Астана қаласындағы білім беру қызметкерлері Кәсіподағының даму жолы

Мұғалімдердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жолындағы күресте маңызды кезеңдердің бірі — 2000 жылы өткен конференция. Дәл осы жиында Астана қаласындағы білім қызметкерлерінің «Әділет» қоғамдық бірлестігін құру туралы шешім қабылданған болатын. Бұл бастама аясында қалалық кәсіподақ дербес ұйым ретінде құрылып, өзінің жаңа тарихын бастады.

«Әділет» кәсіподағының басты мақсаты – білім саласындағы қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, еңбек құқықтарын қорғау және жұмыс ортасын оңтайландыру. Қоғамдық бірлестік құрамына енген бастапқы кәсіподақ ұйымдары оның ішкі құрылымын қалыптастырды. Ұжымдарда кәсіподақ комитеттері сайланып, олардың құрамы қызметкерлердің жалпы жиналысында бекітілді.

Кәсіподақтың жұмысы педагогтер мен білім беру саласы қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыруға бағытталды. Жұмыс және демалыс жағдайларын жақсарту, салауатты өмір салтын насихаттау, ұжымда жағымды моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру — басты басымдықтардың бірі. Ұйым мен әкімшілік арасындағы өзара әрекеттестік әлеуметтік әріптестік қағидаттарына негізделіп, ұжымдық шарттар жасасу арқылы жүзеге асырылды.

2022 жылдың желтоқсанында Астана қаласының Білім басқармасымен келісілген 2023–2025 жылдарға арналған жаңа Өңірлік келісім кәсіподақ жұмысына тың серпін берді. Бүгінде осы келісім аясында 230 ұжымдық шарт жасалып, олардың негізінде педагогтер мен өзге де қызметкерлердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері қамтамасыз етілуде. Бұл шарттар елордадағы 22 790 қызметкерді қамтып отыр, бұл – жалпы қызметкерлер санының 84,09 пайызы.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, Өңірлік келісім Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде тіркеліп, мониторингтен өтеді. Ал ұжымдық шарттар жергілікті еңбек инспекциясында рәсімделеді.

Кәсіподақ жұмысының басым бағыттарының бірі – педагогтердің еңбекақысы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында мұғалімдердің жалақысын төрт жыл ішінде екі есе арттыру туралы тапсырма берген болатын. Бұл тапсырма кейінірек Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ресми түрде жарияланды.

Нәтижесінде, 2020 жылдан бастап педагогтердің жалақысы 100 пайызға артты. Бұл бастама білім беру жүйесіне білікті кадрларды тартуға және педагогтердің әлеуметтік мәртебесін көтеруге үлкен серпін берді.

Елордадағы Білім беру ұйымдарының халықаралық ынтымақтастық аясында өзара тәжірибе алмасуы – сапалы серіктестіктің кепілі.

Білім беру саласындағы кәсіподақ ұйымдарының халықаралық ынтымақтастығы жылдан-жылға нығайып келеді. Достық қарым-қатынасты дамыту және өзара тиімді әріптестікті ілгерілету мақсатында Астана қаласының білім саласы кәсіподағы Минск және Мәскеу қалаларының білім беру кәсіподақтарымен екіжақты ынтымақтастық туралы Меморандумдарға қол қойды.

Құжат аясында тараптар кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғаудағы тәжірибе алмасу, жарияланымдар мен әдістемелік материалдарды қолдану, бірлескен жобалар әзірлеу, семинарлар мен форумдарға қатысу, сондай-ақ делегациялармен өзара іссапар ұйымдастыруға уағдаласты.

Меморандум шеңберінде кәсіподақ қозғалысын дамытуға бағытталған бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі — жас педагогтерге арналған «Байланыс орнат! Жаса! Қолдан!» атты халықаралық педагогикалық шеберханалар фестивалі. Бұл жобаның бастамашылары — Мәскеу қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы мен Мәскеудің жас педагогтер қауымдастығы.

Аталған фестиваль жас мамандардың кәсіби дамуына қолдау көрсету, шығармашылық идеяларын жүзеге асыру және шетелдік әріптестерімен байланыс орнатуына үлкен мүмкіндік береді.

2023 жылдың мамыр айында Астана қаласында алғаш рет халықаралық деңгейдегі кәсіподақ конференциясы өтті. Жиынға Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдерінің астаналық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты. Конференция аясында қатысушылар білім беру саласындағы кәсіподақ жұмысының түрлі бағыттары бойынша тәжірибе алмасып, ортақ жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Астанада өткен бұл алқалы жиын халықаралық кәсіподақтық ынтымақтастықтың жаңа белесіне айналды. Ендігі кезекте, тараптар өзара байланыстарды тереңдетіп, білім беру саласындағы қызметкерлердің құқықтарын қорғау мен әлеуметтік қолдау жүйесін нығайту бағытында тығыз жұмыс жүргізуге ниетті.

Бүгінде Батыр Әлиев төрағалық ететін Астана қаласының білім беру қызметкерлерінің кәсіподағы – мұғалімдердің құқығы мен абыройын қорғап, ел ертеңінің іргесін қалауға атсалысып жүрген ұйым ретінде жұмысын табысты жалғастыруда.