9–10 шілде күндері Астана қаласы халықаралық кәсіподақ қозғалысының назарын өзіне аударды – Орталық Азия өңірінде тұңғыш рет Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесі (БЕАК) ұйымдастырған Жазғы мектеп өтті. Ауқымды кәсіподақ форумына әлемнің 50-ден астам елі – Еуропа мен Азияның ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары мен өкілдері, халықаралық кәсіподақ қозғалысының көшбасшылары қатысты. Шараны Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Еуропа кәсіподақтар конфедерациясымен бірлесіп ұйымдастырды. Биылғы Жазғы мектептің тақырыбы – «Ұжымдық келіссөздер және жұмыс орнындағы демократия».
Екі күн бойы қазақстандық және халықаралық сарапшылар жаһандық кәсіподақ күн тәртібін талқылап, әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелерге назар аударды. Жазғы мектеп – еңбек құқықтарын қорғау, ұжымдық келіссөздер жүргізу, жұмыс орнындағы демократия, жасанды интеллекттің еңбек қатынастарына әсері және жасыл экономикаға әділ көшу сияқты маңызды мәселелерді көтерген бірегей алаң болды.
Шараның ашылуында Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Еңбеккерлер қызметі бюросының директоры Мария Хелена Андре сөз сөйлеп, қазіргі еңбек саласындағы сын-қатерлерге тоқталды.
«Еңбек қауіпсіздігін реформалау, негізгі Конвенцияларды ратификациялау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және жалпы кәсіподақтардың ілгерішіл қызметі бойынша жақсы мысалдар Қазақстан, Армения және Молдова ұлттық кәсіподақ орталықтарында байқалып отыр, – деп атап өтті ол.
Цифрлық экономика мен технологиялардың еңбек нарығына әсері жайлы айта келе, Мария Хелена Андре бұл өзгерістер кәсіподақтардың белсенді қатысуымен және халықаралық еңбек стандарттарына сай жүзеге асырылуы тиіс екенін баса айтты.
ХЕҰ Еңбеккерлер қызметі бюросының директоры халықаралық кәсіподақ қауымдастығын еңбек саласындағы жаңа әлеуметтік келісімдерді қалыптастыруға шақырды. Оның айтуынша, мұндай келісімдердің өзегінде еңбектің шынайы мәні, әділеттілік, теңдік пен демократия тұруы керек.
«Жұмыс орнындағы демократия – тұрақты дамудың ажырамас бөлігі. Біз әрбір кеңседе, әрбір кәсіпорында және әрбір елде жұмысшылардың үні естілуі үшін жағдай жасауымыз қажет», – дейді ол.
Сонымен қатар, спикер Қазақстан кәсіподақтарының бұл бағыттағы оң тәжірибесіне ерекше тоқталды:
«Қазақстан Республикасының кәсіподақтары елеулі демократиялық өзгерістер жолынан өтті және өтпелі кезеңнің қиындықтарын еңсере білді», – деді Мария Хелена Андре.
Армения Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Элен Манасерян кәсіподақ белсенділерінің құқықтарын қорғау тәжірибесімен бөлісіп, жаһандық негіздемелік келісімдердің орындалуына қатаң бақылау қажеттігін атап өтті.
«Кәсіподақ қызметін криминализациялау және көшбасшыларды сотпен қудалау жағдайында біз бірлесу бостандығына нақты қауіп төніп тұрғанын көріп отырмыз. Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, тіпті ең күрделі жағдайларда да ұлттық және халықаралық деңгейлердегі сот қорғауы мен ынтымақты қолдау оң нәтиже береді. Біз Армения тарихында алғаш рет кәсіподақ жетекшісін кемсіту туралы істе жеңіске жеттік. Бұл болашақтағы күреске рух беретін үлгі болды», – деп атап өтті Элен Манасерян.
Келісімдердің заңды күші болмаса да, олар тиімді мониторинг, арбитраждық тетіктер мен жұмыс берушілер тарапынан адал орындау жағдайында қызметкерлердің құқықтарын қорғаудың пәрменді құралына айнала алатыны айтылды.
Жасанды интеллект пен алгоритмдерді жұмыс орнында қолдану бойынша стандарттарды қалыптастыруға кәсіподақтардың қатысуының маңызын Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының заңгері Зузанна Мускат-Горска өз сөзінде ерекше атап өтті.
«Кәсіподақтар бұл үдерісте жай ғана сырттай бақылаушы емес, толыққанды қатысушы болуы тиіс. Тек сонда ғана біз қызметкерлердің негізгі құқықтары мен еңбек қадірін қорғап қала аламыз», – деп түйіндеді ол.
Қазақстан Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Егор Каппель агросекторға цифрлық технологияларды енгізудің өзектілігіне тоқталды.
Оның пікірін Бүкілнорвегиялық кәсіподақтар ұйымының кеңесшісі Янина Уннли мен Еуропалық кәсіподақтар институтының аға ғылыми қызметкері Торстен Мюллер де қолдады.
Италияның тәжірибесімен Бүкілиталиялық еңбек конфедерациясының саясат жөніндегі маманы Моника Череминья бөлісті.
UNI Global Union ұйымының департамент басшысы және жобалар директоры Гиедре Лелите жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың еңбек саласына ықпалы туралы баяндады.
«Жасанды интеллект біздің қалай жұмыс істейтінімізді, жұмыс орнындағы шешімдердің қалай қабылданатынын және жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы диалогтың қалай құрылатынын өзгертіп жатыр. Бұл үдеріс еңбекті қорғаудың негізгі қағидаттарын қайта қарауды және ұжымдық күрес тетіктерін жаңартуды талап етеді», – деді Гиедре Лелите.
Бүкілпольшалық кәсіподақтар альянсының президенті Петр Островский әріптестеріне еңбек құқықтары, көші-қон және кәсіподақ қызметі бойынша ақпараттық-кеңестік көмек көрсетуге арналған «Наджея» (Надежда) атты кәсіподақ чат-ботының жұмысын таныстырды. Бұл – жұмыскерлерге қолдау көрсететін инновациялық құрал.
Еуропалық кәсіподақтар институтының аға ғылыми қызметкері Аида Понсе дель Кастилло алгоритмдік басқарудың еңбек жағдайлары мен қызметкерлердің құқықтарына әсері туралы мәлімдеді.
ХКК Әйелдер комитетінің мүшесі Раиса Липартелиани өз сөзінде цифрландырудың еңбек қатынастарына әсері мен гендерлік аспектілердің өзара байланысын атап өтті.
«Әйелдердің шынайы өмірлік жағдайларын елемейтін еңбек талаптары орын алған жағдайда, біз гендерлік теңдік туралы сөз ете алмаймыз. Еңбек үдерістері тек технологиялық тұрғыдан емес, әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан да әділ болуы тиіс», – деді Раиса Липартелиани.
Бүкілеуропалық аймақтық кеңестің (БЕАК) Жастар комитетінің президенті Никола Бобич жастар мен платформалық жұмыскерлердің ұжымдық келіссөздердегі рөлін ерекше атап өтті.
«Егер біз жастардың тілімен сөйлемесек, олардың үйреншікті технологияларын қолданбасақ, шынайы өмірлік шындығын ескермесек – біз тұтас бір ұрпақты жоғалтамыз. Кәсіподақтарды жаңғырту ең алдымен еңбек ететін жастардың қажеттілігін түсінуден басталуы керек», – деп тілге тиек етті ол.
Никола Бобичтің айтуынша, жастарды кәсіподақ жұмысына тарту жеткіліксіз – оларға нақты ықпал ету тетіктерін беру маңызды. Бұл – келіссөздерге қатысу құқығы, білім алу мүмкіндігі, көшбасшылыққа жол ашу және өз күн тәртібін қалыптастыру құқығы.
Жиын соңында ХКК БЕАК Бас хатшысы Эстер Линч сөз сөйлеп, халықаралық кәсіподақтар қауымдастығы жұмысының басым бағыттарын белгіледі.
«Ең алдымен, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясына осындай маңызды шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын. Федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталинге елдің кәсіподақ қозғалысын жоғары деңгейге көтергені үшін ризашылығымды білдіремін. Мұндай кездесулер – тек тәжірибе алмасу емес, сондай-ақ нақты өзгерістерге жол ашатын алаң», – деді ол.
Эстер Линчтің айтуынша, Астанада ұсынылған бастамалар мен ұсыныстар БЕАК-нің биыл қарашада өтетін сессиясында қаралып, бекітіледі.
«Біз стратегиялық бағыттарды айқындадық. Бұл – жай идеялар емес, біз барлық деңгейде алға жылжытып, заңнамалық және саяси әрекеттерге негіз болатын нақты бағдарлар болмақ», – деп түйіндеді ол.
Жазғы мектеп барысында халықаралық кәсіподақ қозғалысы алдында тұрған өзекті сын-қатерлерді Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Люк Триангл баяндады.
«Жасанды интеллект пен цифрлық платформалар жұмыспен қамтудың құрылымын түбегейлі өзгертіп жатыр. Егер біз тиісті құқықтық реттеу жүйесін қамтамасыз етпесек, бұл үдерістер әлеуметтік әділеттілік пен ұжымдық құқықтарды әлсіретуі мүмкін», – деді ХКК Бас хатшысы.
Люк Триангл әсіресе ұжымдық келіссөздерді әлеуметтік әділеттіліктің басты тетігі ретінде сақтап қалудың маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, қазіргі жағдайда кәсіподақтар жасанды интеллектті қолдану ережелерінің ұжымдық шарттарға енгізілуін талап етуі қажет. Бұл – жұмыскерлерді ақпараттандырудан бастап, автоматтандырылған бақылаудың шегін белгілеу және шешім қабылдау үдерісіне еңбек адамының қатысуы сынды мәселелерді қамтуы тиіс.
Өз сөзінде Люк Триангл Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясына Жазғы мектепті жоғары деңгейде өткізгені және еңбек саласындағы цифрлық трансформация бойынша белсенді ұстанымы үшін алғысын білдірді.
«Кәсіподақтар әділетті цифрлық көшудің нақты стратегиясын әзірлеуі керек. Қазақстан кәсіподақтары цифрлық күн тәртібіндегі белсенді ұстанымымен ерекшеленіп, технологиялық өзгерістер жағдайында өз стратегиясын қалыптастыра алатын ел ретінде танылып отыр. Цифрлық трансформация тек әлеуметтік жауапкершілік пен ұжымдық қатысу қағидаттары негізінде ғана жүзеге асуы мүмкін, – деді ол.
Жазғы мектеп аясындағы қорытынды баяндамасында ХКК БЕАК Вице-президенті, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелермен бөлісті.
«Бүгінде біз екіжақты жағдайда тұрмыз. Бір жағынан, бейресми жұмыспен қамтудың жоғары үлесі, кәсіподақтардың әлеуметтік саясатқа толыққанды қатыспауы, қызметкерлердің заңды және нақты қорғалуы арасындағы алшақтық сияқты мәселелер әлі де бар. Екінші жағынан, оң өзгерістер де байқалады: Қазақстан тарихында алғаш рет ел басшылығы Жұмысшы мамандықтары жылын жариялады, Федерация Ұлттық құрылтай жұмысына лайықты еңбек бастамаларымен қатысуда, лайықты еңбектің Ұлттық бағдарламасын ілгерілету және еңбекті қорғауды негізгі құқық ретінде заңмен бекіту туралы ұсыныстар бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Біз кәсіподақ құрылымдарында әйелдер мен жастардың өкілдігін айтарлықтай арттырдық. Жастар мен әйелдерді тарту – біздің стратегиялық басымдығымыз. Кәсіподақ көшбасшыларының жаңа буынынсыз болашағымыз болмайды», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Жазғы мектеп барысында көтерілген тақырыптар мен пікірталастардың мазмұнды болғанын жоғары бағалап, шара қорытындыларын түйіндеді.
«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы үшін ХКК БЕАК Жазғы мектебі – кәсіби диалог алаңы, халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың, жаңа бастамаларға серпін берудің кезеңі. Астанада өткен бұл мектеп біз үшін тарихи белеске айналды. Ол бізге жаһандық кәсіподақ қауымдастығы аясындағы өз рөлімізді жаңаша пайымдауға мүмкіндік берді», – деді ҚРКФ Төрағасы.
Оның айтуынша, Жазғы мектепте қаралған тақырыптар Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының күн тәртібімен толық үндесіп отыр.
«Біз кәсіподақ қауымдастығы алдында тұрған маңызды сұрақтарға жауап алдық: Халықаралық еңбек ұйымының лайықты еңбек принциптерін дәстүрлі жұмыстың орнына цифрландыру басым болған нарыққа қалай бейімдеуге болады? Экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік әділеттілік арасындағы теңдікті қалай қамтамасыз етуге болады? Кәсіподақ жүйелерінің әртүрлілігі жағдайында халықаралық бірлік қандай форматта тиімді? Біз бір-бірімізді тыңдадық. Контекст пен даму деңгейі әртүрлі болса да, бізді ортақ нәрсе біріктіреді: еңбек адамының құқығын қорғау, әділеттілік үшін күрес, тұрақты әрі ынтымақты болашаққа ұмтылу. Бізге ортақ талқы және шешім іздеуге мүмкіндік берген Халықаралық кәсіподақ конфедерациясына, Еуропалық кәсіподақ конфедерациясына және Бүкілеуропалық аймақтық кеңеске алғысымыз шексіз. Бұл жұмыс мұнда аяқталмайды, ол күнделікті жұмыста, келіссөздерде және оқытуда жалғасады. Қазақстанда айтылатын сөз бар: «Бірлік болмай, тірлік болмас». Яғни, бірлік болмаса, алға жылжу болмайды. Астана сіздердің есіңізде жаңа идеялар туып, жаңа бастамалар өмірге келіп, ынтымақтың күші артқан орын ретінде қалсын», – деп сөзін түйіндеді ҚР кәсіподақ федерациясының төрағасы.
Халықаралық форумды аяқтаған Бүкілеуропалық аймақтық кеңес төрағасы, Молдова Ұлттық кәсіподақ конфедерациясының төрағасы Игорь Зубку өткен шараның тарихи маңыздылығын атап өтті.
«Астанада өткен Жазғы мектеп – кәсіподақ қозғалысының жаңа стратегияларының негізі болатын идеялар айтылған алаң. Екі күн ішінде қатысушылар форумның басты тақырыбы – «Ұжымдық келіссөздер және жұмыс орнындағы демократия» мәселесін заманауи сын-қатерлер – цифрландыру, бейресми жұмыстың өсуі, саяси-экономикалық тұрақсыздық жағдайында еңбек құқықтарына қысым арқылы қарастырды. Бүгінгі күні келіссөздерді еңбек қатынастарының орталығына қайтару бұрынғыдан да маңызды. Бұл еңбек демократиясының негізі. Жұмысшының дауысы естіліп, оны тыңдау – біздің ортақ миссиямыз», – деді ол.
Игорь Зубку форум ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына жоғары деңгейдегі ұйымдастыру үшін алғыс айтып, бұл шара талқыланған бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыру үшін негіз болуы тиіс екенін атап өтті.
«Жазғы мектепті аяқтай отырып, біз халықаралық кәсіподақ ынтымақтастығын нығайтуға, үздік тәжірибелерді елдерімізде енгізуге және еңбекшілердің құқықтарын барлық деңгейде қорғауға қатты ниеттіміз», – деп қорытындылады ол.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы