Павлодарда республикалық жастар форумы өтуде

Павлодар қаласында Халықаралық Жастар күні мен Жұмысшы мамандықтары жылына орайластырылған республикалық жастар форумы өтуде.  Аталған форум — ел болашағы саналатын жастарды қолдау, олардың кәсіби бағдарын нақтылау және жұмысшы мамандықтарының маңызын арттыруға бағытталған маңызды іс-шара.

Форум жұмысына спикерлер ретінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев және Павлодар облыстық Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Гүлзира Атабаева қатысты.

Форум аясында қатысушылар Павлодар облыстық мәслихатының депутаттарымен бірге еліміздің ұлы тұлғалары — Абай Құнанбайұлы мен Қаныш Сәтбаевтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Сондай-ақ, форум қатысушылары бес топқа бөлініп, облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен өңірдің жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарына барды. Атап айтқанда, олар «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Алюминий зауыты» АҚ, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Компания Нефтехим LTD» ЖШС және «Компания Troya» ЖШС сияқты ірі өндіріс ошақтарында болып, олардың жұмысымен танысты.

Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко және бірқатар депутаттар форумға қатысушылармен бірге Қазақстандағы алюминий өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі — Қазақстан электролиз зауытына барды. Бұл сапар жастарға өндіріс үдерісін көзбен көруге, заманауи технологиялардың қалай жұмыс істейтінін түсінуге және сол салада еңбек етіп жүрген мамандармен пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Павлодар облысының Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова бұл шараның маңыздылығын ерекше атап өтті:

«Бұл сапар жастар үшін жай ғана экскурсия емес. Олар өндірістік атмосфераны сезініп, озық технологиялармен танысты, осы салада еңбек жолын бастаған құрдастарымен әңгімелесті. Бүгінде біздің өңірде жұмысшы мамандықтары жаңа деңгейге көтерілуде: заманауи технологиялар енгізілуде, тәлімгерлік жүйесі дамып келеді, өндірістер жаңғыртылып жатыр. Мұның барлығы жастарға нақты мансаптық мүмкіндіктер ұсынып, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға жол ашуда».

Форум қатысушылары Қазақстан электролиз зауытының өндірістік алаңдары мен кәсіпорынның мұражайына жасалған танымдық экскурсияға ерекше ризашылық білдірді.

«Мұражай экспозициясы – бұл бейнелерден, деректер мен заманауи технологиялардан тұратын тірі шежіре. Жас көшбасшылар өндіріс цехтарының макеттерін тамашалап, технологиялық процестердің кезеңдерімен танысты. Сондай-ақ, зауыттың жетістіктері мен марапаттары туралы тың мағлұмат алды», – деп бөлісті өз әсерімен Динара Айтжанова.

Форум аясындағы бұл іс-шаралар жастарға кәсіби бағдар беріп қана қоймай, еліміздің индустриялық қуатын, оның дамуына жұмысшы мамандықтардың қосып жатқан үлесін терең түсінуге жол ашты.