«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалы да жылдағы дәстүр бойынша республикалық «Мектепке жол» акциясына қатысты.
Салалық кәсіподақ бүгін Кәсіподақтар үйінің мәжіліс залына жиналған аймақтағы емдеу-сауықтыру мекемелеріндегі әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы, жалғызбасты және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған қызметкерлерінің балаларына әсерлі де көңілді сәттер сыйлады.
Шараны ашқан облыстық филиал төрағасы Майра Кашкенова балалар мен ата-аналарын алдағы келе жатқан жаңа оқу жылымен шын жүректен құттықтады.Ол жыл сайын ұйымдастырылатын бұл қайырымдылық акциясы әр баланың білім алу құқығын қамтамасыз ететіндігін жеткізді.Әлеуметтік қолдауға мұқтаж оқушыларға қаржылай және материалдық көмек көрсетуді жалғастырып келе жатқан облыстық филиал бұл жолы 35 оқушының әрқайсысына 40 мың теңгенің сертификаты табыстады.
«Мектепке жол» акциясы аясында балаларға тәттілер үлестірілді.Кішкентай қонақтар аниматорлардың өнерін тамашалап, мәз-мейрам болысты.Өз кезегінде ата-аналар «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Тұрланқызына шынайы ризашылық білдіріп, алғыстарын жаудырды.