Абай облысында жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

Абай облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Су және ойын спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ ұжымы өздерінің бастауыш кәсіподақ ұйымын құрып, құрамына 41 қызметкерді біріктірді. Жаңа ұйым Қазақстандық  салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің  кәсіподағы Абай облыстық филиалы құрамына кірді.

Салалық кәсіподақ филиалының төрағасы Гүлнар Оразбекова мен облыстық кәсіподақтар орталығының заңгері Ержан Разбеков жаңа құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Злиман Кұндықпаевамен кездесу өткізді. Жиын барысында Ұжымдық келісім-шарт пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Кездесу аясында заңгер Ержан Разбеков ұжымдық келісім-шарттың маңызды тармақтарына тоқталып өтті. Ол еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шарты негізінде реттелетінін, сондай-ақ жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы жауапкершілік деңгейі осы құжат аясында айқындалатынын атап өтті.

Сонымен қатар, заңгер ұжымдық келісім-шартта жұмыс беруші тарапынан қызметкерлерге ақылы еңбек демалысы ұсынылатынын және демалыс кезеңінде барлық санаттағы қызметкерлерге, соның ішінде біліктілігі жоқ жұмысшыларды да қоса алғанда, бір айлық жалақы көлемінде сауықтыру жәрдемақысы төленетіні қарастырылғанын айтты.

Ерекше назар аудартқан жайт – ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аймақтарда тұратын және еңбек ететін қызметкерлерге «зардап шеккен адамның куәлігінің» бар-жоғына қарамастан, оның ішінде 1991 жылдан кейін туғандарды қоса алғанда, жыл сайын қосымша ақылы демалыс берілетіні болды. Бұл демалыс ұзақтығы «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңының 13-бабына сәйкес анықталады.

Кездесу соңында Салалық филиал төрағасы Гүлнар Оразбекова Қазақстан кәсіподақтар ұйымының биыл 120 жылдығын атап өтетінін, бұл ұйым – терең тарихы бар, мол тәжірибе жинақтаған, еліміздегі еңбек адамдарының құқығын қорғайтын беделді құрылым екенін айтты. Сонымен қатар, ол филиалдың бүгінгі күнге дейін атқарып келген жұмыстары туралы ақпарат беріп, жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымына сәттілік пен табыс тіледі.