Жастар Павлодарда заманауи еңбек нарығының бағыттарын саралады

Павлодар қаласында «JastarX» республикалық диалог алаңы аясында өткен іс-шарада жастар еңбек нарығындағы заманауи үрдістер мен өзгерістер жайында пікір алмасты. Басқосуға түрлі салада еңбек етіп жүрген жас мамандар, кәсіподақ өкілдері мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысып, бүгінгі еңбек нарығының талаптары мен жұмыс орындарындағы өзгерістерді талқылады.

Жиында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты, Павлодар облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Гүлзира Атабаева сөз сөйледі.

Спикер өз баяндамасында қазіргі заманғы еңбек нарығындағы өзгерістер мен тенденциялар, сондай-ақ Қазақстандағы жұмысшы мамандықтарға әйелдердің қатысуының маңыздылығы туралы жан-жақты тоқталып өтті.

«Қазіргі жағдайда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы әйелдердің экономиканың барлық салаларына, соның ішінде дәстүрлі түрде ерлерге тән саналатын жұмысшы мамандықтарға белсенді және тең құқықты қатысуынсыз мүмкін емес. Біз бүгінде бетбұрысты кезеңге аяқ бастық. Мемлекеттік саясат, халықаралық міндеттемелер мен әлеуметтік өзгерістер әйелдер үшін өнеркәсіп, құрылыс, көлік, энергетика және басқа да маңызды салаларда жаңа мүмкіндіктер есігін ашып отыр», — деді ол.

Гүлзира Атабаеваның айтуынша, мұндай үдеріс оң өзгерістерге алып келумен қатар, бірқатар сын-тегеуріндерді де алға тартады. Олар қатарында – гендерлік стереотиптер, еңбек жағдайларының күрделілігі, тиісті инфрақұрылымның жетіспеушілігі, сондай-ақ жұмыс орнындағы қауіпсіздік стандарттарына қатысты мәселелер бар.

«Қазақстандағы әйелдердің жұмысшы мамандықтарға қатысу тарихы – бұл тек кәсіби даму ғана емес, сонымен қатар батылдық пен еңбекке адалдықтың шынайы үлгісі. Бүгінгі таңда біз бұл салада жаңа парақ ашып отырмыз. Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларын ратификациялау, әйелдерге қатысты бұрынғы шектеулердің жойылуы, бірлескен еңбек жүйесін енгізу – мұның барлығы гендерлік теңдікке бағытталған нақты қадамдар», — деді ол.

Соңғы жылдары қабылданған заңнамалық өзгерістер әйелдердің жұмысшы мамандықтардағы үлесін арттыруда маңызды рөл атқарды. Атап айтқанда:

-Әйелдер үшін «тыйым салынған мамандықтар» тізімінің күшін жою;

-Еңбек заңнамасындағы жаңашылдықтар;

-Жұмыс берушілермен жасалатын ұжымдық шарттар аясында әйелдерге арналған қосымша әлеуметтік кепілдіктер мен еңбек жағдайларын жақсарту шаралары;

-Кейбір санаттағы қызметкерлер үшін икемді жұмыс кестелерін енгізу (мысалы, төрт күндік жұмыс аптасы).

Гүлзира Атабаева атап өткендей, бүгінгі таңда әйелдер Қазақстан халқының 51,2%-ын құрайды. Осы орайда, олардың еңбек нарығына кеңінен қатысуы тек әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу ғана емес, бұл еліміздің экономикалық тиімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің де кепілі болып табылады.

«Құрылысшылар, машинистер, дәнекерлеушілер, электриктер, өндірістік желі операторлары – бұлардың бәрі кез келген мемлекеттің тірегі болып саналатын мамандықтар. Бұл мамандықтарда әйелдердің де өз орнын табуы – еліміздің болашағы үшін стратегиялық мәнге ие. Кадр құрамының алуан түрлілігі – компанияларды тұрақты, ал салаларды бәсекеге қабілетті етеді. Біз әйелдердің еңбек әлеуетіне неғұрлым көбірек инвестиция салсақ, соғұрлым ұлттық экономикамыз да берік іргеге ие болады», — деп қорытындылады өз сөзін Гүлзира Атабаева.

Ол сондай-ақ жастарды, әсіресе жас қыздарды техникалық және жұмысшы мамандықтарға қызығушылық танытуға, өздерінің әлеуетін дәл осы бағытта дамытуға шақырды. Оның пікірінше, еңбек нарығындағы заманауи үрдістер – бұл әрбір азаматқа, оның ішінде әйелдерге де, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын тарихи сәт.