Шымкентте құрылған жаңа кәсіподақ ұйымы өз қызметін бастады

Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Шымкент концерт» концерттік ұйымы» (филармония) мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында 2024 жылғы наурыз айында жаңа кәсіподақ ұйымы құрылып, өз жұмысын белсенді түрде бастап кетті. Бұл бастама – ұжым мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау, олардың әл-ауқатын арттыру және ұжым ішіндегі ынтымақтастықты күшейту мақсатында қолға алынған.

  

Жаңа кәсіподақ ұйымы өз қызметін Наурыз мейрамын ерекше деңгейде атап өтуден бастады. Ұлттық мерекемен тұспа-тұс келген қасиетті Рамазан айында мекеме қызметкерлеріне арнап ауызашар ұйымдастырылып, бұл шара ұжым мүшелері арасындағы рухани байланыс пен сыйластықты арттыра түсті. Ауызашар кеші бірлік пен жаңғыруды дәріптеп, ұжымдық рухты нығайтты.

Кәсіподақ ұйымы жастар тәрбиесіне, әсіресе патриоттық сана мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше мән береді. Осы бағытта 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне орай, биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды футбол турнирі ұйымдастырылды. Мекеменің түрлі бөлімшелерінен 9 команда қатысып, тартысты жарыс өтті.

Турнир қорытындысы бойынша бас жүлдеге 100 000 теңге және арнайы кубок табысталса, І орын иегері 50 000 теңгемен марапатталды, ал ІІ орынды иеленген екі командаға 25 000 теңгеден ақшалай сыйлық пен кубоктар берілді.

Сонымен қатар, «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы» аталымдары бойынша жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болды. Жарыс күні қатысушыларға арнап ұйымдастырылған түскі ас ұжымдық жылы атмосфера мен достық ахуал қалыптастырды. Бұл бастама жастардың бойында бәсекеге қабілеттілік, командалық рух және отансүйгіштік қасиеттерді арттыруға септігін тигізді.

Кәсіподақ ұйымы өз мүшелерінің әлеуметтік жағдайына да үнемі назар аударады. Мекемеде 50 және 60 жасқа толған қызметкерлерге гүл шоқтары мен 50 000 теңгелік сыйлық сертификаттары табысталып, ұжымда игі дәстүр қалыптасқан. Бұл – қызметкерлерге деген шынайы құрметтің жарқын көрінісі.

Кәсіподақ ұйымының алдағы жоспарлары да мазмұнды: кызметкерлерді шипажайларға жіберу көзделіп отыр. Жолдама құнының 50 пайызы кәсіподақ есебінен өтелмек. Бұл – еңбекшілердің денсаулығын қалпына келтіруге жасалған маңызды қадам; қыркүйек айындағы Білім күніне орай көпбалалы аналарға мектеп құралдарын алып беріп, әлеуметтік қолдау көрсетілмек.

«Шымкент концерт» филармониясының кәсіподақ ұйымы алдағы уақытта да ұжым мүддесі үшін жүйелі әрі белсенді жұмыс жүргізуді жалғастыра бермек. Бұл игі бастамалар ұжым ішіндегі бірлікті нығайтып, қызметкерлердің еңбекке деген құлшынысын арттыруға зор ықпал ететіні анық.