Бейсенбі күні, 10 шілдеде Астанада Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің (БЕАК) Бас хатшысы Эстер Линч пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева арасында мазмұнды кездесу өтті.
Кездесуге сондай-ақ Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев қатысты. Ол технологиялық өзгерістер үдей түскен қазіргі кезеңде халықаралық әріптестікті нығайтудың маңызын атап өтті.
«Екатерина Смышляева кәсіподақ қозғалысының табиғатын терең түсінеді. Ол осы саладан шыққан, Қостанай облысындағы аумақтық кәсіподақтар бірлестігін басқарған. Бүгінде заңнамалық процестерге белсенді араласып, БЕАК-мен қарым-қатынас аясында маңызды рөл атқарып отыр», – деді Нұрлан Өтешев.
Кездесудің негізгі өзегі – еңбек саласындағы цифрлық процестерді, оның ішінде жасанды интеллект алгоритмдерінің қолданысын және жұмыстың жаңа түрлерін құқықтық тұрғыда реттеу мәселелері болды.
Эстер Линч цифрлану жағдайында жұмыскерлердің құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты Қазақстанның ұстанымын түсінуге мүдделі екенін білдіріп, БЕАК ортақ бастамаларды ілгерілетуге дайын екенін атап өтті.
«Сіздердің көзқарастарыңызды есту мен үшін аса маңызды. Бүгінгі әлем қарқынды өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар еңбек нарығын түбегейлі түрлендіріп келеді. Мұндай жағдайда біз жұмысшылардың мүддесін қорғау жолдарын нақты білуіміз керек. БЕАК бұл жағдайда Қазақстандағы әріптестерін қолдауға әзір», – деді Бас хатшы.
Өз кезегінде Екатерина Смышляева Қазақстанда цифрлық өзгерістерге құқықтық тұрғыда жауап беру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
«Қазіргі таңда Парламент Кәсіподақтар федерациясының сарапшыларымен бірлесіп, еңбек саласындағы жасанды интеллектті реттеуге арналған жеке заң жобасын әзірлеу үстінде. Еуропа елдерінің тәжірибесі сарапталып, бұл мәселені дербес құқықтық реттеу қажет деген қорытындыға келдік. Біз үшін ең басты қызығушылық – халықаралық құқықтық тәжірибе, оның ішінде платформалық жұмыспен қамту мен алгоритмдік басқару жағдайындағы еңбек құқықтарын қорғау тәсілдері», – деді депутат.
Ол сондай-ақ Қазақстанның технологиялық жаңғыру мен адам құқықтарын сақтау арасындағы тепе-теңдікті ұстануға ниетті екенін атап өтті.
«Бүгінде әрбір технологиялық жаңалық – жұмыс орнын қайта бейімдейтін фактор. Сондықтан мемлекеттік саясат уақытында бейімделіп отыруы тиіс. Біз жасанды интеллект алгоритмдерін реттейтін, оның шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз ететін, әрі адам факторын басқарудың шешуші кезеңдерінде сақтап қалатын құқықтық негіздің қажеттілігі туралы қызу талқылау жүргізіп жатырмыз», – деді Екатерина Смышляева.
Жауап ретінде Эстер Линч еңбек саласында жасанды интеллектті қолдануға қатысты БЕАК-нің бес негізгі қағидатын атап өтті.
«Біздің басты ұстанымымыз – жасанды интеллект жұмыскерлердің негізгі құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмеуі керек. Технологиялар адамға қызмет етуі тиіс, керісінше емес. Сондай-ақ кәсіподақтар еңбек қатынастарының жаңа түрлерін реттеу үдерісіне толыққанды қатысушы болуы қажет деп санаймыз», – деді БЕАК Бас хатшысы.
Кездесу соңында Екатерина Смышляева цифрлық дәуірдегі еңбек құқықтарын қорғау мәселесінде кәсіподақтардың рөлі ерекше екенін атап өтті.
«Бүгінде кәсіподақтар заңнамалық процестерге белсене араласып, ашық диалог пен тәжірибе алмасуға негізделген серіктестікке ұмтылып отыр», – деп түйіндеді ол.
Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының Медиаорталығы