Келісім комиссиясы мүшелеріне арналған тәжірибелік оқыту

Қазіргі таңда құқықтық сауаттылықты арттыру – азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылады. Бұл бағытта кәсіподақтардың рөлі ерекше. Әлеуметтік әріптестік туралы облыстық келісімнің ережелеріне сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығы аумақтық салалық кәсіподақтар бірлестіктерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, кәсіподақ мүшелері, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер өкілдері арасында еңбек заңнамасына қатысты құқықтық білімді арттыруға бағытталған бірқатар маңызды іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.

2025 жылғы 4 тамызда ШҚО Кәсіподақтар орталығының заңгері Батырбек Нұрпейісовтың қатысуымен Алтай қаласында «Senim» салалық кәсіподағы филиалының бастамасымен оқыту семинары өткізілді. Іс-шараға Алтай, Серебрянск және Қатонқарағай аудандарындағы ауруханалардың келісім комиссия мүшелері қатысты.

Семинар барысында Б. Нұрпейісов қатысушыларды жеке еңбек дауларын қарау тәртібімен, келісім комиссиясын құру және оның жұмыс істеу рәсімдерімен таныстырды. Сонымен қатар, келісім комиссиясының еңбек дауларын сотқа дейінгі тәртіппен шешудегі маңыздылығын ерекше атап өтіп, тәжірибеде жиі кездесетін құқықтық қателіктер мен олқылықтарға тоқталды.

Тыңдаушылар практикалық бөлімде үш топқа бөлініп, оларға ұсынылған кейстік тапсырмалар арқылы жеке еңбек дауларын шешу жолдарын талқылап, әртүрлі көзқарастар мен шешім нұсқаларын ортаға салды. Бұл әдіс қатысушылардың тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.

 

Семинардың келесі бөлімінде Б. Нұрпейісов еңбек заңнамасының негізгі қағидалары бойынша дәріс оқып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі түсінікті жауаптар берді. Сондай-ақ, жұмыс барысында жиі туындайтын даулы жағдайларды тиімді шешу бойынша кәсіби кеңестер ұсынды.

Семинарға арнайы қатысқан салалық кәсіподақ бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Серікпол Куркумбаев пен заңгер Олжар Ақылбаев медицина саласындағы еңбек қатынастарын реттеу ерекшеліктері мен салалық келісім ережелері жайлы пікір білдіріп, кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары жөнінде кеңінен ақпарат берді.

Семинар қорытындысында барлық қатысушыларға еңбек заңнамасына қатысты әдістемелік және таратпа материалдар үлестірілді. Сонымен қатар, семинарға қатысқан мамандарға арнайы сертификаттар табысталды.

Аталған іс-шара – кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек дауларын алдын алу және шешу мәдениетін қалыптастыру бағытында маңызды қадам болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.