Кәсіподақтың қолдауымен балалардың жазғы демалысы ұйымдастырылды

Атырау облысының «Әділ» мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің құрамындағы «Eurasia Support Services» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымы арқылы бөлінген қаражат есебінен жұмысшы-қызметкерлердің мектеп жасындағы 50 баласы Ақтөбе қаласындағы «Шұғыла» балалар сауықтыру лагерінде демалды.

Балалар лагерьде түрлі спорттық және өнер сайыстарына қатысып, өздерінің шеберліктерін көрсетті. Сонымен қатар, олар Ақтөбе қаласының көрікті жерлерін аралап, музей жәдігерлерімен танысты, жаңа достар тауып, көңілді әрі пайдалы уақыт өткізіп қайтты. Бұл шара балалардың денсаулығын жақсартуға, рухани және әлеуметтік дамуына үлкен үлес қосуда.

Ата-аналар мен ұжым қызметкерлері компания басшылығы мен кәсіподақ ұйымына өздерінің шынайы ризашылықтарын білдірді.

«Біз ұжымымыздағы көп балалы, әлеуметтік жағынан көмекке мұқтаж отбасылардағы 9-14 жас аралығындағы балаларға жыл сайын қаржылай қолдау көрсетіп, оларды сауықтыру лагерьлеріне жіберіп тұрамыз. Еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың еңбек жағдайларын жақсарту және әлеуметтік әріптестік қарым-қатынасты нығайту мақсатында жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымы арасында тығыз ынтымақтастық орнатылған. Қазақстан Кәсіподақтарының 120 жылдығына арналған мәдени-көпшілік, спорттық іс-шаралар, жұмысшылар әулеттерін ұлықтау, кәсіподақ ардагерлері мен белсенділерімен кездесулер ұйымдастыру жоспарлануда», – дейді «Eurasia Support Services» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Марал Көшенов.

Сонымен қатар, «Eurasia Support Services» ЖШС басшылығы балалардың қауіпсіз әрі ыңғайлы сапары үшін арнайы автобус бөлгенін және Атырау мен Ақтөбе облыстарының жол полициясы қызметкерлерінің жолдағы қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз еткенін атап өтті.

Осындай игі бастамалар мен бірлесе атқарылған жұмыстар – компания мен кәсіподақ ұйымының әлеуметтік жауапкершілігі мен жұмысшылардың әл-ауқатын жақсартуға деген ұмтылысының жарқын мысалы.