Кәсіподақ мұратына адал өмір

Еліміздегі кәсіподақ қозғалысында терең із қалдырған, еңбекші қауымның шынайы жанашыры, қоғам қайраткері, елге сыйлы тұлға – Хатеп Ишанбекұлы Ишанбеков.

Хатеп Ишанбеков – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы кәсіподақтарды басқаруда мол тәжірибе жинақтаған еліміздегі бірегей ардагер. Оның еңбек жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі. 56 жылдық еңбек өтілінің 34 жылын осы саладағы кәсіподақ жұмысына арнап, адал қызмет еткен.

1981 жылы ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, тұрмыстық қызмет көрсету және жергілікті өнеркәсіп қызметкерлері кәсіподағының Батыс Қазақстан облыстық комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұл кәсіподақ құрамында сол жылдары шамамен 15 000 мүше болатын. Ұжымшылдық пен ынтымақты ту еткен Хатеп Ишанбекұлының бастамалары сол кезеңдегі кәсіподақ мүшелері арасында үлкен қолдауға ие болды.

1997 жылдан бастап «Жайыктеплоэнерго» акционерлік қоғамы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы қызметін атқарды. Ол бұл лауазымда да ұжым мүддесін қорғай отырып, әділеттілік пен адамгершілік қағидаттарын алдыңғы орынға қойды.

Қоғамдық өмірге белсене араласқан Хатеп Ишанбекұлы әр жылдары Жымпиты аудандық партия комитеті бюросының мүшесі, аудандық кеңестің депутаты, Республикалық Орталық комитетінің мүшесі, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің мүшесі болып сайланды. Ол үнемі халықпен етене араласып, еңбек адамдарының мұң-мұқтажын ескеріп отырды.

Оның есімі Қазақстан Республикасының зиялы қауымына арналған 17 томдық жинаққа енгені – қоғам алдындағы еңбегінің елеулі айғағы.

2015 жылдан бері құрметті еңбек демалысында. Алайда, зейнет жасына шыққанына қарамастан, белсенді өмір салтын ұстанып келеді. Өзінің ең қымбат ресурсы – уақытын отбасысына, сүйікті істеріне және қоғамдық бастамаларға арнауда.

Ардагердің өнегелі өмір жолы мен қажырлы еңбегі – кәсіподақ қозғалысының шынайы тарихы мен рухани байлығы. Еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғап қана қоймай, ұжымішілік татулық пен әділеттілікті, адам құқықтары мен қадір-қасиетін бәрінен биік қойды.