ҚР Кәсіподақтар федерациясының (ҚРКФ) XXVII съезінде Төраға болып сайланғаннан кейінгі алғашқы жұмыс сапары аясында Сатыбалды Дәулеталин Қарағанды қаласындағы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығы» КЕАҚ-на барып, ұжыммен кездесіп, еңбеккерлердің денсаулығын сақтау бағытындағы басымдықтарды атап өтті.
ҚРКФ және оның мүше ұйымдары Қарағанды медицина университеті жанындағы Қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіптік денсаулық институтына республикалық мәртебесін қайтару үшін соңғы он жыл бойы жұмыс жүргізіп келді. Өткен жылдың сәуір айында ҚРКФ Үкіметтегі әлеуметтік әріптестеріне бірнеше мәрте жүгінгеннен кейін орталыққа республикалық маңызы бар мекеме мәртебесі беріліп, ол «Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығы» КЕАҚ ретінде қайта құрылды. Бұл орталық ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне бағынысты дербес ұйым ретінде 2024 жылғы 1 қазаннан бастап жұмыс істеп келеді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбек медицинасында ерекше рөлге ие бұл ғылыми-медициналық мекеменің қызметімен танысып қайтты. Ұлттық орталық басшылығымен бірге емдеу корпусын аралау барысында ол емделушілермен және дәрігерлермен сөйлесті, зертханалық жабдықтарды қарап шығып, орталық ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесуді ашқан «Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығы» КЕАҚ директоры, медицина ғылымдарының докторы Ертай Отаров орталық мәртебесін қалпына келтіру ісіне қолдау көрсеткені үшін ҚРКФ-на алғысын білдірді.
«Кәсіподақтардың бұл мәселеге қатысуы шешуші рөл атқарды. Біз бірге Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығының мақсаты мен қызметін қорғап қала алдық. Қазір бұл Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығы Қазақстандағы еңбекші халқының денсаулығын сақтауда үлкен рөл атқаратын клиникалық әрі ғылыми мекеме. Мұнда кәсіби патология бойынша мамандандырылған көмек көрсетіледі, науқастың ауруы мен кәсібінің байланысына сараптама жасалады. Қазір шешімін күткен өзекті мәселелердің қатарында – ғылыми-медициналық базаны жаңарту, оңалту орталығын салу, өңірлерде филиалдар желісін қайта қалпына келтіру бар. Дербестік алған соң бірден мекеме ішінде кәсіподақ ұйымы құрылып, орталықтың 99 қызметкері оның мүшесі болды, – деді Ертай Отаров.
Ғылыми-медициналық орталықтың ұжымына арнаған сөзінде ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтардың денсаулығын сақтау мен қалпына келтірудегі өзекті мәселелер мен басым бағыттарды атап өтті.
«Соңғы жылдары кәсіптік аурулар бойынша нақты статистика болмады. Себебі: мониторинг жүйесінің тұрақсыздығы, қызметкерлердің ауруларын жасыруы, формалды медициналық тексерулер, ғылыми зерттеулердің жүргізілмеуі. Қазіргі таңда Қазақстандағы барлық кәсіптік аурулардың 60%-ға жуығы тау-кен және металлургия салаларына тиесілі. Бұл – ең қауіпті еңбек жағдайы бар салалар: шу, діріл, шаң, ауыр физикалық еңбек. Қолданыстағы гигиеналық талаптар ескірген. Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығының қалпына келтірілуімен жағдайды оңалтуға үмітіміз зор. Ол үшін біз мынадай ұсыныстар ұсынамыз: кәсіптік аурулар бойынша ұлттық электрондық тіркеу жүйесін іске қосу және кәсіпорындарды деректерді нақты уақытта беруге міндеттеу; «Өзін-өзі тексеру» модулін жетілдіру және кәсіпорындар үшін OSH-Rating жүйесіне көшу – «жасыл», «сары», «қызыл» деңгейлерін енгізіп, «қызыл» аймаққа 2 есе көп айыппұл салу; «Жас кәсіби патолог» грантын енгізу және медициналық ЖОО-лардың бағдарламасына «Кәсіптік аурулар» модулін қосу; «Жұмыс орнындағы денсаулық» атты медиа-кампания жүргізу, – деп нақты бағыттарды атады Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ Төрағасы кәсіподақтар үшін еңбеккерлердің денсаулығы әрдайым басты назарда екенін еске салды.
«Қазір 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасы жұмыс істейтін халқының денсаулығы» бағдарламасы әзірленуде. «Кәсіптік аурулардың алдын алу алгоритмі» дайындалды. Сонымен бірге еңбек медицинасын дамыту бойынша Жол картасы әзірленіп, бекіту сатысында тұр. Бұл бастамалардың барлығына кәсіподақтар белсенді араласып, жүзеге асуына атсалысуға мүдделі. Жұмысшылардың денсаулығына қатысты біздің ұстанымымыз айқын – жұмысшы өз жұмыс орнында денсаулығынан айырылмауы тиіс, – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Кездесу соңында ҚРКФ Төрағасы Ұлттық орталықтың санитарлық-гигиеналық зертхана бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Ольга Гребенева мен кәсіби неврология бөлімінің процедуралық мейірбикесі Росте Абдрахманованы көп жылғы адал еңбегі үшін ҚРКФ-ның «Еңбек озаты» медалімен марапаттады. Айта кетейік, Ольга Гребенева елдегі еңбек адамдарының денсаулығы үшін 50 жыл бойы еңбек етіп келеді. Бұдан бөлек, салалық «Senim» медицина қызметкерлері кәсіподағы марапат иелеріне ақшалай сыйлықтар мен сауықтыру-демалыс жолдамаларын табыстады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы