Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының құқықтық жұмыс, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева Түркістан қаласының бірқатар білім беру ұйымдарында қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізді.
Бұл қоғамдық бақылаудың басты мақсаты – білім беру ұйымдарындағы еңбек қатынастарының заңдылығын қамтамасыз ету, ұстаздар мен қызметкерлердің әлеуметтік-құқықтық кепілдіктерін қорғау және еңбек қауіпсіздігін сақтауды күшейту болып табылады.
Аталған іс-шараға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла, ұйымның заңгері Ермахан Тлепберген, маман Бахтияр Абдураимов, Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Диана Турманова қатысты.
Қоғамдық бақылау Түркістан қаласы білім бөлімінің №34 жалпы білім беретін мектебі және «Келешек» санаторлық бөбекжай-бақшасы» КММ мекемелерінде өтті.
Бақылау барысында мекемелердегі еңбек заңнамасының сақталуы, ұжымдық шарт талаптарының орындалуы, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік кепілдіктердің қамтамасыз етілу деңгейі жан-жақты зерделенді.Әсіресе педагогтердің құқықтарын қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту, әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктердің уақытылы берілуіне баса назар аударылды.
Сонымен қатар, Райхан Қыдырбаева мекеме басшыларына, кадр және бухгалтерия бөлімдерінің қызметкерлеріне еңбек заңнамасының нормалары, ұжымдық шарттардың орындалуы, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету, еңбек дауларының алдын алу мәселелері бойынша жан-жақты кеңес берді.ч