Еңбек мәселелері сенаторлармен өткен кездесуде талқыланды

Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемовтің қатысуымен мәслихат депутаттарымен кездесу өтті. Басқосу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, заңнамалық бастамалар және еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Сенаторлар заң шығару процесіндегі соңғы өзгерістер туралы баяндап, қабылданған заңдардың өңірде іске асырылу барысына тоқталды. Сонымен қатар, орталық және жергілікті билік арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.

Кездесуге қатысқан Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев еңбеккерлердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін заңнамалық деңгейде қамтамасыз ету қажеттігін алға тартты. Ол еңбек заңнамаларын жетілдіру, жұмыс берушілермен тең серіктестік орнату, еңбек дауларының алдын алу және әлеуметтік әріптестік тетіктерін күшейту мәселелерін көтерді.

Кәсіподақ бастамалары сенаторлардың назарында болатындығы айтылып, олар аталған ұсыныстардың Парламент деңгейінде қаралатынын жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.