ҚРКФ-ның жаңа стратегиясы: Бас кеңес Съезд шешімдерін жүзеге асыруға кірісті

22 тамыз, жұма күні Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінің отырысы өтті. Онда кәсіподақ күн тәртібінің негізгі мәселелері, соның ішінде алқалы органдар құрамының жаңартылуы, сондай-ақ гендерлік және жастар саясатына енгізілген өзгерістер қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасарлары сайланды: бірінші орынбасары – Мұхтар Тінікеев, орынбасарлар – Біржан Нұрымбетов, Гүлнәр Жұмагелдиева және Нұрлан Өтешев.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жаңа басшылық құрамының кәсіптік ортадағы жоғары беделін, сондай-ақ олардың кәсіподақ қозғалысының ерекшеліктері мен кәсіподақтар алдында тұрған негізгі сын-қатерлерді терең түсінетіндігін ерекше атап өтті.

Бас кеңес сондай-ақ Федерацияның орталық аппаратының өкілдері мен салалық және аумақтық кәсіподақ ұйымдарының көшбасшыларын қамтитын Атқару комитетінің жаңа құрамын сайлады.

Одан әрі Бас кеңес мүшелері бұрын Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссия ретінде жұмыс атқарған ҚРКФ-ның Гендерлік комиссиясының қызметіне қатысты мәселелерді қарады.

ҚРКФ Төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева жаңартылған органның мақсаттары мен міндеттері туралы егжей-тегжейлі айтып берді, сонымен қатар 2025-2030 жылдарға арналған Федерацияның Стратегиясына сәйкес әзірленген жаңа Ереженің жобасын таныстырды.

Гүлнар Жұмагелдиева өз сөзінде атап өткендей, комиссия бірнеше негізгі бағыттар бойынша жұмыс істейтін болады.Бұл, ең алдымен, әйелдер құқығын қорғау – еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, жынысы бойынша кемсітушілікке жол бермеу.Сонымен қатар, еңбек жағдайларын жақсартуға, соның ішінде еңбекті қорғау, еңбек және демалыс режимі, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Маңызды басымдық – ана болуды қолдау, оның ішінде жүктілік және босану кезінде әйелдердің құқықтарын қорғау, еңбек пен отбасылық міндеттерді біріктіру мүмкіндігін қамтамасыз ету.

Гендерлік комиссия қызметінің тағы бір маңызды бағыты әйелдердің теңдігі мен кәсіби өсуіне жәрдемдесу болады.

Сонымен қатар, Бас кеңес мүшелері ҚРКФ «Келешек» Жастар кеңесі туралы жаңа Ережені бекітті, сондай-ақ жастар саясатын дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындады.

ҚРКФ Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Ереже жас мамандармен, студенттермен және жалпы кәсіподақ жастарымен жұмыс істеуге заманауи көзқарасты қалыптастыратынын баяндады.

Кеңес салалық және аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің өкілдерін, студенттерді, жас жұмысшыларды және digital – цифрлық белсенділерді біріктіретін ҚРКФ жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде әрекет етеді.

Нұрлан Өтешев «Келешек» Кеңесі қызметінің негізгі бағыттарының қатарында цифрлық сауаттылықты дамыту, жастарды стандартты емес жұмыспен қамту мәселелері бойынша күн тәртібіне тарту, климаттық әділеттілік тақырыптарын ілгерілету, халықаралық бағдарламаларға қатысу, жастар мәселелерін ұжымдық шарттарға біріктіру, волонтерлік және әлеуметтік жобаларды қолдау мәселелеріне ерекше тоқталды.

Әріптестерінің сөздерін қорыта келе, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жастар бастамаларын қолдау мен ілгерілетудегі кәсіподақтардың айрықша рөлін атап өтті.

«Біздің қатарымызда жастардың, жарқын, жігерлі көшбасшылардың пайда болып жатқаны қуантады. Олар кәсіподақ қозғалысының туын алға апаруға дайын. Жақында Қарағандыда бір шахтада ұрпақ алмасу үдерісін өз көзіммен көрдім – ардагерлердің орнына жас, ынталы ұжым келді. Бұл – біздің дұрыс бағытта келе жатқанымыздың жарқын дәлелі. Жастар – бұл болашақ қана емес, бұл – қазіргі уақыт. Біздің міндетіміз – жастарды қолдау, олардың өзін көрсетуіне мүмкіндік беру, көшбасшылық қасиеттерін дамыту және оларды әрбір кәсіпорынның әлеуметтік-еңбек өміріне тікелей әсер ететін шешім қабылдау процесіне тарту.

Біз кәсіподақ елшілері институтын құруды жоспарладық – олар біздің құндылықтарымызды ұжымдарда, қоғамда және тіпті ел шеңберінен тыс жерде де насихаттайтын жас көшбасшылар болады. Бұл – ынтымақ пен әлеуметтік әділеттілік идеяларының ұрпақтан ұрпаққа берілуінің кепілі. Сонымен қатар, біз халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеміз, ХЕҰ мен ХКК бағдарламаларына қатысамыз, жас мамандарымыз үшін жаңа мүмкіндіктер көкжиегін кеңейтудеміз», – деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше, кәсіподақтар мен жалпы қоғам үшін кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің есімін есте сақтау мен оларға құрмет көрсету – ерекше маңызды міндет.

«Биыл біз Қазақстан кәсіподақтарының 120 жылдығын атап өтудеміз. Бұл – тек мерекелік шаралар мен салтанатты рәсімдерді ғана емес, ардагерлерімізге нақты қолдау көрсетуді қажет ететін маңызды оқиға. Көптеген ардагерлеріміз осы қозғалыстың негізін қалап, бүгінгі кәсіподақ жүйесінің іргетасын қалаған жандар. Біз олардың еңбегін құрметтеуіміз, тұрмыстық және әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесуіміз қажет. Бұл – біздің қасиетті борышымыз әрі алғысымыздың белгісі», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Өз сөзінің соңында Сатыбалды Дәулеталин әріптестерін қабылданған бастамаларды белсенді жүзеге асыруға шақырды.

«Тұрақтылық – кәсіподақ қозғалысын әрі қарай дамыту мен Еңбек адамының мүдделерін алға жылжытудың негізі. Маңызды нәтижелерге қол жеткізу үшін біз жүйелі жұмыс істеуіміз қажет. Гендерлік комиссияның құрылуы, Жастар кеңесінің Ережесін бекіту – бұл жай ғана формалдық емес, нақты өзгерістерге қол жеткізуге арналған құралдар. Олардың қаншалықты тиімді жұмыс істейтіні әрқайсымызға байланысты. Бізде үлкен жетістіктерге жететін әлеует бар. Біздің миссиямыз – әрбір жұмыскерге лайықты еңбек, әділ қорғау және даму мүмкіндігін қамтамасыз ету. Осы міндет үшін бәріміз жауаптымыз», – деп қорытындылады ҚРКФ Төрағасы.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Медиаорталығы