Қызылордада облыстық Кәсіпкерлер палатасының алаңында жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру мәселесі талқыланды.
Отырысқа Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің өңірлік департаменті басшысының міндетін атқарушы Болат Досымов, сондай-ақ басқа да сарапшылар мен салалық кеңес мүшелері қатысты. Шара аралас форматта өтіп, аудан кәсіпорындарының басшылары да қатысып, өз ұсыныстарын білдірді.
Отырыста Қызылорда облысындағы 4145 кәсіпорынның тек 1026-сында ғана жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарты жасалғандығы айтылды. Бұл – заң талабын орындау деңгейінің төмен екенін көрсетеді. Сонымен қатар, жиында ағымдағы жылдың жартыжылдық қорытындысымен облыс көлемінде 33 жазатайым оқиға тіркеліп, оның 21-і еңбек қызметімен байланысты болып анықталғандығы туралы ақпарат берілді.
Кәсіподақтар атынан сөз алған Майра Боранбаева еңбек қауіпсіздігін сақтау шараларына қатысты мемлекеттік және қоғамдық бақылауды күшейтуді және сақтандыру ережелеріне заңнамалық өзгерістер енгізуді ұсынды.
«Ұйымдарда жазатайым оқиға тіркелмеген болса да, одардың еңбек қауіпсіздігі шараларын елемеуі сақтандырудан жалтаруға себеп болмауы тиіс. Заң жүзінде сақтандыру міндетті, онда ол орындалуы керек. Дегенмен, жұмыс берушілерді ынталандыру мақсатында ұйымда жылдар бойы жазатайым оқиғалар тіркелмеген болса, сақтандыру сомасы мөлшеріне кейінгі жылдарда жеңілдіктер қарастыруды заңнамалық өзгерістермен енгізу қажет» — деді кәсіподақ өкілі.
Отырыс соңында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық бұл мәселе бойынша жүйелі жұмыс қажет екенін айтып, кәсіпкерлермен алдағы уақытта тағы да кеңейтілген отырыс өткізуді ұсынды.