Қазақстанның Ұлттық байланыс орталығы ҚР Кәсіподақтар федерациясымен ынтымақтастыққа мүдделі

30 шілде, сәрсенбі күні Астана қаласында ҚРКФ орталық кеңсесінде Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин Қазақстанның Ұлттық байланыс орталығы (ҰБО) хатшылығының басшысы Жанар Төлегеновамен кездесті.

ҰБО — бұл көпұлтты кәсіпорындар үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Басшылық қағидаттарын бұзуға қатысты өтініштерді қарастыратын және шешім қабылдайтын кеңесші орган. ҰБО қызметі ақпарат ашу, адам құқықтары, еңбек және өндірістік қатынастар, сыбайлас жемқорлықпен күрес, қоршаған ортаны қорғау, тұтынушылардың мүдделері, ғылым мен технология, бәсекелестік және салық салу мәселелерін қамтиды.

«ҰБО-ның мақсаты — ЭЫДҰ Басшылық қаидаттарын енгізу, олар туралы ақпараттылықты арттыру, физикалық және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау және олар бойынша ұсыныстар қабылдау. ЭЫДҰ әлем бойынша Ұлттық байланыс орталықтарына кәсіподақтармен белсенді түрде ынтымақтасуды ұсынады. Біз Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясымен ынтымақтастыққа мүдделіміз. Егер кәсіподақтармен байланысты мәселелер туындаса, біздің кеңесіміз кәсіподақ өкілдерін шақырып, осы мәселелерді жан-жақты талқылай алады, ал кәсіподақтар өз сараптамалық пікірлерін білдіре алады», — деді Жанар Төлегенова.

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Даулеталин кәсіподақтар үшін еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау басты басымдық екенін атап өтті.

«Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүшелік ұйымдарының қызметі тікелей Қазақстандағы кәсіпорындар, соның ішінде трансұлттық компаниялардағы жұмысшылардың экономикалық және әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғаумен байланысты. Біз жанжалдарды шешудің әртүрлі механизмдерін қолданамыз — әлеуметтік әрптестермен ынтымақтастықтан бастап жұмысшыларға құқықтық және медиациялық көмек көрсетуге дейін. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы кәсіподақтармен консультативтік комитет құрды. Ұлттық байланыс орталығында да кәсіподақтар қатысатын осындай органды құру қажет, осылайша әлеуметтік-еңбек дауларын шешу бойынша бірге жұмыс істей аламыз. Біз өз тарапымыздан бұл бастаманы қолдауға дайынбыз», — деп мәлімдеді ҚРКФ төрағасы.

Тараптар Қазақстандағы еңбеккерлердің құқықтарын қорғау бойынша бірлескен шараларды өткізу бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

Еске сала кетейік, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) — 1961 жылы құрылып, әлемнің 38 елін біріктіретін халықаралық экономикалық ұйым. Бұл ұйым экономика мен халықаралық сауданың дамуына ықпал ету мақсатында құрылған, демократия мен нарықтық экономикаға берік ұстаным танытатын елдер үшін платформа болып табылады. ЭЫДҰ өз мүшелерінің ішкі және халықаралық саясатын үйлестіруге, ортақ мәселелерге жауап іздеуге және үздік тәжірибелерді анықтауға мүмкіндік береді.

Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен белсенді түрде ынтымақтастық орнатады. Қазақстан ЭЫДҰ мүшесі болмаса да, ұйымның түрлі бағдарламалары мен бастамаларына қатысып, ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес өз статистикалық жүйесін жақсарту бойынша жұмыстар жүргізуде.

ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Медиаорталығы