Ардагер жолы – ұрпаққа үлгі

Айжан Қуанбайқызы Ахмадулинаның есімі Қостанай магистральдық желі бөлімшесінің көптеген теміржолшылары мен кәсіподақ қозғалысының белсенді мүшелеріне жақсы таныс.Оның ұзақ жылдарға созылған еңбек жолы – кәсібіне деген адалдықтың, адамгершілік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі.Ол қызмет жолында тек кәсіби шеберлігімен ғана емес, сонымен қатар қарапайым жұмысшының мұң-мұқтажына құлақ асып, шынайы жанашырлық танытумен де ерекшеленді.

Еңбек жолында Айжан Ахмадулина қоғамдық қызметке белсене араласты. 1987 жылы ол құрамында 1000-нан астам мүшесі бар Жолаушыларға қызмет көрсету дирекциясының кәсіподақ ұйымының төрайымы болып сайланды. Осы қызметті атқара жүріп, ол 500-ден астам жолсеріктің резерв шебері ретінде жұмыс істеп, жаңа Дирекцияны – вокзалдарды, билет кассаларын, жөндеу және техникалық бөлімшелерді біріктірген ірі құрылымды құруға белсене атсалысты.Бұл – теміржол саласындағы маңызды ұйымдастырушылық бастамалардың бірі болды.

1992 жылдың наурыз айында, еліміз тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізген тұста, Айжан Қуанбайқызы Қазақстан теміржолшылары мен көлік құрылысшылары кәсіподағының Құрылтай съезіне делегат болып сайланды.Бұл тарихи жиын салалық кәсіподақтың жаңа жағдайдағы бағытын айқындап, оның құрылымын бекіткен маңызды кезең болды.Съезд қорытындысы бойынша ол Тексеру комиссиясының құрамына енді және бұл міндетті екі мерзімнен астам абыроймен атқарды.

Жалпы алғанда, Айжан Ахмадулина кәсіподақ саласында 21 жыл еңбек етті.Осы жылдар ішінде ол кәсіподақ ұйымының төрайымы, аудандық кәсіподақ комитетінің мүшесі және тексеру комиссиясының төрайымы қызметтерін атқарды.Ол өз жұмысында әрдайым жоғары басшылықтың қолдауын сезініп, еңбек ұжымдарының сеніміне ие болды.

Оның айтуынша, кәсіподақ қызметінің негізінде ұжымдық бірлік, еңбек адамдарына деген қамқорлық, еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік әділеттілік сынды құндылықтар жатты.Қиын кезеңдерге қарамастан, кәсіподақ ұйымы еңбекшілердің сенімді тірегіне айналды.Айжан Қуанбайқызы осы жолдың бір бөлігі болғанын мақтанышпен еске алады.

Өз әріптестері туралы ерекше ықыласпен еске алатын Айжан Ахмадулина Ниғматжан Исенғарин, Борис Шубин, Амангелді Байжұманов, Юрий Молодцов, Талғат Спанов, Ғафу Несіпбаев және Нұрлан Орынбеков секілді теміржолшыларды кәсібіне берілген, жоғары адамгершілік қасиеттерімен есте қалған тұлғалар ретінде сипаттайды.Бұл азаматтардың көпшілігі еңбек адамдарының әлеуметтік қорғалуына орасан үлес қосты. Өмірден озған әріптестерінің бейнесі оның жүрегінде мәңгілік сақталған.

Оның көпжылдық әрі жемісті еңбегі түрлі марапаттармен атап өтілді.Атап айтқанда, ол Қазақстан Республикасы Теміржолшылар кәсіподағының «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» төсбелгісімен, Көлік қызметкерлері салалық кәсіподағының «30 жыл бірлікте» мерейтойлық медалімен, Теміржолшылар ардагерлері орталық кеңесінің 10 жылдығына және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының 120 жылдығына арналған естелік медальдармен марапатталды.Сондай-ақ, бөлімше басшылығы мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ тарапынан берілген Құрмет грамоталары мен алғыс хаттардың иегері.Қостанай теміржол өңірінің Құрметті ардагері атағы да оның еңбегіне берілген лайықты баға болды.

Бүгінде Айжан Ахмадулина қоғамдық қызметін жалғастырып келеді – ол Қостанай теміржолшылары ардагерлерінің өңірлік кеңесінің хатшысы.Оның мол тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті мен биік жауапкершілігі әріптестері мен кейінгі буын өкілдерінің жоғары бағасына ие.