Сыр өңіріндегі кәсіподақ қозғалысының ресми дамуы 1949 жылдан бастау алды. Сол жылы Қазақстан Кәсіподақтар Кеңесінің ұсынысы бойынша Кәсіптік одақтардың Бүкілодақтық орталық кеңесі Қазақстанда 4 облыстық кәсіподақтар Кеңесін қайта құруға рұқсат берген.
1950 жылдың 20-21 наурызында бірінші Қызылорда облыстық Кәсіподақтар конференциясы өтіп, кәсіподақтар Кеңесінің төрағасы болып Шәменов Мөрәлі сайланған.
Шәменов Мөрәлі-1916 жылдың наурыз айында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы «Коммунизм» колхозында дүниеге келген.М.Шәменов өз еңбек жолын 1933 жылдан мектепте оқытушылық қызметтен бастап, 1939 жылы Кеңестік Армия қатарына шақырылғанға дейін учаскелік гидротехник, почта бөлімінің меңгерушісі жұмыстарын атқарған.Ұлы Отан соғысының жауынгері, соғыс басталған кезеңде жай сарбаздан, взвод командиріне дейін көтерілген. Соғыс жылдарынан кейін М.Шәменов Қызылорда облыстық партия комитетінде нұсқаушылық қызметке қабылданған.
1950 жылы наурыз айында жаңадан құрылған облыстық кәсіподақтар Кеңесіне алғашқы төраға болып сайлан уақытта алғашқы Кеңесте 7 адам жұмыс жасаған, 33 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі болған.Құрылымда 28 кәсіподақ ұйымы, 21 кәсіподақ топтары жұмыс атқарған.Бұл кезең соғыс жылдарынан кейінгі бесжылдық жоспарды ойдағыдай орындап, халық шаруашылығын қалпына келтіруде кәсіподақтың жаңа табысқа жету уақыты болды.
Соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдарда кәсіподақтар 3 стадион, 217 аулалық спорт алаңы, спортзалдарды иемденген.Сондай-ақ 9 еркін спорт қоғамдары жұмыс істеп, 7 мыңнан астам адамды қамтыған. Салалық 8 облыстық кәсіподақ комитеті құрамында болған. Қызылорда облысындағы кәсіподақ қозғалысының алғашқы кезеңдері кәсіподақ ұйымдарының өңірлік әлеуметтік-экономикалық дамудағы елеулі рөлін және еңбек адамына көрсетілген жан-жақты қолдауды дәлелдейді.