Атырау кәсіподақтары: Уақыт сынынан өткен ұйым

1990-1995 жылдары елімізде реформалар жүріп жатты. Осы кезеңде Атырау облысында көптеген мекемелер мен өндіріс орындарының жабылуы, кәсіподақ мүшелерінің азаюына байланысты кәсіподақ комитеттерінің жағдайы саябырлап қалды. Кейбір кәсіподақ белсенділері мен бастауыш ұйымдардан аудандарда кәсіподақ кеңестерін құру туралы ұсыныстар түсті. 1995 жылы облыстық кәсіподақтар екі конференция өткізіп (салалық кәсіподақтарды қолдаушылар, қала, аудандық кеңестерді қолдаушылар), облыс кәсіподақтар өмірінде Қос одақаралық орган болып екі жылға жуық жұмыс жасады. 1997 жылы бұл екі орган қосылып, облыс кәсіподақтары өз қалпына келді. 1992 жылға дейін 12 бөлімі, 50 шақты қызметкері бар, жиырмаға тарта автокөлігі бар шаруашылық қысқарып, барлығы 5 қызметкер қалды.

Қазіргі кезеңде облыстық Кәсіподақтар орталығы, салалық кәсіподақтар тарапынан көрсетіліп отырған кең қолдаудың нәтижесінде біраз жетістіктерге қол жеткізуде. Облыстық үш жақты келісім шартты, екі жақты келісімдер мен ұжымдық шарттарды қабылдау, олардың орындалуы туралы комиссиялар жұмыстарына белсенді түрде қатысу, ұсыныс-пікірлерін батыл, әрі табанды түрде әртүрлі деңгейде білдіріп отыру, республика көлемінде өткізіліп жатқан көптеген акцияларға қолдау көрсетіп, қатысу, көптеген мәдени көпшілік шаралар өткізу, облыс, елміз бойынша атқарылып жатқан тағы да басқа жұмыстарға белсенді түрде атсалысып келеді. Облыстық Кәсіподақтар орталығы салалық кәсіподақтармен бірлесе отырып халқымыздың әл-ауқатының артуы, ел экономикасын нығайту, бір сөзбен айтқанда кәсіподақ мүшесіне мықты қорған болу үшін еңбектенуде.

Қазір Атырау облыстық Кәсіподақтар бірлестігі – өз қатарына 83 мыңдай кәсіподақ мүшесін біріктірген 670 бастауыш ұйымнан құралады.Олар мұнай мен газ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және басқа да халық шаруашылығының 11 салалық кәсіподақтар ұйымдарының басын біріктіріп отырған аймақтағы ірі қоғамдық бірлестік.

Облыстағы еңбек етуге қабілеті бар тұрғындардың 33 проценті кәсіподаққа мүше. Бұл – үлкен күш.Кәсіподақ мүшелері құрамын әрмен қарай толықтыра түсуге мол мүмкіндіктер де бар.Бірнеше мыңдаған адам қызмет ететін «Теңізшевройл», оның қосалқы мердігерлерінде, сол сияқты құрылыс компанияларында кәсіподақ мүшелерінің саны тым аз.Салалық кәсіподақтардың да басты мұраты, негізгі мақсат-мүддесі – еңбек ұжымдарындағы  тұрақтылықты сақтау, жұмысшы мен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақты байланыс орнатуға тиісті.Кәсіподақтардың негізгі тыныс-тіршілігінің ең алдыңғы шебі – еңбек ұжымдарында, бастауыш кәсіподақ ұйымдарында.

Атырау өңірі негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша донор ретінде елімізде көшбастаушылар қатарында келеді.Бұрынғы жылдармен салыстырғанда халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары едәуір жақсарды.Күні бүгін облыста 3 мыңға жуық ұжымдық шарт тиімді жұмыс жасайды.Демек, мұның бәрі адами капиталды дамыту мен ұлғайтуға бағытталған.Ұжымдық шарт негізінде әлеуметтік әріптестік арқылы қызметкерлердің тұрмыстық әл-ауқатын көтеру – ұйымның басым бағыттарының бірі. Еңбек адамының мүддесін қорғап, кәсіподақ қозғалысын дамытуға барынша үлес қосып жүрген сала белсенділері мен ардагерлері Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының түрлі деңгейдегі марапаттарына ие болып жүр.