде кәсіподақ мүшелерінің үштен бірі – жастар», – деді Қазақстан кәсіподақ көшбасшысы.

Кездесу соңында Рио Саито Қазақстан кәсіподақтарының тәжірибесін Жапонияда қолдануға мүдделі екенін жеткізді.

Тараптар кәсіподақ күн тәртібіндегі барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы