Еліміздің кәсіподақ жүйесіне сүбелі үлес қосқан ардагерлерді еске алып, олардың еңбегін құрметтеу — бәріміздің парызымыз. Сол ардагерлердің бірі — Тоқтарбай Балықбайұлы, 1946 жылы туған, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақ Ардагері» және бірнеше мемлекеттік наградалардың иегері.
— Еңбек жолымды әскер қатарынан оралған соң, қарапайым жүргізуші ретінде колхозда бастадым. Кейін жабдықтау бөлімінің меңгерушісі, одан соң облыстық деңгейдегі түрлі мекемелерде басшылық қызметтер атқардым. 2009 жылы зейнеткерлікке шықтым. Осы аралықта кәсіподақ құрамында 44 жыл бойы еңбек еттім. Бұл жылдар мен үшін үлкен өмір мектебі болды, — дейді ардагер.
Тоқтарбай Балықбайұлының айтуынша, Маңғыстау өңірінде кәсіподақ қозғалысының нақты жүйеге түсуі 1973 жылдан басталады. Сол жылы облыстық кәсіподақтар кеңесінің алғашқы төрағасы болып Тоқтар Шуйншалиұлы сайланып, кәсіподақ ұйымдарын әр салаға бөліп, салалық құрылымдарды қалыптастырған.
Кәсіподақ ұйымдарының бір орталықтан үйлесімді жұмыс істеуі үшін Ақтау қаласының 8-шағын ауданында арнайы «Кәсіподақтар үйі» салынды. Бүгінде сол ғимаратта салалық, жергілікті және аумақтық кәсіподақ ұйымдары өз қызметін жалғастырып келеді.
— Кеңес Одағы тұсында кәсіподақ ұйымдарының рөлі өте жоғары болатын. Мәселен, халық үй немесе көлік алатын болса, кәсіподақтың көмегіне жүгінетін. Тіпті мекеме басшылары кез келген маңызды шешімді қабылдар алдында кәсіподақ ұйымының пікірін ескеретін. Сол кезеңде облыстық кәсіподақ басшысы болған Тоқтар Шуйншалиұлының еңбекші халық үшін сіңірген еңбегін көзіммен көрдім. Ол кісі ауылдарға, совхоздарға өзі барып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, облыстық деңгейде мәселе көтеріп, шешуге тырысатын. Түзету мекемелерінен босаған азаматтарға дейін кәсіподақ арқылы жұмыс табатын, — деп еске алады ардагер.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін кәсіподақ жүйесі де жаңа жағдайға бейімделе бастады. Жекешелендіру жүргізіліп, заңнама өзгерді. Енді кәсіподақтар жұмыс берушіге талап қойып, келісімге келмеген жағдайда мәселе сот арқылы шешілетін болды. Кей кездері еңбеккерлер өз құқықтарын қорғау үшін ереуілге де шығатын. Соған қарамастан, кәсіподақ ұйымдары өз миссиясынан айныған жоқ.
— Қазіргі таңда облысымызда кәсіподақ ұйымдары бірнеше салалық бағытта жұмыс істеп жатыр. Бұл — дұрыс қадам. Бірақ менің ойымша, олар бір-бірімен тығыз байланыста, бір мақсатта, бір мүдде аясында жұмыс істеуі қажет. Жастарға айтарым — кәсіподақ қозғалысына белсене араласыңыздар. Еңбек адамын қорғау, оның құқықтарын қорғау — аса маңызды міндет. Кәсіподақ мүшелері арасында бірлік пен түсіністік болса ғана ұжым ішінде бейбіт, әділетті қарым-қатынас орнайды, — дейді Тоқтарбай Балықбайұлы.
Бүгінде ардагер облыстық аумақтық кәсіподақ бірлестігінің жұмысын жіті бақылап, әлеуметтік желілер арқылы қолдау білдіріп отырады. Жас буынға өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, кәсіподақ қозғалысының қадір-қасиетін ұқтыруды мақсат етеді.
— Қазіргі кәсіподақ ұйымдарының жұмысына жоғары баға беремін. Әлі де ел игілігі жолында аянбай қызмет ете беретініне сенемін, — деп жылы лебізін білдірді ардагер.