Қызылорда облысында мемлекеттік қызметтердің сапасы мен ашықтығын қамтамасыз ету бағытында қоғамдық бақылау шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл шаралардың басты мақсаты – халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, қолжетімділігін қамтамасыз ету және мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметінде жариялылық пен әділеттілікті нығайту.
Аталған бағытта кәсіподақ ұйымдары да белсенділік танытып, қоғамдық бақылау жұмыстарына белсене араласуда. Бұл өз кезегінде сала қызметкерлерінің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғауға, еңбек жағдайларын жақсартуға оң әсер етуде.
Жуырда Қызылорда облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы, Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Еркебұлан Мендалиев пен Ведомствоаралық жұмыс тобының мүшесі, Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Маржан Боранбаева Қызылорда медициналық жоғары колледжінде қоғамдық бақылау іс-шараларын өткізді.
Бақылау барысында «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау» мемлекеттік қызметінің көрсетілу тәртібі мен рәсімі жан-жақты зерделенді. Қызмет алушылар үшін жасалған жағдайлар, ақпараттық жүйелердің жұмыс істеу тиімділігі, қабылданған құжаттардың реттелуі мен өңделу барысы, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мұқият қаралды.
Кәсіподақ өкілі бақылау кезінде мемлекеттік қызмет көрсету барысында заңдылық, ашықтық және әділеттілік қағидаттарының сақталуына айрықша мән берді. Қызмет алушылармен тілдесіп, олардың пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша колледж әкімшілігіне бірқатар нақты ұсыныстар жолданып, қызмет сапасын арттыру бойынша тиісті шаралар қабылдау ұсынылды.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда, еңбек ұжымдарының сұраныстары мен қажеттіліктерін жеткізуде белсенді қоғамдық күш ретінде танылып отыр. Олар мемлекеттік қызмет сапасын арттыру жолында қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істеп, кәсіби ортадағы әділеттілік пен сенімділікті нығайтуға өз үлестерін қосуды жалғастыруда.