Бейсенбі күні, 10 шілдеде Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясы арасында өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылды. Құжатқа Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясы төрағасы Мурадил Джумадилде уулу қол қойды.
Тараптар еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік-еңбек саясаты, кәсіподақтық білім беру салаларында тәжірибе алмасуды, сондай-ақ халықаралық және өңірлік алаңдарда өзара қолдауды күшейтуді мақсат етіп отыр.
Келісім шеңберінде еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы, ұжымдық-шарттық қатынастарды дамыту, бірлескен білім беру жобаларын әзірлеу және жүзеге асыру сияқты бағыттар бойынша тұрақты ынтымақтастық пен ортақ іс-шаралар өткізу көзделген.
Келісімге қол қою барысында Сатыбалды Дәулеталин қос мемлекеттің кәсіподақ ұйымдары арасындағы ынтымақтастық терең тарихи негізге ие екенін, соның ішінде Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі аясындағы әріптестікті ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі келісім екі елдің ұлттық кәсіподақ орталықтарының өзара байланысын жаңа, жүйелі деңгейге көтереді.
«Қазақстан мен Қырғызстан – бауырлас елдер. Бізді ортақ тарих, ұқсас әлеуметтік жағдайлар және еңбек құндылығына деген көзқарас біріктіреді. Бүгінде біздің кәсіподақтар Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі аясында ортақ алаңда бірлесе әрекет етуде. Біз Орталық Азияны еңбек құқығы мықты қорғалатын өңірге айналдыруды қалаймыз. Бұл мақсатқа тек өзара ынтымақтастықты дамыта отырып қол жеткізе аламыз. Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының жаңа басшылығы Қырғызстандағы кәсіподақ қозғалысының дамуына оң өзгерістер енгізіп жатқанына сенімдімін. Біз әрдайым қолдауға және тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Оның айтуынша, бүгінгі келісім – нақты практикалық қолдауға, тәжірибе алмасуға деген шынайы мүдделіліктің айғағы.
Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Мурадил Джумадилде уулу өз сөзінде қазақстандық тарапқа шынайы алғысын білдірді.
«Мен кәсіподақ қозғалысына алғаш келген кезімде маған алғашқы болып қолдау білдірген – Сіз едіңіз, Сатыбалды аға. Мен әрқашан «менің ағам бар» деп айтамын. Сіздің қолдауыңыз біз үшін өте маңызды. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының ауқымды тәжірибесі бар, біз оны зерттеп, өз жағдайымызға бейімдеуге ниеттіміз», – деді ол.
Сонымен қатар, ол Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясында жүргізіліп жатқан реформалар елдегі әлеуметтік-әріптестік қатынастардың дамуына оң әсер еткенін және кәсіподақтарға деген сенімді қайтарып жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, биыл Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясы Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесіне төрағалық етуде. Алдағы бірнеше айда бұл кеңестің кезекті отырысы Бішкек қаласында өтеді деп жоспарланған.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы