Кәсіподақ қозғалысының жаңа кезеңі өңірлік бастамалармен толықты

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезіне арналған брифинг өтті.

Баспасөз мәслихатына Қызылорда облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ жергілікті кәсіподағының төрайымы Бақытжан Мұқашева және «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Айдын Аширбекова қатысты.

Брифинг барысында спикерлер жақында Астана қаласында өткен съезд қорытындыларын тал    қылап, кәсіподақ қозғалысының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясымен таныстырды. Құжатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған реформаларға қолдау көрсетіліп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асырудағы кәсіподақтардың маңызды рөліне ерекше назар аударылған.

Съезд барысында күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – ұйым төрағасын бес жыл мерзімге қайта сайлау болды. Ашық дауыс беру нәтижесінде делегаттар бірауыздан Сатыбалды Дәулеталинді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы қызметіне қайта сайлады.

Брифингте Қызылорда облысындағы кәсіподақ қозғалысының қазіргі жағдайы мен жетістіктері де атап өтілді. Бүгінде облыстық кәсіподақтар бірлестігі 12 салалық ұйым арқылы 97 мыңнан астам мүшені біріктіріп отыр. Соңғы жылдары өңірде еңбек қатынастарын тұрақтандыру, әлеуметтік әріптестікті дамыту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, 52 меморандумға қол қойылып, 130-дан аса ұжымдық шарт жаңартылды. Қазіргі таңда облыс көлемінде жалпы саны 5923 ұжымдық шарт жасалып, бұл аймақтағы кәсіпорындардың 67,7 пайызын қамтып отыр.

Сонымен қатар, еңбеккерлер үшін бірқатар қосымша әлеуметтік кепілдіктер енгізілген. Бұл өз кезегінде жұмысшылардың құқықтарын қорғауға және өндірістегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беріп отыр.

– XXVII съезд – кәсіподақ қозғалысының жаңа тарихи кезеңін айқындап берді. Қызылорда кәсіподақтары еңбек адамын қорғау, әділеттілік пен қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жолында нақты іс-шараларды қолға алуға дайын, – деді Қызылорда облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев.