2025 жылдың 11 шілдесінде Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII Съезі – ел кәсіподақ қозғалысы үшін тарихи сәтке айналды. Жиынға Қазақстанның барлық өңірлерінен 227 делегат пен 40-тан астам елдің халықаралық ұйымдары қатысты. Бұл Қазақстанның еңбек саласындағы беделінің халықаралық деңгейде артқанын көрсетті.
Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев «Таң нұры» бағдарламасында пікір алмасып, Съездің тек есеп беру емес, еңбек адамының мүддесіне бағытталған жаңа дәуірдің бастауы екенін атап өтті. Оның айтуынша, алда еңбек қатынастарын цифрландыру, әлеуметтік қолдау тетіктерін кеңейту және жастар мен әйелдердің кәсіподақ қозғалысына қатысуын арттыру сынды міндеттер тұр.
Съезде кәсіподақ қызметінің 2020–2025 жылдар аралығындағы қорытындысы шығарылып, алдағы бес жылға арналған даму стратегиясы бекітілді. ҚРКФ Жарғысына өзгерістер енгізілді, Бас кеңес пен Ревизиялық комиссия жаңартылды. Сатыбалды Даулеталин бірауыздан Төраға болып қайта сайланып, кәсіподақ жүйесін жаңғырту бағытындағы жаңа кезеңнің көшбасшысы ретінде танылды. Съезд Резолюциясы әлеуметтік әділеттілікке, әділ еңбекақы мен қауіпсіз еңбек жағдайына негізделген нақты іс-қимыл жоспары ретінде қабылданды.
Съезд қарсаңында Астанада өткен Халықаралық Жазғы мектеп те үлкен назар аудартты. «Ұжымдық келіссөздер және жұмыс орнындағы демократия» тақырыбында өткен бұл шараға 40-тан астам елдің кәсіподақ көшбасшылары қатысты. Қазақстан атынан қатысқан делегация өз тәжірибесімен бөлісіп, еңбек қауіпсіздігі, әділетті энергетикалық көшу және цифрландыру мәселелерін талқылауға белсенді араласты.
Халықаралық еңбек ұйымы мен жетекші кәсіподақ құрылымдары Қазақстан кәсіподақтарының жаһандық еңбек күн тәртібіндегі белсенділігін жоғары бағалап отыр. Астана бүгінде тек ел астанасы ғана емес, әлемдік кәсіподақ қауымдастығы назарындағы маңызды орталыққа айналды.
XXVII Съезд – еңбек адамының құқығын қорғау жолындағы нақты шешімдердің, тың серпіннің және жаңа стратегияның бастауы. Алда – Сатыбалды Даулеталин бастаған серпінді жол. Еңбек адамы – әрқашан басты назарда