Кәсіподақ белсенділері семинарда бас қосты

Ұжымдық шарт – әлеуметтік әріптестіктің негізгі құралы. Өткен жылдың статистикалық мәліметтеріне үңілсек, Қазақстандағы кәсіпорындардың тек 30 пайызында ғана Ұжымдық шарт жасақталған екен. Жұмыс берушілер мен жұмысшы-қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаушы, әлеуметтік мәселелерін шешу мен түрлі дау-дамайлардың алын алудың алдыңғы шебінде жүретін кәсіподақтың тікелей араласуымен және еңбек ұжымындағы кәсіподақ мүшелерінің жалпы жиналысында талқыланып қабылданатын осынау маңызды құжатты заңнамалық талаптарға сай қабылдауға жұмыс беруші тарап неге мүдделілік танытпайды.
Қабылданған Ұжымдық шартта қызметкерлердің құқықтарын нақтылау, әлеуметтік пакет пен жеңілдіктерді белгілеу; даулардың алдын алу және кәсіпорын тұрақтылығын қамтамасыз ету жағы неге ойластырылмайды? Ұжымдық шарттардың сапасын қалай арттыруға болады? Шартқа қандай қосымша әлеуметтік кепілдіктер енгізуге болады?
Бүгін Атырау облысы Кәсіподақтар үйінің мәжіліс залында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті мен Кәсіподақтар бірлестігі және заңды тұлғалардың салалық бірлестіктерімен семинар өткізілді. Өңірдегі салалық кәсіподақтар мен бастауыш ұйымдар жетекшілері, кәсіподақ белсенділері қатысқан дөңгелек үстел басындағы кездесуде жоғарыдағы мәселелер жан-жақты сөз болды.
Семинарда Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы Кемел Иманғалиев сөйлеп, биылғы жартыжылдықта еңбек заңдылықтарының сақталуы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ол қатысушыларға тексеру жүргізілген арыз-шағымдар, орын алған өндірістік жарақаттардың мониторингі, жалақы берешегі, еңбек тәуекелдер картасы мен еңбек даулары, электрондық еңбек шарттары, оның ішінде шетел жұмыс күшінің еңбек шарттары туралы, сонымен қатар ұжымдық шарттарды электронды нұсқаға өткізуді жүйелеу бойынша әңгімеледі.
Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбай Ұжымдық шарттың құқықтық негіздері және жасасу тәжірибесі, еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер, жазатайым жағдайлардың алдын-алу, еңбек дауларын шешудің тиімді жолдарына тоқталып, заңнамалық түрғыда кеңінен түсінік берді.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бас мамандары Айгүл Ахатова мен Сабыржан Төлегенов «Ұжымдық шарт статистикасы және жасақтау кезіндегі кемшіліктері», «Еңбек қауіпсіздігі және өндірістік жарақаттың алдын алу туралы» баяндапды. Орын алған жазатайым жағдайда хабарлама беру, оның мерзімі, уақытылы бермеудің жауапкершілігі төңірегінде кеңінен түсіндірілді.
Семинарды ұйымдастырушылар қатысушылар тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап беріп, еңбек ұжымдарында Ұжымдық шарт жасақтау, әлеуметтік мәселелерді шешу, түрлі дауларды болдырмаудағы кәсіподақтың рөлі мен беделін көтеру жөніндегі ойларын ортаға салды.
Семинар-кеңес ашық сұрақ-жауап қою, ұсыныстар жасау форматында өтті.
​ Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі, баспасөз қызметі