Астана қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) мен Грузия Кәсіподақтар конфедерациясы арасындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл маңызды құжат кәсіподақтар арасындағы бауырластық байланысты одан әрі нығайтып, екі ел арасындағы кәсіподақ әріптестігінің жаңа кезеңін бастады.
Меморандумға ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен Грузия Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Ираклий Петриашвили қол қойды. Құжат еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау, әлеуметтік диалогты дамыту, әділетті еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мен заманауи еңбек заңнамасын жетілдіру бағыттарындағы бірлескен жұмысты көздейді.
Кездесу барысында Сатыбалды Дәулеталин Грузия делегациясын қарсы алып, Ираклий Петриашвилидің Қазақстандағы кәсіподақ жүйесін демократияландыру кезеңінде көрсеткен қолдауын ерекше атап өтті.
«2020 жылы Федерация басшылығының Грузияға алғашқы сапары біздің үлкен жолымыздың, даму мен демократиялық өзгерістердің бастауы болды. Сол кезде бізге жүрегімен сеніп, халықаралық кәсіподақ кеңістігінде алғашқылардың бірі болып қолдау білдірген Ираклий Петриашвили еді. Грузия кәсіподақтары күресте де, ынтымақтастықта да мол тәжірибе жинақтаған ұйым. Біз сол тәжірибеден сабақ аламыз. Сонымен қатар, біздің де бөлісуге тұрарлық оң тәжірибелеріміз бар» , – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Өз сөзінде Грузия Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Ираклий Петриашвили Қазақстан кәсіподақтарының стратегиялық көзқарасын жоғары бағалап, Федерацияның ашықтығы мен кәсібилігін тілге тиек етті.
«Біз бірнеше күн ішінде Жазғы мектеп пен Съезд аясында Федерацияның демократиялық әрі шынайы атмосферасын сезіндік. Мұнда ерекше рух пен мәдениет қалыптасқан. Құрметті Сатыбалды, Сіздің бастамаларыңыздың арқасында Қазақстан кәсіподақтары ізгілік пен парасаттылықтың айнасына айналды. Адам – өз елінде отбасының айнасы болса, шетелде – ұлтының айнасы. Сол себепті, алғаш рет халықаралық кәсіподақ көшбасшылары Қазақстанға келіп, Федерация жұмысына белсене қатысты. Сіздер жүріп өткен жол – тәжірибе алмасуға тұрарлық. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы – мемлекеттік көзқараспен ойлайтын азаматтық институт. Мен мұнда келіп отырған себебім – осы уақытқа дейінгі атқарған ортақ еңбегімізге әділ баға беру. Қазақстан мен Грузия кәсіподақтарының бауырластық байланысын одан әрі нығайтатын Меморандумға қуана қол қоямын», – деді Ираклий Петриашвили.
Қол қойылған Меморандум мынадай маңызды бағыттарды қамтиды: еңбек және әлеуметтік құқықтарды қорғаудағы тәжірибе алмасу, әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту, кәсіподақтық білім беру және кадрларды қайта даярлау, еңбек қауіпсіздігі, техника қауіпсіздігі мен экология мәселелері, Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) және өзге де халықаралық алаңдарда ұстанымдарды келісу, еңбеккерлер мүддесін көздейтін бірлескен бағдарламалар әзірлеу және тағы басқа бағыттар.
Тараптар бұл әріптестік екі елдің кәсіподақ қозғалысына тың серпін беріп, озық тәжірибемен алмасуға, бірлескен оқу және зерттеу жобаларын ұйымдастыруға жол ашатынына сенім білдірді. Ынтымақтастықтың іргесі әділет, адам құқықтарын құрметтеу және кәсіподақтық ынтымақ секілді ортақ қағидаттарға негізделмек.
Сапар барысында грузиялық делегация ҚРКФ-ның open space кеңістігімен – жастарға арналған коворкинг орталық, оқу залы, заң клиникасы мен ҚРКФ мұражайымен танысты. Қонақтар Федерация жұмысының заманауи және мазмұнды түрде ұйымдастырылғанын атап өтті.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы