Бүгін Спорт күні мерекесі қарсаңында «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ Абай облыстық филиалы мен Абай облыстық кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен спорт саласының ардагерлеріне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты жиынға Абай облысының спорт және дене шынықтыру басқармасы, облыстық кәсіподақ орталығы мен салалық кәсіподақ ұйымының өкілдері, сондай-ақ спорт саласына еңбегі сіңген ардагерлер қатысты.
Шараны Абай облысы спорт және дене шынықтыру басқармасының бас маманы Меруерт Аженова ашып, спорт ардагерлерін мерекемен құттықтап, олардың ел спортының дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ол ардагерлерге зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасына амандық тіледі.
Абай облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының міндетін атқарушы Ержан Разбеков өз сөзінде ардагерлер жолын жастарға үлгі ету – маңызды міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл игі шара жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын табатынын жеткізді. Осы орайда орталық атынан бірқатар спорт ардагерлеріне Алғыс хаттар табысталды. Олар — ел спортының дамуына елеулі үлес қосып, талай жасқа үлгі бола білген азаматтар: Ахмет Каскабасов – жеңіл атлетикадан онсайыс бойынша КСРО рекордсмені, еліміздің спорт тарихында өзіндік орны бар тұлға, Анатолий Сидельников – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері, ұлттық санаттағы төреші, Семей қаласындағы спорттық қозғалыстың негізін қалаушы және денсаулық тобының ұйымдастырушысы,Вера Губанькова – президенттік көпсайыстан бірнеше дүркін чемпион және жүлдегер, спорт шеберлігіне кандидат.
Салалық кәсіподақ филиалының төрайымы Гүлнәр Оразбекова спорт күнімен құттықтап, спортшыларға көрсетілетін құрмет – елдің абыройы мен беделінің көрінісі екенін айтты. Ол өз сөзінде жастардың халықаралық ареналарда жеткен жетістігі – аға буынның сіңірген еңбегінің жемісі екенін ерекше атап өтті.
Салалық кәсіподақ ұйымы да спорт саласына сүбелі үлес қосқан бірқатар ардагерлерді арнайы марапаттармен марапаттады.
Атап айтқанда, Анатолий Люшин – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері «Еңбек даңқы» төсбелгісімен;Бауыржан Жидебай – күрестен республикалық дәрежедегі төреші, КСРО спорт шеберіне кандидат, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы «Спорт саласындағы кәсіподақ үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Сондай-ақ:Тюлюгазы Турсенканов – бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО-ның 6-шы Спартакиадасының күміс жүлдегері;Иван Цыкунов – дзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері — екеуі де «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар:Павел Гурский – семсерлесуден КСРО спорт шебері;Сергей Лошкин – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ТМД құрамасының мүшесі, Паралимпиада ойындарының эстафеталық жарысының алтын медаль иегері, 30 шақырым қашықтықта күміс жүлдегер, шаңғы жарысынан екі дүркін әлем чемпионы, биатлоннан Паралимпиада чемпионы, ҚР ұлттық құрамасының мүшесі — Құрмет грамотасымен марапатталды.
Светлана Алимбаева – шаңғы жарысы, роликті шаңғы және жеңіл атлетикадан ардагерлер арасындағы Қазақстан чемпионы және жүлдегері;Надия Чотчаева – шаңғы жарысынан ҚР спорт шеберлігіне кандидат, «Спартак» РС және Бүкілқазақстандық кәсіподақ спартакиадасының жеңімпазы — екеуі Алғыс хатпен марапатталды.
Мейрбек Акишбаев – марафондық жүгіруден КСРО-ның тұңғыш спорт шебері, ҚР құрамасының мүшесі, «Еңбек» ерікті спорт қоғамы орталық кеңесінің жеңіл атлетика чемпионы;Даурбай Таукенов – тоғызқұмалақтан ҚР жоғары санатты жаттықтырушысы, ұлттық және үстел ойындарының (дойбы) дамуына үлес қосқан — екеуі филиал грамотасымен марапатталды.
Кездесу барысында ардагерлер өздерінің спорт жолындағы жетістіктері мен сол жолдағы қиындықтары туралы бөлісіп, жастарға рух беретін тағылымды естеліктер айтты.
Спорт ардагері Вера Губанькова көрсетілген құрмет пен ұйымдастырылған шынайы кездесу үшін алғысын білдірді.
Шараның көркін Абай атындағы музыкалық драма театрының әншісі Бекзат Омашевтың орындауындағы халық әндері аша түсті.