Қызылорда қалалық әкімдігінің мәжіліс залында әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссиясының отырысы өтті.
Күн тәртібінде еңбек қатынастары жайлы мәселелер қаралды.
Атап айтқанда, жұмысшыларға жалақының уақытылы төленбеуі, міндетті әлеуметтік жарналардың аударылмауы кеңінен талқыланды. Отырыс барысында қала аумағындағы бірқатар кәсіпорындарда еңбекақы қарыздарының қалыптасқанын атап өтілді.
Бұл жағдай жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына теріс әсер етіп, еңбек құқықтарының бұзылуына әкелетінін және Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақ бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева өз тарапынан бұл мәселелерге байланысты өз пікірін айқын жеткізді.
Кәсіподақ маманы жұмыс беруші еңбек қатынастарына түсіп, еңбек шартын жасасу арқылы жұмысты орындағаны үшін жұмыскер алдында өзіне алған міндеттемелерді оны қаржыландыру көздерінің қай жақтан екендігіне қарамастан орындауы тиіс екендігіне назар аудартты. Сонымен қатар, міндетті зейнетақы және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аудармау фактілері де назардан тыс қалмады.
Отырыста қатысушылар еңбек заңнамаларын бұзған мекемелерді жауапкершілікке тарту, мемлекеттік еңбек инспекциясы тарапынан бақылауды күшейту және кәсіподақтармен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі жөнінде бірқатар ұсыныстар қабылдады.
Комиссия шешімімен тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, аталған мәселе назарда болатыны жеткізілді.