ҚРКФ Төрағасы «Qarmet» кенішінің 600 метр тереңдігіндегі қауіпсіздік жүйесін тексерді

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ-ның XXVII Съезінде сайланғаннан кейінгі алғашқы жұмыс сапары аясында Қарағанды облысында еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді.

“QARMET” АҚ компаниясының көмір департаментіне қарасты Түсіп Күзембаев атындағы көмір өндіру кенішінде ҚРКФ төрағасы кеншілермен, Көміршілер салалық кәсіптік одағы «Қазақ көмір кәсіподақ» ҚБ-нің “Қорғау” көміршілер кәсіподағы белсенділерімен және шахта басшылығымен кездесті. Сонымен қатар, ол 600 метр тереңдікте орналасқан 1-ӨЖУ (өткелдік жұмыстар учаскесі) учаскесіндегі Александр Лукьянов бригадасына барып, жұмыс ауысымына қатысты.

«QARMET» көмір департаментінің кәсіподақ ұйымдары төрағаларымен – «Қорғау» кәсіподағының кәсіподақ белсенділерімен кездесуді аша отырып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қарағанды кеншілеріне сайлауалды науқан кезінде көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтып, екі жыл бұрын Т.Күзембаев атындағы кенішіне алғаш түскен кезінде уәде еткендей, кеншілерге қайта келгенін атап өтті.

«Ең алдымен, мен баршаңызға маған білдірген қолдауларыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Қарағанды кеншілерінің қолдауы – біз соңғы бес жылда дұрыс жолмен келе жатқанымыздың, өзекті мәселелерді шешуге көмектесе алғанымыздың дәлелі. Мен осы жылдар ішінде нақты не өзгергенін көру үшін және сіздерден бүгінгі жағдай туралы өздеріңізден есту үшін тағы да келуді жөн көрдім. Екі жыл – аз уақыт емес, белгілі бір шараларды жүзеге асыруға жеткілікті мерзім. Кәсіпорында бірқатар қадамдар жасалып жатқаны маған белгілі, бірақ кеншілердің қазіргі жағдайы туралы сіздерден тікелей естігім келеді. Съезд барысында біз жаңа Стратегияны қабылдадық және оны жүзеге асыруға кірістік. Алда тұрған жаңа міндеттер – еңбек жағдайларын жақсарту, жұмыс орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әлеуметтік кепілдіктерді жетілдіру және әрбір жұмыскердің, соның ішінде кеншілердің де құқықтарын қорғауға бағытталған», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Өз кезегінде, көмір департаментінің кәсіпорындарындағы ондаған бастауыш кәсіподақ ұйымдарын біріктіретін «Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев ҚРКФ қызметінің арқасында кешілер өмірінде оң өзгерістер орын алғанын атап өтті.

«Мен XXVII Съездің делегаты болдым және мінберден сөз сөйледім. Кеншілердің ауыр еңбегі туралы айтуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғыс айтамын. Осы бес жыл ішінде Федерацияның қолдауымен көптеген жұмыстар атқарылды – еңбек жағдайлары жақсарды, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қолға алынды, кеншілердің зейнеткерлік жасы мәселесі орнынан қозғалды, Кәсіптік аурулар жөніндегі ұлттық институт қалпына келтірілді. Шілде айының басында кеншілер Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Халықаралық еңбек ұйымы ұйымдастырған халықаралық семинарға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл дегеніміз – біз де ҚРКФ-пен бірге халықаралық кеңістікке шығып жатырмыз. Бүгін жаңа кезеңдегі алғашқы жұмыс сапарыңызды сіз дәл осы кеншілерден бастадыңыз», – деді Евгений Буслаев.

Түсіп Күзембаев атындағы шахтаның директоры Сергей Потемкин кәсіпорындағы әлеуметтік әріптестіктің дамуы туралы айтып өтті.

«Кеніш жоспарлы тапсырмаларды орындай отырып, тұрақты жұмыс істеп тұр. Біз 2025–2027 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шартқа қол қойдық. Бұл шарт қызметкерлерге әлеуметтік кепілдіктерді тиімді ұсынуға мүмкіндік береді. Кәсіподақпен бірлесіп, бұл шартты жүзеге асыру бағытында жұмыс істейміз. Шахтада 1392 адам жұмыс істейді және олардың барлығы кәсіподақ мүшелері», – деді кәсіпорын директоры Сергей Потемкин.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Федерация мен әлеуметтік әріптестер үшін басты басымдық – жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып қала беретінін еске салды.

«Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау – ең басты басымдық. Біз 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын және өнеркәсіптік қауіпсіздік тұжырымдамасын әзірлеу мен қабылдау жұмысына қатыстық. Біздің бастамамызбен еңбек инспекциясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілді – бұл маңызды қадам.
Кеншілердің зейнеткерлік жасын төмендету мәселесіне қатысты – 30 жыл ішінде алғаш рет нақты қадам жасалды: зиянды және қауіпті жағдайларда жұмыс істейтін адамдарға арнайы төлемдер тағайындалды, зейнеткерлік жас мәселесі мен регрессниктер мәселесін шешу үшін жұмыс топтары құрылды.Кеншілер үшін қауіпсіз еңбек мәселесі Республикалық үшжақты комиссия отырысында көтерілді, онда «QARMET» басшысы есеп берді. Дегенмен, шешілмеген мәселелер әлі де көп – өндірісті жаңғырту, кеніштерде қауіпсіздік жүйелерін іске қосу. Қазіргі таңда біз Халықаралық еңбек ұйымының №176 конвенциясын – кеніштердегі еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы жөніндегі конвенцияны ратификациялауды жеделдетуді талап етіп отырмыз. Бұл құжатта қауіпсіздіктің негізгі стандарттары қамтылған – жұмыс берушінің кеніштегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері, сондай-ақ жұмысшылар мен мемлекеттік органдардың міндеттері нақты көрсетілген. Қазір сіздердің кәсіпорындарыңызда өндірістік кеңес жақсы жұмыс істеп жатыр. Біз техникалық инспекторлардың өкілеттіктері мен мәртебесін күшейту туралы ұсыныс енгіздік. Сондай-ақ, барлық кәсіпорындар мен ұйымдарда өндірістік кеңес құру нормасын Еңбек кодексіне енгізуді ұсынып отырмыз. Біз өз ұстанымымызды нақты айқындадық – ешкім де жұмыс орнында қаза болмауы тиіс. Бұл – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем кәсіподақтарының нақты ұстанымы», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Кездесу соңында «QARMET» көмір департаментінің кәсіподақ белсенділерімен кездесуі барысында ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин тазарту забойының тау-кен жұмыскері, №2 тау-кен учаске бригадирі Игорь Белоусовты (еңбек өтілі – 34 жыл) және №1 тазарту учаскесінің тау-кен жұмыскері Рымбек Нұрмағамбетовті (еңбек өтілі – 30 жыл) «Еңбек озаты» медалімен марапаттады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Түсіп Күзембаев атындағы кеніштегі әкімшілік ғимаратта кеншілердің орналасу жүйесін бақылауға жауапты диспетчерлік қызметтің жұмысымен танысты.

Айта кетейік, екі жыл бұрын Қарағанды облыстық үшжақты комиссиясының отырысы барысында Сатыбалды Дәулеталин сол кездегі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығын қатаң сынға алып, көмір департаментінің барлық кеніштерінде позициялау жүйелерін жедел орнату қажеттігін мәлімдеген болатын. Ол кезде бұл жүйелер пилоттық режимде Т.Күзембаев атындағы және «Қазақстан» кеніштерінде ғана орнатылған еді.

Т.Күзембаев атындағы кеніштегі бас инженер Александр Перебериннің айтуынша, позициялау жүйесі қазір төрт кеніштe орнатылған, ал қалған кеніштерде жүйені орнатуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Қызметкерлерді позициялау жүйесі кеніштегі барлық тау-кен қазбаларында олардың нақты орналасқан жерін, тіпті электр энергиясы жоқ жағдайда да бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе диспетчерлік пункттегі мониторға нақты уақыт режимінде адамның қай жерде жүргені туралы ақпарат береді. Аталған жүйе төтенше жағдай кезінде кеншілерді іздеу және құтқару уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді», – деді Александр Переберин.

Позициялау жүйесінің кеніштегі нақты жұмысын ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өзі көзбен көріп, 600 метр тереңдікте орналасқан 1-ӨЖУ (өткелдік жұмыстар учаскесі) учаскесіндегі қазба өткеліне түсті. Александр Лукьянов басқаратын екінші жұмыс ауысымында тау жыныстарын қазу жұмыстары жүргізілді. Қазба өткелі – тау-кен жұмыстарының маңызды бөлігі. Оны дұрыс ұйымдастырып, тиісті күйде ұстау кеніштің басқа аймақтарында, соның ішінде тікелей көмір өндірілетін учаскелерде де, қазба жұмыстарының қауіпсіздігін, желдетілуін және тиімділігін қамтамасыз етеді.

Александр Лукьянов басқаратын екінші ауысымда жас кеншілер жұмыс істейді. Олардың қатарында тау-кен техникасының машинисі Виктор Баскевич, өткел қазушылар Артём Кашанов, Виталий Рыжков, Денис Лазарев және жерасты электр слесары Александр Панин бар.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасымен әңгіме барысында 28 жастағы Виктор Баскевич өзінің күнделікті жұмыс тәртібі мен тау-кен өндіру машиналары машинисінің міндеттері жайлы айтып берді. Ол бұл кеніште жеті жылдан бері жұмыс істейтінін жеткізді.

«2018 жылы колледжді аяқтаған соң осы кенішке жұмысқа тұрдым. Алғашында үлкендерден үйрендім. Қазір өзім — тау-кен өндіру машиналарының машинисімін, комбайнермін. Әр ауысымда жоспарды орындауға, тіпті артығымен орындауға тырысамыз. Бір метр тау жыныстарын қазу бірнеше сағатты, кейде бүкіл ауысымды алуы мүмкін. Бұл тау жыныстарының тығыздығына байланысты», – деді Виктор Баскевич, тас қабырғаға қарап.

Жас кеншілер кеніштегі жұмыстың оңай емес екенін жасырмайды. Алайда шағын ұжымның бірлігі, бір-біріне деген қолдауы және бригадир Александр Лукьяновтың тәжірибесі — учаскенің табысты жұмыс істеуінің басты кепілі. Жігіттер орта есеппен 750 мың теңге көлемінде жалақы алатынын, бұл отбасын асырауға жеткілікті екенін айтты.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кеншілерге атқарып жатқан еңбектері үшін алғысын білдіріп, индустрия саласында ұрпақтар сабақтастығының маңызын атап өтті:

«Көздеріңізден от, жүздеріңізден қуаныш көріп тұрмын. Қиын жұмыстарыңызға қарамастан, күн сайын ең күрделі учаскелерде еңбек етіп жүрсіздер. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмысшы мамандықтар жылын жариялады. Осыған орай жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге, еңбек жағдайын жақсартуға, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге және өндірістегі ұрпақтар байланысын қалпына келтіруге баса мән беріліп отыр. Сіздердің бригадаларыңыз – осы бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесі. Қазірдің өзінде адал еңбек етіп, ел экономикасына үлес қосып жатырсыздар. Кәсіподақтардың басты мақсаты – сіздердің құқықтарыңызды қорғап, еңбек жағдайларыңызды жақсартуға жан-жақты қолдау көрсету. Өйткені, еліміздің басты құндылығы — еңбек адамдары. Ол — сіздер», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Көмір саласының дамуына қосқан ұзақ жылғы үлесі және өз ісіне адалдығы үшін өткел қазушылар бригадирі Александр Лукьянов (еңбек өтілі – 21 жыл) «Еңбек озаты» медалімен марапатталды. Кеніш әкімшілігінің айтуынша, мұндай марапат алғаш рет тапсырылды.

Бригадамен қоштасу кезінде Сатыбалды Дәулеталин кеншілерге денсаулық пен табысты жұмыс ауысымдарын тіледі.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының Медиаорталығы