«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесі мәжіліс залында кезекті отырыс өткізілді.
Жиында кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық тарихы, еңбек адамының қоғамдағы орны мен бүгінгі күннің өзекті мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесуде Бауыржан Алтеев сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінде қабылданған шешімдерге тоқталды. Ол еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, әлеуметтік әріптестікті нығайту, өндірістегі қауіпсіздікті арттыру сынды маңызды бастамаларды атап өтті. «Кәсіподақ – жұмысшының сенімді тірегі болуы тиіс», – деді ол.
Отырыс барысында Римма Садыкова кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарымен таныстырды. Жоспарға «120 ізгі іс» акциясы аясында жастар мен ардагерлердің бірлескен бастамалары, шеберлік сабақтары, көмекке мұқтаж еңбек ардагерлеріне қолдау көрсету, «Кәсіподақ – менің болашағым» атты эссе мен бейнероликтер байқауы, тарихи көрмелер мен «Біздің кәсіподақ тарихы» стендтері, сондай-ақ «Голоса истории» айдары арқылы ардагерлермен сұхбаттар жариялау сияқты бастамалар енгізілген.
Жиында Ермек Қаңлыбаев әлеуметтік әріптестік жөніндегі комиссия жұмысы туралы баяндама жасап, жалақының уақытылы төленуі, еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс орындарын ашу мәселелерінің үнемі бақылауда екенін атап өтті. Сондай-ақ ұжымдық шарттар жасасудың және жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы ынтымақтастықты арттырудың маңыздылығын жеткізді.
Кездесу барысында кәсіподақ қозғалысының тарихын зерттеу, архивтік материалдарды жинақтау, ардагерлердің еңбегін дәріптеу, еңбек әулеттерін үлгі ету және жастарға еңбек адамының қадір-қасиетін ұғындыру мәселелері де кеңінен қозғалды.
Сонымен қатар, 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күніне орай өңірде көрмелер, еңбек әулеттерімен кездесулер, салтанатты марапаттау рәсімдері өтеді. Бұл күні еңбек адамына алғыс білдіру мен олардың қоғамдағы рөлін дәріптеу басты мақсат болмақ.
Қатысушылар кәсіподақ қозғалысының болашағы жастардың белсенділігі мен еңбек адамына деген құрметке байланысты екенін ерекше атап өтті. Кәсіподақ – бұл тек тарих емес, ол бүгінгі күннің де, ертеңгі күннің де тірегі.