Тарих үні: ардагер ұстаз-Панайотиди Софья Георгиевна

Кентау қалалық кәсіподақ комитеті осы орайда -Панайотиди Софья Георгиевнадан арнайы сұхбат алды. Панайотиди Софья Георгиевна – Түркістан облысы, Кентау қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы жалпы білім беретін мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып 40 жыл  қажырлы еңбек еткен, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан, ардагер ұстаз. Оның бүкіл еңбек жолы жас ұрпақты тәрбиелеу мен ұстаздардың құқықтарын қорғауға арналды.

Ұстаз ретінде ол тек білім берумен шектеліп қалған жоқ. Мектеп қабырғасында жүріп, кәсіподақ ұйымының жұмыстарына белсене араласты.Ұжымдағы әріптестерінің әлеуметтік жағдайын, еңбек құқықтарының сақталуын, әділетті шешім қабылдануын назарда ұстады. Әріптестерінің сөзін сөйлеп, мұңын тыңдап, кәсіподақ ұйымының шынайы тірегіне айналды. Софья Георгиевнаның айтуынша, кәсіподақ – бұл жай ғана ұйым емес, ұстаздарға нақты қолдау көрсететін, құқықтарын қорғайтын және әлеуметтік әділдікке жол ашатын сенімді тірек.

Панайотиди Софья Георгиевна – бастауыш сынып мұғалімі ретінде бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, өмірге жолдама берген. Сансыз шәкірттерінің ішінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет етіп жүрген азаматтар бар.Оның оқушылары жыл сайын мектепішілік, қалалық, облыстық, тіпті республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, ұстазының мерейін үстем етті. Бұл – кәсіби біліктілік пен ұстаздық жүректен туған табандылықтың нәтижесі екені сөзсіз. Оның өткізген сабақтары, қолданған әдістемелері мен инновациялық тәсілдері әрдайым өзекті болып, қалалық және облыстық семинарларда үлгі ретінде ұсынылып отырды.Жас мамандар оның тәжірибесінен үйреніп, педагогикалық шеберлігін өздеріне үлгі етті.Ол – тек білім беріп қана қоймай, тәрбиелеу мен тұлға қалыптастыруда терең із қалдырған ұстаз.

Бүгінгі таңда осындай ардагерлердің өмірлік жолын дәріптеу – тарихи әділеттілік пен ұрпақ алдындағы борыш.Себебі мұндай азаматтардың еңбегі, белсенділігі мен адалдығы – жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін, азаматтық ұстаным қалыптастыратын маңызды құндылық.Біз тек сұхбат жүргізіп қана қоймаймыз, сонымен бірге тұтас бір кезеңнің, бір ұрпақтың тыныс-тіршілігін, қоғамдық көзқарасын, кәсіподақ ұйымының шынайы мәнін болашаққа жеткіземіз.Софья Георгиевна сынды ұлағатты ұстаздар – елдің рухани байлығы, еңбек мәдениетінің айнасы. Осындай тұлғалардың еңбегін бағалап, тарихын ардақтау – бүгінгі ұрпақтың басты міндеттерінің бірі.

Ұзақ жылғы еңбегі еленбей қалған жоқ.Еңбек еткен жылдары көптеген марапаттар мен алғыс хаттардың иегері атанған.Солардың ішіндегі ең маңыздысы – 2021 жылдың 2 желтоқсанында Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы.Сонымен қатар, 2024 жылы ардагер ұстаз ретінде Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталуы оның педагогикалық саладағы үздіксіз қызметіне, қоғамдық белсенділігіне және ұстаздық борышына адалдығына берілген жоғары мемлекеттік баға болды.