«Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының 20 жылдығы салтанатты түрде аталып өтті. Осы уақыт аралығында орталық кәсіби тұрғыда жоғары деңгейде жұмыс істеп, қамқорлыққа мұқтаж адамдарға шынайы көңіл бөліп, олардың қажеттіліктерін қанағаттандырып келеді.
Мерекелік іс-шараға «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов және оның орынбасары Атақозы Нұрланов, Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері, бағынысты ұйымдардың директорлары мен Қазақстанның түрлі аймақтарынан келген қонақтар қатысты.
Орталық 2005 жылы құрылған және 2022 жылдың маусым айынан бастап мекемені Көкен Назарбек басқарып келеді. Бүгінде орталықта 266 қызметкер еңбек етеді. Олардың барлығы кәсіподақ мүшелері болып, «Қызмет» салалық кәсіподағының елордадағы филиалындағы ең белсенді кәсіподақ ұйымдарының бірі болып табылады.
Ақмола облысының көрікті Ақкөл ауданында орналасқан орталық 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға тұрақты немесе уақытша тұру мүмкіндігін ұсынады. Мұнда 8 түрлі арнайы әлеуметтік қызмет көрсетіледі: тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, құқықтық және экономикалық.
Қонақтар орталықтың жұмысымен танысып, әкімшілік және тұрғын корпустарды, сондай-ақ емделушілердің тұратын үйлерін аралады. Мұнда жайлы бөлмелер, тренажер залы, кітапхана, еңбек терапиясы кабинеттері мен асхана сынды барлық жағдайлар жасалған.
Сонымен қатар, бос уақытты тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінеді: мәдени және спорттық шаралар, концерттер мен мерекелер өткізіледі.
Орталықтың ең басты мақтанышы – оның тәрбиеленушілері. Олар спорт пен шығармашылық салаларында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, орталықтың атын әлемге танытып келеді. 2018 жылы орталықтың өкілдері – Антон Соколов пен Надежда Палкина Люксембургте өткен «Special Olympics» Еуропалық бочче турнирінде командалық есепте 3-орынға ие болды. Ал Надежда Палкина жеке санатта құрметті 2-орынды жеңіп алды. Бұл жеңістер әлеуметтік оңалтудың тиімділігін дәлелдеп, «Қамқор» орталығының атын халықаралық аренада әйгілі етті. 2023 жылы орталықтың қызмет алушылары Әлемдік арнайы ойындарға қатысып, роликті сырғанау және көркем гимнастикадан 3 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды. Айгерім Исабаева Қазақстанға спорттық гимнастикадан алғашқы алтын медальді алып келді.
Іс-шараның екінші бөлімінде орталықтың қызметі туралы деректі фильм көрсетіліп, орталық қызметкерлері мен тәрбиеленушілері дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Әрбір музыкалық және көркем қойылым көрермендердің жүрегін тебірентіп, ерекше әсер қалдырды.
Құттықтау сөзінде «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов былай деп атап өтті:
«Сіздердің жұмыстарыңызда нағыз адамгершілік пен кәсібилік көрініс табады. Орталықтың қызметкерлері – бұл тек мамандар ғана емес, кең пейілді, мейірімге толы адамдар. Олар күн сайын ерекше қажеттіліктері бар жандарға жылу мен қамқорлық сыйлайды. Сіздердің еңбектеріңіз – асыл және бағалы еңбек. Кәсіподақ атынан әрқайсыңызға шын жүректен алғыс айтамын».
Іс-шара барысында Мирболат Жақыпов орталықтың үздік қызметкерлеріне кәсіподақтың қоғамдық өміріне белсене қатысқаны, кәсіби шеберлігі және мекеменің 20 жылдығына орай құрмет медальдарын табыстады.
«Қызмет» салалық кәсіподағының елордалық филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов ұжымға табыс, денсаулық және жаңа жетістіктер тіледі. Филиал атынан ол 5 қызметкерге шипажайға 20% жеңілдікпен сертификаттар табыстады.
Сондай-ақ, салалық кәсіподақ орталыққа бағалы сыйлық тарту етті.
Бұл мерейтой тек құттықтаулар айтылатын күн ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жұмыстың басты күші – ізгілік, жылулық, кәсібилік және адамға деген жанашырлық екенін дәлелдеген жарқын күн болды.
Мерейтойлық шаралар аясында орталық аумағында мекеменің 20 жылдығына арналған естелік стелланың салтанатты ашылуы өтті. Стелла жүректі аялай ұстаған алақан бейнесінде жасалған, бұл Орталық қызметкерлерінің күн сайынғы қамқорлығын, жылулығын және қолдауын білдіретін символ. Бұл айшықты бейне мекеменің басты миссиясын – жан-тәнімен қамқорлық жасау идеясын көрнекі түрде жеткізеді.
Мерекенің жарқын сәттерінің бірі – ағаш отырғызу акциясы болды. Қонақтар мен орталық қызметкерлері белсене қатысып, мекеме ауласында сәндік ағаш көшеттерін отырғызды. Бұл іс өмірді, жаңаруды және тұрақты дамуды білдіретін нышан ретінде қабылданды.
Жасыл желектер мерейтойдың және қамқорлық, жылылық пен адамдарға деген жанашырлық дәстүрлерінің жалғасын білдіретін тірі естелікке айналады.
«Қызмет» салалық кәсіподағының баспасөз қызметі