2025 жылғы 27 тамыз, сәрсенбі күні бейнебайланыс арқылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Тексеру комиссиясының ұйымдастыру отырысы өтті.
Отырыс барысында сөз сөйлеген ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүшелік ұйымдарының қызметінің ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
«Тексеру комиссиясы — ҚРКФ мен оның мүшелік ұйымдарының қаржылық-шаруашылық қызметіне қадағалау жасайтын негізгі бақылаушы орган.Ол мүшелік жарналардың түсуін, қаражаттың тиімді жұмсалуын, мүліктің пайдаланылуын, сондай-ақ Жарғы мен басқарушы органдардың шешімдерінің орындалуын тексереді.Жаңартылған құрамдағы Тексеру комиссиясына кәсіподақтарымыздың қызметін ашық жүргізу бойынша үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр», — деді Мұхтар Тінікеев.
Отырыста Тексеру комиссиясының төрағасы сайланып, жұмыс жоспары талқыланды.Комиссия мүшелерінің бірауыздан қабылдаған шешімімен Марат Ахметбеков Тексеру комиссиясының төрағасы болып сайланды.
Сонымен қатар, Тексеру комиссиясы мүшелерінің алдына кәсіподақ ұйымдарының қаржылық-шаруашылық қызметін бақылау, оның ішінде кәсіподақ Жарғысының сақталуын және съезд пен басқа да басқарушы алқалық органдар шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар міндеттер қойылды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Медиаорталығы