Тарих картасы: бәрі қалай басталды

Қазақстан кәсіподағы қозғалысына   – 120 жыл

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына – 35 жыл

Астана қаласының кәсіподақтар орталығына – 25 жыл

Қазақстанның елордасы Сарыарқа төрі – Ақмола қаласына көшкенде  кәсіподақ  ұйымдары ауызбіршілік жасап 2000 жылы Астана қаласы кәсіподақтары Кеңесін құрды. Астана қаласы кәсіподақтары Кеңесінің алғашқы төрағасы болып Сәрсенбай Бердалыұлы Мыңбаев сайланды.

Ол кезде елордамыздағы кәсіподақ қозғалысын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар күтіп тұрды.  Елорданың еңбекшілері өз конституциялық құқықтарын пайдалана отырып кәсіподақ қатарына кірулерін жалғастыра бастады.

Сәрсенбай Бердалыұлы Астана қаласы кәсіподақтары Кеңесін басқарған кезеңде  атқарушы және өкілетті органдар, жұмыс берушілер мен басқа да ұйымдар әріптес деп таныған органға айналды.  Алғашында Кеңес құрамына 45 мыңнан  астам кәсіподақ мүшелерінің басын қосатын 270 бастауыш кәсіподақ ұйымдары кірді.

Сәрсенбай Бердалыұлы 2011 жылдың маусымынан бастап осы қызметпен қоса Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары Федерациясы төрағасының орынбасары қызметін қоса атқарады. Кәсіподақта жұмыс атқарған кезде ол бастамашыл, қызметін нақты атқарушы, талапкершіл екенін көрсете білді, үнемі кәсіби және зияткерлік деңгейін көтеруге бағыттады. Әлеуметтік әріптестікті әрі қарай дамытуға, кәсіподақтардың қоғамдағы орны мен рөлін нығайтуға, қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға көп күш-жігерін салды.

Оның басшылығымен кәсіподақ қызметкерлерінің анықтама – сөздігі шығарылды. Тікелей басшылық жасап Қазақстан кәсіподақтарының Музейін ашты, көптеген тарихи құндылығы бар кәсіподақтарға байланысты тарихи құжаттар мен жәдігерлер тапты. Қазақстандағы кәсіподақтардың қозғалысы туралы көптеген мақалалар жариалады.

Өткен 25 жыл ішінде елорданың кәсіподақтары өз жұмысын еліміздегі кәсіподақ қозғалысын әрі қарай жандандыруға, әлеуметтік әріптестікті жетілдіруге, кәсіподақтардың бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтуға, құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз етуге, кәсіподақтар қозғалысының халықаралық ұйымдарымен байланысын күшейтуге бағыттағаны белгілі.

Осындай көптеген бірлескен іс-шаралар 2017-2020 жылдары аралығында Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағалығы қызметін атқарған Тастанбек Құтжанұлы Есентаевтың уақытында да көрініс тапты.

Тастанбек Есентаев кәсіподақтар саласындағы қызметінде еңбек адамының әлеуметтік-құқығын қорғаумен қатар, олардың салауатты өмір салтын ұстануына, жалпы ұлт саулығын нығайтуға қажырлы еңбек етті. Оның тікелей бастамасымен елордамызда «Салауатты жұмыс орындары» бағдарламасы енгізілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің қолдауымен, осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін әлеуметтік әріптестерге оның маңыздылығын түсіндіруде аянбай тер төкті.

2018 жылы оның бастамасы бойынша еңбек ұжымдарында дене шынықтыруды танымал етуге және қызметкерлердің денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған «Қазақстан кәсіподақтарының спорттық-сауықтыру қоғамдық қоры» құрылды.

Ал, 2019 жылы Тәуелсіз Қазақстан кәсіподақтарының тарихында тұңғыш рет еңбекшілердің бірінші Республикалық салааралық спартакиадасы өткізілді.

Қоғамдық қор шеңберінде Кәсіподақтар федерациясында елдің еңбек адамдары үшін әзірленген спорттық іс-шаралар күнтізбесі бекітілді. Осы бағытта өндіріс орындарында дене шынықтыру топтарын ашу жөнінде кездесулер ұйымдастырылып, жұмыс берушілер тарапынан «Салауатты жұмыс орындары» бағдарламасын қолдаушылар табыла бастады.

Қарапайым еңбек адамы – мемлекеттік тірегі. Солардың арқасында мемлекеттің экономикасы дамиды, жаңа зауыттар жұмыс істеп, жаңа техника мен технология іске қосылады. Жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы түптеп келгенде қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің көрсеткіші болып табылады. Осындай жәйіттерді ескере келе жұмысшыларға тек қана еңбек етуге жағдай жасамай, сонымен қатар олардың әлеуметтік мәселелерін уақтылы шешу үнемі кәсіподақтардың басты назарында.

Еңбек адамының мүддесін қорғауда Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы Кәсіподақтар федерациясымен үндесе отырып, өкілетті және атқарушы билік өкілдерімен, жұмыс берушілермен жиі кездесіп, олардың алдында түйінді мәселелерді ұсынумен қатар, шешу жолдарын да айтып отырады.

2021 жылдан бері Астана қаласы Кәсіподақтар орталығына Төлеген Нығыметжанұлы Күнәділов төрағалық етіп келеді. Бүгінде осы орталық елордалық кәсіподақ қозғалысының үйлестіруші күші ретінде тұрақты және нәтижелі жұмыс атқарып келеді.

 

Кәсіподақтар орталығы құрамында 107 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі бар, 520 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктірген салалық кәсіподақ филиалдарымен тығыз және үйлесімді байланыс орнатқан. Бұл – елорданың еңбек ұжымдарын қамтитын кең ауқымды әлеуметтік күш екенін көрсетеді.

 

Орталықтың негізгі мақсаты – еңбек қатынастарын өркениетті арнаға бағыттау. Осы орайда ұйым әлеуметтік әріптестікті дамытуға, жұмыс берушілер, жұмыскерлер мен мемлекет арасында сындарлы диалог орнатуға, еңбек нарығында әділдік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуде.

 

Кәсіподақтар орталығының жүйелі әрі мақсатты қызметі еңбек құқықтарының қорғалуы мен ұжымдық келісімдердің тиімді жүзеге асуына ықпал етіп отыр. Алдағы уақытта да бұл ұйым әділ еңбек қатынасын қалыптастыру мен әлеуметтік тұрақтылықты нығайту жолындағы жұмысын жалғастыра бермек.